Судья – сот билігінің өкілі
Ата Заңымызда көрсетілгендей, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден бір кепілі. Еліміздің сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүргізілген тегеурінді сот реформасының аясында биік асуларды бағындырып келеді.
Сот жүйесіндегі негізгі қозғаушы күш, басты тұлға судья болып табылады. Басты тұлға салиқалы судья өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен соттың беделін өсіреді.
Қалыптасқан тәртіп бойынша бүгінде елімізде судьялыққа үміткерлер барынша қатаң таңдау, іріктеуден, бірнеше сатылы сүзгіден өткізіледі. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу талаптары қатайтылды, сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінді. Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құрылды және тағы басқа да сот процестерін жеделдету үшін өзгерістер болды. Жасалып жатқан жұмыс халықтың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған, адам құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейі десек артық болмайды. Ең бастысы, бүгінгі күннің болашақ судьясын – өмір талабына сай, сот тәлімгерлік тәжірибеден, өндірістен өткен, адамгершілік, ар-ождан тазалығын, патриоттық сезімін, тәлім-тәрбиесін және өмірлік ұстанымдарын ескере отырып, жан-жақты білімді және білікті жастардан жасақтау қажеттігі – сот тәуелсіздігінің бір көрінісі ретінде жасалған оң қадам.
Судья – сот билігінің өкілі, сот билігінің беделін алып жүруші, сондықтан оның кәсіби әрі әдептілік келбетіне басқа мемлекеттік билік өкілдеріне қарағанда, қатаң талаптар қойылады. Сондықтан судьялар әдебін сақтау – судьяның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Кодексте судьяларға қойылатын талаптар күшейтілген. Олардың ішінде лауазымды тұлғаның жеке басына және оның жақын туыстарына қатысты жан-жақты талаптар қойылған. Тек қана кәсіби абыройы мен мәртебесі, міндеттерді атқаруға байланысты емес, жеке өміріне, қөзқарастарына да әсер ететін нормалар орын алған.
Ата-бабамыз ежелден «қазы – халықтың ожданы» деп санағандықтан, әділ қазылық ету – біздің қасиетті парызымыз.
Судьялық қызмет, құқықтық-демократиялық елді құру және дамыту барысында, әділ заң негізінде дұрыс билік айтуды талап ететін, әрі сот шешімі мен үкіміне соңғы болып нүкте қоятын, заң саласының ішіндегі ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте зор, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым деп есептеймін. Осындай судьялық лауазымға келген тұлға қазақ тілін, тарихын, әдебиетін жетік меңгерген азамат болса игі. Тазалығы болмаған адам, мейлі білімді, мейлі ақылды, кім болса, ол болсын, ешкімге опа бермейді. Өйткені ең жоғарғы сот – ол адам бойындағы ар соты. Заңсыз үкім шығарған судья өзіне-өзі үкім шығарғанмен тең. Соттың, жалпы сот жүйесінің абыройы мен беделі әрбір судьяның ар тазалығы мен білімділігінен, парасаттылығынан құралады.
Сондықтан судьялар одағы ынтасы мен күш-жігерін аямай, халықтың сот билігіне деген сенімін арттыруға жұмыла кірісуі керек.
Басты тұлға салиқалы судья өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен соттың беделін өсіреді. Олай болмаған жағдайда судья керісінше беделін түсіреді. Сот беделі – мемлекеттің беделі. Ал, мемлекеттің бедел-абыройы қоғамның дамып гүлденуінің алғышарты.
Р.Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы