Мақтауға лайық мамандық иелері
Елбасы Н.Ә.Назарбаев төрағалық ететін Nur Otan партиясының бастамасымен отандық денсаулық сақтау саласын жаңғыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде ақ халатты абзал жандардың әлеуметтік мәртебесін көтеру – басым бағыттардың бірі. Осы ретте жетекші партияның еліміздің түкпір-түкпіріндегі белсенділері «дәрігерлерді қолдаймыз» хэштегі арқылы уақытпен санаспай еңбек ететін медицина саласының мамандарына өз алғыстарын білдіруде.
Оқырманға түсінікті болу үшін хэштег ұғымы туралы айта кетейік. Бұл соңғы кездері кеңінен қолданылатын ұғымға айналды. Әлеуметтік желіде белгілі бір тақырыпта ой, пікір, көзқарас жазылатын болса, онда желі қолданушылары тор белгісін қою арқылы ортақ сөзді жазады. Мысалы #бақыттыбалалық, #қайырымдылыққолдау, #жастаржылы секілді. Осы ретте өткен аптада ел тұрғындары #дәрігерлердіқолдаймыз хэштегі арқылы ақ халатты абзал жандарға өздерінің алғыстарын айтып, тілектерін білдірді.
Бұл бастама ауданымызда да лайықты жалғасын тапты. Алғыс айтуды мақсат еткен жалпыхалықтық сипатқа ие шараға жас та, жасамыс та атсалысқанын аңғардық. Соның бірі – Тереңөзек кентінің ардагері Әбдуәли Жанбосынов. Өнегелі өмір иесі өз алғысын аудандық аурухананың мамандарына арнапты.
– Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, дәрінің, дәрігердің көмегіне жүгінетініміз анық. Өткен айда қатты ауырып қалдым. Аяқ-қолым тартылып, қызуым көтеріліп, мазам кеткен соң ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінуге тура келді. Аудандық аурухананың оңалту мейіргелік күтім бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Гүлфарида Әбдібекова мен массаж жасаушы Ержан Кеңесбековке ризашылығымды білдіремін. Кіші буын қызметкерлері Эльмира Маханбетова мен Салтанат Сарымбетова да өз міндеттерін адал атқарады екен, – дейді сексеннің сеңгеріне шыққан ардагер. Ардагердің айтуынша, қазіргі таңдағы денсаулық сақтау саласы бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір бәрі дамыған, цифрлық жүйе енгізілуде. Ем алушы кезек күтіп, уақыт шығындап әуре болмайды. Үлкен қалалар секілді аудан, ауылдық округтер білікті мамандармен толыққан.
Иә, денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттің басты назарында. Адам денсаулығы – қоғам байлығы. Сондықтан Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ағымдағы жылдың қаңтар айында бастауыш партия ұйымдары өкілдерімен кездесуде дәрігерлердің адамды емдеуге қосқан үлесін әлеуметтік желілерде бөлісе отырып, ақ халатты абзал жандарды қолдауға шақырды. Расында да медицина саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, мақтауға лайық мамандық иелерін қолдауымыз керек.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ