Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір минут үнсіздікпен еске алды

Бір минут үнсіздікпен еске алды

Елімізде орын алған қақтығыстарға байланысты құқық қорғау органдары мен әскери міндетін атқарып жүрген азаматтар ел тыныштығын қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Олар өз қызметтеріне адал болып, жаппай тәртіпсіздікке тосқауыл қою жолында құрбан болды.

Қызмет бабында қаза болған құқық қорғау қызметкерлері мен әскерилер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 9 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығына сәйкес әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Еліміз бойынша өрбіген террористік жағдайда қызметтік міндетін атқарған құқық тқорғау органдары мен әскерилердің, бейбіт тұрғындардың қаза болуына байланысты 2022 жылдың 10 қаңтары Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Осыған орай, барлық өңірде Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Осы күні құқық қорғау органдары әріптестерін үнсіздікпен еске алды.  Қызылордалық полицейлер де қызмет бабында қаза болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Олыстық полиция департаментінің жеке құрамы сап түзеп, бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін үнсіздікпен еске алды.

«Қызылордалық полицейлер барлық Қазақстан халқымен бірге қайғыруда. Бұл біздің еліміз үшін үлкен трагедия» деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре. Сондай-ақ, Қызылорда облысы Полиция департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай «Бірде-бір адам бей-жай қарап қалмауы тиіс. Ел басына күн туған сәтте бейбітшілік пен тұрақтылық болуы үшін біз бірігуіміз керек. Ең бастысы – халқымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы» деді.

Ел басына күн туғанда ерлік көрсетер ерлер мен ұландар барда мемлекеттік тұтастығы мызғымасы анық.

Ердос БЕРКІНБАЕВ

11 қаңтар 2022 ж. 340 0