Адал еңбегімен абыройға бөленген
Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген тағылымы мол сөз бар. Тұлғалар да солай секілді. Адал еңбегімен ел-халықтың алғысына бөленген азаматтар бақилық сапарға аттанса да олардың есімі, игі істері жұртшылық арасында зор құрметпен аталады. Тереңөзектік Мирслам Мырхиев сондай абзал азаматтардың бірі де, бірегейі еді.
Адал еңбегімен абыройға бөленген азаматтың ғибратты ғұмыры туралы жазуымызға кейіпкеріміздің інісінің қызы Жадыра Бағдатқызы мен келіні Ғалия Нұрадинқызының ұсынысы және аға буын өкілдерінің естелігі түрткі болды. Қолға қалам алып, мәлімет жинастыра бастағанымызда кейіпкеріміздің тек жақсы қасиеттерін естідік. Мысалы, ауданға белгілі еңбек ардагері Марат Сақтапов «Мирслам туралы қалай жазса да жарасады, ол барлық құрметке лайықты» десе, Тыныштық Байбосынова апамыз «Ісі мен сөзі үйлескен нағыз үлгілі басшы еді» деп естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Әнуарбек Қарсақбаев білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Мирслам Мырхиевтің тәлім-тәрбиесін көргенін, бірге қызметтес болғанын атап өтті. Енді сол естеліктер мен кейіпкеріміздің еңбегі жөнінде тарқата жазсақ.
Мирслам Мырхиев 1944 жылдың тумасы екен. Отбасында бес ағайынды болған ол жастайынан еңбекқор, ізденімпаз болыпты. Сол ізденісінің негізінде мектепті үздікке тәмамдап, арманы мен үмітін ту етіп, 1961-1966 жылдары Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында білім алған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аталған оқу орнына оқуға түсу оңай емес еді. Бірақ, ауыл баласы алғырлығының арқасында биікті бағындырып, ауыл шаруашылығы жұмыстарын механикаландыру мамандығы бойынша институттың толық курсын бітіріп шығады. Еңбексүйгіш азамат өрлеуге толы еңбек жолын 1967 жылы Қызылордадағы машина сынақ станциясында (МИС) аға инженер болып бастаған. Үлкен ұжымда тәжірибе жинап, мамандығының қыр-сырына қаныққаннан кейін Тереңөзекке жұмыс ауыстырады. «Казсельхозтехника» мекемесінің инженер бақылаушысы болып қызмет етеді. Мекеме басшысы В.Пактың қарамағында еңбек етіп, тәжірибесі толысқан Мирслам Мырхиев көп өтпей аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас инженер-механигі болып тағайындалады.
– Мирслам бізден бірнеше жас кіші болатын. Біз оның ағасы Дарханбекпен қатар оқыдық, жақын араластық. Аудандағы ең үлкен ұжым саналған «Казсельхозтехниканы» абыроймен басқару оңай жұмыс емес. Мирслам Мырхиев бұл міндетті зор жауапкершілікпен атқара білді. Азаматтың үлкенді сыйлауы, кішіге қамқор болуы, әріптестерінің арасындағы абырой-беделі оның қызметтегі өрлеуіне тікелей әсер етті. Мирсламды жұмысқа қабылдаған ауданға белгілі азамат Вилорий Пактың кадр таңдауда қателеспегеніне талай мәрте куә болдық, – дейді Марат Сақтапов.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагердің сөзін Тыныштық Байбосынова қуаттай түсті. Ол Мирслам Мырхиевтің аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер-механик, аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып жемісті еңбек еткенін атап өтті.
– Аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде тек белсенді, білімді, тәжірибелі мамандар еңбек ететін. 1983-1985 жылдары аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып еңбек еткен М.Мырхиев өз жұмысына өте жауапты болатын. Оның қызметтік міндетіне адалдығы, ұқыптылығы бізге үлгі-өнеге еді. Бүгінде аудан дамуына аянбай атсалысқан азаматтардың басым көпшілігі дүниеден өтті. Олардың ішінде Шайзада Көшенов, Карл Жайлауов, Сәду Айтбаев, Зейнолла Атиров, Орынбасар Қошқарбаев, Ыдырыс Құтыбаев, Аманулла Қаратаев, Балқаш Арыновтардың есімін ерекше атауға болады. Олардың өзі өмірден өтсе де жақсы істері мен еңбегі насихатталуы қажет деп есептеймін, – деген Тыныштық Байбосынова кейіпкеріміздің қызметтік міндетін абыроймен атқаруынан бөлек, адами болмысы, кеңпейілділігі, үлкен-кішімен сыйластығы жөнінде білетін естеліктерімен бөлісті. Жолдасы Тоқтасын Жұмағанбетовпен де ұзақ жылдар әріптес болғанын жеткізді.
Ал кезінде «Казсельхозтехника» мекемесінің шеберхана меңгерушісі болған Әнуарбек Қарсақбаев кейіпкеріміздің азаматтығына ерекше тоқталды.
– Басшы адам көпшіл, кеңпейілді, әділ болуы қажет. Бұл игі қасиеттер Мирслам Мырхиевтің бойынан табылатын. Біз көп уақыт әріптес болған жоқпыз. Бір мекемеде жұмыс істеген үш жылдың ішінде оның тек жақсы істері ғана есте қалды. Абзал азамат қай істің де, қай сөздің ретін білетін. Жоспарлы жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын назарда ұстайтын. Ол кісінің ұжымды бір мақсат аясында ұтымды ұйымдастыра білуін әлі күнге жоғары бағалаймын, – дейді Әнуарбек Ахметәліұлы.
Иә, ел Тәуелсіздік алғанға дейін «Казсельхозтехника» мекемесінің ауданда өзіндік орны бар еді. Кейін жекешелендіру жұмыстары жүргізілді. Қазір бұл мекеме жоқ. Бірақ, сол мекемеде қызмет еткен азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Біз бүгін аға буын өкілдерінің естелігі бойынша мақалаға арқау етіп жазған кейіпкеріміз Мирслам Мырхиев те сондай азаматтардың бірі. Ол кісі қызметте абыройлы басшы болса, отбасында адал жар, асыл әке болғанын жұртшылық жақсы біледі. Жары Айша Бөленовамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде үйдің үлкені Алмат мақта өсіру саласы бойынша жеке мекемеде еңбек етсе, Айгүл кондитер өнімдерін шығарумен айналысады. Ал Нұрбол «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының құрылыс бөлімінің жетекші инженері. Өкінішке орай Индира ауыр науқастан қайтыс болды.
– Осыдан он жыл бұрын өмірден өткен әкемізге деген сағынышымыз арта түспесе, бір кеміген емес. Анамыз ортамызда отырса да, әкеміздің орны ойсырап тұр. Әкеміздің енді ортамызға қайтып оралмасына көз жеткізгенімізбен, оның жарқын бейнесі жадымызда, жүрегімізде. Әкемізді еске алғанда ең бірінші ерекше мейірімді жүзі көз алдымызға келеді. Ол кісінің атқарған істері, жеткен жетістіктері, тіпті өмірден, перзенттерінен көрген рахатының барлығы да өз күшімен ғана орындалған армандары. Жаны адалдықты сүйетін, үлкенге құрмет көрсету, кішіні қамқорына алу, айналасына мейіріммен қарау – оның ерекше қасиеті еді. Ол адал, таза ғұмыр кешті. Өзінің жақсы мінез-қылығымен өзгелерді сыйлап қана қоймай, өзін де сыйлата білді. Зейнетке шығып, енді ғана бейнетінің рахатын көрер кезде бақилық сапарға атанды. Дейтұрғанмен, сол 63 жылдық ғұмырында әкеміз талай игілікті істі атқарып үлгерді, – дейді ұлы Нұрбол әкесі туралы тебіреніп.
Ғибратты ғұмыр кешіп, артына өшпес із қалдырған Мирслам Мырхиев қолы да, жолы да таза азамат болғанын аңғардық. Өзі де өмірбаяны ретінде жазған естелігінде атқарған қызметтерін жазып қалдырыпты. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары «Шаруалар одағының» төрағасы болған М.Мырхиев кейіннен «Сыр бойы орманы» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Сырдария ауданындағы өкілі қызметін атқарыпты. Абзал азамат осыдан он жыл бұрын қайтыс болған. Өзі өмірден өткенімен өнегелі істері, жақсы қасиеттері жұрт жадында. «Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек-ті...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ