Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданының бас дәрігері тағайындалды

Сырдария ауданының бас дәрігері тағайындалды

Кадрлық өзгерістерге байланысты Сырдария ауданының әкімі М.Ергешбаевтың төрағалығымен актив жиыны өтті. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазылов арнайы қатысып, Ж.Үсеновтің ауданның бас дәрігері лауазымына тағайындалғанын айтып, жаңа басшыны көпшілікке таныстырды.

Жиында аудан әкімі денсаулық сақтау саласын қолдау аудан дамуының басым бағыты екенін атап өтіп, жаңа басшыға қызметте жеміс пен абырой тіледі.

– Өздеріңізге белгілі, үлкен де, кіші де ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеді. Антына адал азаматтардың басты міндеті – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету болса, бұл міндетті аудан дәрігерлері абыроймен атқарып келеді. Әрине салада прблемалық мәселелер де бар. Оның бәрі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ең бастысы ұжымда білікті кадрлар бар және олардың кәсіби тәжірибесін, білімін науқастарды емдеу мен сауықтыруға бағыттау күн тәртібінен түспеуі керек. Біз алдағы уақытта аудандық аурухананы табиғи газға қосатын боламыз. Мұнан бөлек те ауданның денсаулық сақтау саласына нақты қолдаулар көрсетіледі. Осы мақсатта ауданның бас дәрігері жергілікті атқарушы, өкілді органдармен, ардагерлермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс атқарады деп сенеміз, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазылов жаңа жұмысқа кірісіп жатқан азаматтың тәжірибесіне, біліміне тоқталып, оған зор міндет пен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты.

– Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы мақсат әрбір ақ халатты абзал жанның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Жаңа басшыға да, аудандық емхана, аурухана ұжымына да осы талапты қойып отырмыз. Ауданның бас дәрігеріне аудан халқы қолдау көрсетеді деп ойлаймын, – деді басқарма басшысы.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева сөз сөйлеп, жаңа қызметке кіріскен Жалғасбек Үсеновтің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Ж.Үсенов 1982 жылы дүниеге келген. Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық Медицина университетінің емдеу ісі факультетін бітірген. Еңбек жолын Алматы қаласындағы №2 Жедел жәрдем стансасында фельдшер болып бастап, кейіннен анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен. Әр жылдары облыстық медицина орталығында анестезиолог-реаниматолог дәрігер, рентгенолог дәрігер, амбулаториялық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасында функциональды-диагностикалық бөлімше меңгерушісі, №3 қалалық емханада бас дәрігердің пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметі жөніндегі орынбасары, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.

08 маусым 2022 ж. 370 0