Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙСАР ҰЛҒА ҚҰРМЕТ

ҚАЙСАР ҰЛҒА ҚҰРМЕТ



Өжеттік, қайсарлық, қа­һармандық, өз антына деген беріктік. Бұл ұғымдар небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, қаза тапқан Талғат Есентайұлы Қозыбавқа тән қасиеттер. Өйткені, өз сертіне адал жан қызмет үстінде жауапкершілік танытып, адам жанының арашашысы болды. Абыройлы міндетін атқару жолында ол өз өмірін қиды. Бұл қазіргі күндегі кез келгеннің қолынан келе бермейтін өшпес ерлік, батырлық. Сол үшін де оның есімі қайғылы қазаға ұшырағанына 15 жыл өтсе де еш ұмы­тылған жоқ және ұмы­тылмайды да. Себебі, оның қылмыскермен күресудегі ерлігі көпке үлгі екені сөзсіз.
Бейбіт күннің батыры болған сырдариялық жас қаһарман, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Т.Қозыбаев жасаған қайсарлық үнемі дәріптеліп келеді. Жыл сайын аудан орталығында оны еске алуға арналған турнир ұйымдастырылып, қайсар рухты жігіттің есімі ұлықталуда. Биылғы жылы да ауданның 90 жылдығы аясында Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир жалауын желбіретіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар өзара бақ сынасты. Турнирге аудан тұрғындары, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері, Талғаттың ата-анасы қатысты.
Республикалық турнирдің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров сөз сөйлеп, Талғаттың ерлігі еш ұмытылмайтынын жеткізді. Ел үшін жасаған еңбегі халық жадында мәңгі сақталып, кейінгі буынға өнеге болып қалатындығын айтты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда туған жерінде көше, мектеп Талғаттың есімімен аталатынын айтып, Отанын сүйген есіл ердің ерлігіне әркез жас ұрпақ құрмет білдіретініне сенім білдірді. Мұнан соң облыстық ішкі істер департаменті Арнайы даярлық басқармасының бастығы, полиция майо­­ры Марат Балдақов та сөз сөйлеп, қылмыскер қолынан ерлікпен қаза тапқан батырдың азаматтылығы, өз қызметіндегі табандылығы көпті тәнті еткендігін атап өтті. Оның қайсарлығы құқық қорғау саласы қызметкерлеріне үлгі екенін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған қаһарманның әкесі Есентай Қозыбаев жыл сайын еске алу шараларын өткізіп келе жатқан ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Республикалық турнирге Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан және аудандардан жас күрес шеберлері қатысып, Талғаттай ердің ерлігіне бас иіп, құрмет көрсетті. Оны еске алуға арналған жарыста иық тірескен жасөспірімдер мықтылардың мықтысын анықтады. Боз кілемде ұтқырлығымен, ерекше әдіспен, шымырлығымен шыңдалған жас пал­­уандар өз салмақтарында жеңімпаз атанды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
12 маусым 2018 ж. 1 171 0