Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алғысқа бөленген ақ халаттылар

Алғысқа бөленген ақ халаттылар

Денсаулық сақтау саласының жүгін көтеріп келе жатқан Байтабын – емханада дәрігер-стоматолог, ал Гүлфарида – аудандық аурухананың оңалту бөлімшесінің меңгерушісі. Ақ халатты абзал жандар 25 жылдан бері аудандық денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етіп келеді.

Ерлі-зайыптыларды таныстырған да, табыстырған да – мамандық. Бір қызығы, екеуі де 6 жыл бойы бір жылдары Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтта оқыса да, бірін бірі көрмеген, білмеген. Олар оқуды бітіріп, дәрігер мамандығын алып, туған елге оралған соң ғана танысып, біліскен.

– Оқуды бітіріп келген жылы об­лыс­тық денсаулық сақтау басқар­масына барып, тіркелу керек болды. Ұмытпасам, 1998 жылдың тамыз айы болатын. Басқарма алдында бір топ жас дәрігерлермен таныстым. Араларында Сырдариядан қазіргі әріптестерім Аида Серікбаева, Жанар Жұмабаева, Байтабын Рүстемов те бар. Ал мен Шағанның тумасымын. Аудан орталығына оқушы кезімізде байқауларға, жарыстарға ұстаздарымызбен барғанымыз болмаса, Тереңөзекті біле бермеймін. Қолымызға жолдаманы алған соң сол күні аудан орталығына барып, бас дәрігерге жолығуымыз керек еді. Айтып кеткенімдей бұрын өз бетімше Тереңөзекке барып көрмегендіктен «енді қалай жетеді екенмін» деп тұрғанымда, танысып, біліскен құрбыларым ауданнан жедел-жәрдем көлігі келгенін айтып, барлығымыз бірге баратынымызды естіп, қатты қуандым. Болашақ жарыммен таныстығымыз сол кезден басталды. Байтабынның бас дәрігердің баласы екенін білдім. Сол күні бас дәрігер қазіргі қайны атам Рүстем Садықовтың қабылдауында болдым. Аурухананың терапия бөлімшесіне дәрігер болып қабылдандым. Байтабынмен таныстығымыз бір жылға ұласып, қыз бен жігіт болып жүрдік, – дейді отбасылық өмірдің бастауы болған қызықты жылдар жайлы дәрігер Гүлфарида Қайыпқызы.

Жауапкершілігі зор салада еңбек жолын бастаған жастар бір жылдан соң ерлі-зайыпты атанып, көңіл жарас­тырып, отау құрады. Қос дәрігердің арманы бір арнаға тоғысып, үлкен әулетке, дәрігерлер династиясына келін болған Гүлфарида өмірде де өнегелі отбасыға айналу үшін барын салады.

– Әкем ауданның денсаулық сақ­тау саласына еңбегі сіңген дәрігер, анам да өмір бойы медбике болған жан еді. Отбасымызда 6 бала өстік. Қазір үшеуіміз дәрігер болсақ, бір ағам мал дәрігері, арамызда екі мұғалім бар. Ата-анамыздың немерелері мен жиендерінің дені – дәрігерлер. Дәрігер мамандығына оқу кез келген адамға берілмейтін бақыт. Адам өміріне жауапты мамандықты меңгеру үшін ең ұзақ оқитындар да дәрігерлер. Осындай қиын да ұзақ жолдан өткен адам ғана дәрігер бола алады. Бізге ата-анамыз өте жақсы тәрбие берді, қазір әкеміз ортамызда отыр. Әлі күнге дейін әкемізден бағыт-бағдар сұрап, мамандығымыз бойынша, бала тәрбиесі туралы көп әңгімелесеміз, – дейді Байтабын Рүстемұлы.

Байтабын мен Гүлфарида жоғары санатты дәрігер атану жолында көп еңбек етті. Уақыт пен төзімділікті қажет ететін, адам жанының арашашысы болу оңай емес екенін ұғынды. Сондықтан бір-біріне қолдау білдіріп, сенім мен жауапкершілікті жоғары қойды. Мұндайда отбасылық түсіністік пен жарасымдылық ауадай қажет. Үйдегі қарт кісілердің жағдайын жасау мен қызмет бабын қатар алып жүру әйел адамға оңай емес. Гүлфарида ең алдымен ата-анасының берген тәрбиесінің арқасында өнегелі келін атанды. Рүстемовтер отбасындағы жарасымдылықтың сырын «мына жұмыс сенікі, мына жұмыс менікі» деген әңгіменің мүлдем болмайтындығында дейді. Барлық мәселені бірігіп шешу, үлкеннің кішіге қамқор болуы, қолғабыс етудің темірқазығы мықтап қаланған. Гүлфарида отбасылық құндылықты жоғары бағалап, алдына мақсат қойып, күнделікті тіршілікті дұрыс жоспарлауға дағдыланғаны – қызмет пен отбасын қатар алып жүруіне көмегін бергенін айтады.

Гүлфарида үшін ең алдымен отбасы, балаларының жақсы білім алуы мен тәрбиесі маңызды. Содан кейін қызметі екенін жасырмайды. Шын мәнінде ана болу бақыты әйелдерге берілген Тәңірдің сыйы. Сондықтан бала тәрбиесіндегі бар жауапкершілікті ана ғана сезінетіні де заңдылық. Қазіргі кезде балалардың аурушаң бо­луын өмір салтымен, дағдымен байланыстырады. Дұрыс тамақтану, уақытылы демалу, таза ауада серуендеуді балалар азайтқан. Ал оларды дұрыс жолға қойып, қалыптастыру ата-ананың және ұстаздардың – міндеті. Қаншалықты жұмысбасты болса да ата-ана балаларының мезгілімен тамақтануына мән беріп, баланың ортасын білуі тиіс. Қадағалау болмаған жерде бала білгенін істейді. Ұзақ уақыт ұялы телефонға телмірген баланың тәрбиесі бұзылады. Оның орнын бір мезгіл кітап оқумен алмастыруға және жақындарымен қарым-қатынас жасауға жұмсау әлдеқайда пайдалы екенін ұғындыру қажет.

«Ерлі-зайыптылардың бір салада жұмыс істеуі қиын емес пе» деген сауалымызға, қос дәрігердің «ешқандай қиын емес, қайта ортақ мәселені шешуге ойласып, пікір білдіруге керемет мүмкіндік, медицинамыз жетістікке жетіп, жақсы жаңалықтар болып жатса, онда бірлескен еңбегіміздің бар екеніне қуанамыз» деп жауап беруі – Гиппократ антына деген адалдығы деп білдік.

Ерлі-зайыптылардың 24 жыл бұрын неке қию рәсімінде бір-біріне өтірік айтпауға, ешуақытта ренжіспеуге уәде бергендері күні кешегідей естерінде. Уәдеге берік болуды өмірлік ұстанымдарына айналдырды. Аға буын дәрігер, сүйікті ата-ана болған Байтабын мен Гүлфарида бүгінде қарашаңырақтың иесі. Үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп, бір саланың жүгін арқалаған жандарға біздің көрсеткен құрметіміз ретінде насихаттауды жөн көрдік.

Бибісара ЖАНӘЛІ
20 қыркүйек 2024 ж. 696 0