Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызмет бабында қаза тапқан батырды еске алды

Қызмет бабында қаза тапқан батырды еске алды

Қылмыспен күресе жүріп адам өмірін аман сақтап қалуда құтқарушылық қызметті де қатар атқаратын полиция қызметкерлері түрлі қауіп-қатермен күнделікті бетпе-бет келеді. Тереңөзектің тумасы Азатбақыт Әлиакбаровтың да есімі қызмет бабында қаза табуымен ел есінде қалды. Ол небәрі 25 жасында қандықол қылмыскердің қолынан қаза тапты.

Халқымызда «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» деген сөз бар. Осы сөз Азатбақыт Бәкірұлына қарата айтылғандай. Ол бала күнінен елге адал қызмет етуді армандады және сол мақсатына жету үшін ерте ер жетіп, азамат болып, білім алуды мақсат тұтты. Құқық қорғау саласында жұмыс істеу А.Әлиакбаров үшін зор абырой еді. Амал нешік ғұмыры қысқа болып, полиция органындағы жауапты қыз­меттік жолы да орны толмас өкінішпен аяқталды. Ол қызмет ба­­­­­­­­бында аудан көшелерінің біріндегі от­басылық жанжалдан туындаған оқ­ыс оқиға салдарынан қолына қару ке­­зенген қылмыскердің қолынан қаза тапты.

Батырдың есімі де, ерлігі де арада қанша жыл өтсе де ұмытылмайды. Ерлігі елге дастан, кейінгі буынғы үлгі болып аудан тарихында жазылды. Осы ретте №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің ұжымы «Тыныштық сақшысы ел есінде» тақырыбында патриоттық іс-шара ұйымдастырды. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы, аудандық полиция бөлімі бас­тығының орынбасары Е.Жаналиев, орта мектеп директоры С.Сақтапова бас­таған ұстаздар мен оқу­шылар, сондай-ақ ұйым­дастырушылардың ар­найы шақыруымен А.Әлиак­ба­ровтың келіні, еңбек ардагері Орынкүл Әл­иакбарова қатысты.

Іс-шараны мектеп тәлімгері Нұргүл Күдебаева ашып, жүргізді. Ол батырдың ерлігі мен еңбегіне қысқаша шолу жасап, өмірбаянымен таныс­тырды. Мұнан соң бас­тауыш сынып мұғалімі Сәуле Таюпова кең көлемді баяндама жасап, арнайы әзірленген слайдты көп­шілік назарына ұсынды. Өз кезегінде Аяна Өмірбек, Аружан Алмабекқызы, Диас Қазыбеков, Нұртөре Айтбай есімді оқушылар рухты өлеңдерді жатқа оқыды. Кеш қонақтары оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, бейбіт күннің батыры атанған А.Әлиакбаров туралы өз естеліктерімен бөлісті.

– Мен Әлиакбаровтар әулетіне 1967 жылы ке­лін болып түстім. Жұ­байым Аманкелді екеуміз екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Келген жерім алты ағайынды, өсіп-өнген отбасы екен. Жұбайымның ағасы Азатбақыт деген кісі қызмет бабында ерлікпен қаза тапқанын кейіннен білдім. Балаларымның әкесі Аманкелді бас­тамашы болып, көпшілік қолдап, біз аудандық полиция бөліміне ұсыныс ен­­­гізіп, көше атауын беру, ескерткішін орнату жұмыстары жүргізілді. Ес­керткішті жергілікті мүсінші Жәркен Исмағұлов жасады. Әлі есімде ол кісі мүсінді біздің Аманкелдіге қарап жасаған еді. Өйткені Азатбақыт ағамыздың артында ұрпақ қалмады. Ол жалынды жастық кезеңінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп, жұмыс бабында қаза тапты. Біздің сол кездегі ұсыныстарымызға, батырдың дәріптеу, насихаттау іс-шараларына Мылтықпай Пейісов, Асанжан деген азаматтар қолдау білдірді. Соңғы кездері есімі де, ерлігі де ұмытылып бара жатқаны жанымызға бататын. Жылдың басында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен үйге депутаттыққа үміткер А.Ибрагимұлы сенімді өкілі К.Мұстафаевпен бірге келді. Сонда білім беру ұйымдарында А.Әлакбаровты еске алу іс-шаралары ұйымдастырылса деп өз ұсынысымды айттым. Жоспарға енгізетінін жеткізіп, сайлаудан кейін хабарласатынын айтқан болатын. Жақында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінен шақыру келді. Бүгін міне сол іс-шарада бас қосып отырмыз. Бұл, ең алдымен өскелең ұрпаққа қажетті, жастарға патриоттық рух сыйлайтын іс-шара. Сондықтан ұйым­дастырушыларға айтар алғысым шексіз, – деді Орынкүл Шоқайқызы.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бас­тығының орынбасары Е.Жаналиев пен орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Жаңабергенова сөз сөйлеп, азаматтың ерлігі де, еңбегі де ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Өлке тарихы, ауданның дамуында өзіндік орны бар тұлғалардың ерлік істері туралы пікір білдіріп, тәрбиелік мәні зор еске алу іс-шаралары жыл көлемінде өткізіле беретінін жеткізді.

– «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген сөз бекер айтылмаған. Біз өзіміздің ауданымыздан шыққан батырларды, қайраткер-тұлғаларды біліп жүруіміз керек. Олардың еңбек жолынан, ер­лікке толы істерінен өнеге алуға тиістіміз. Қызмет бабында қаза тапқан А.Әлиакбаров сондай дара тұлғалардың бірі. Ол сындарлы сәтте өзгенін жанын аман сақтап қалу үшін өз өмірін қиған, антына адал әрі қайсар азамат ретінде тарихта қалды. Бірнеше ай бұрын А.Әлиакбаровтың келіні, еңбек ардагері Орынкүл әже бізге ұсыныс енгізген еді. Сол ұсыныс негізінде енді аудан орталығындағы барлық мектептерде патриоттық іс-шаралар өткізілетін болады. Біздің депутаттық ұсынысымызға аудандық білім бөлімі қолдау білдіріп, мектептер дайындықты бастап кетті. Біздің басты мақсатымыз – мектеп оқушыларына бейбіт күннің батыры бола білген «Ерлігі үшін» медалінің иегері А.Әлиакбаровты таныстыру, ерлік шежіресінің ауқымын кеңейту, – деді А.Ибрагимұлы.

Іс-шарадан соң оқушылар мен кеш қонақтары А.Әлиакбаровтың ескерткіш бюстіне барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Айта кету керек, батырдың есімімен аталатын көшеде мемлекеттік мекемелер, балабақшалар, көпқабатты тұрғын үйлер және кәсіпкерлік нысандары көп орналасқан. Былтыр А.Әлиакбаров көшесіндегі тұрғын үйлердің аулаларын бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, асфальт, жаяу жүргіншілер жолы және спорттық ойын алаңы салынды.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
17 қазан 2023 ж. 206 0