Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыстан басқа айтарымыз жоқ

Алғыстан басқа айтарымыз жоқ

Ауданның құқық қорғау саласы туралы сөз қозғалса, полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың ерлігін айтпай өту мүмкін емес. Небәрі 25 жасында қызмет бабында қайтыс болған ол өшпес ерлік көрсетіп, қызметіне ғана емес, Отанына, Антына адал екенін танытты. Тәртіп сақшыларының төл мерекесі қарсаңында батыр ұлдың ата-анасының шаңырағында болып, Есентай Қозыбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Есентай аға, әңгімемізді Талғат­тың бала күнгі армандарынан бас­тасақ.

– Біздің ғана емес елдің баласына айналып кеткен Талғатты ұмыту мүмкін бе?! Ол бала күнінен белсенді, ізденімпаз, арманшыл еді. Достары да көп болатын. Алғашқы жетістіктері, бағындырған белестері көз алдымда, көңілімнің төрінде сақтаулы тұр. Анасы Шынар екеуміздің жалғызымыз, сеніміміз бен үмітіміздің жемісі еді. Амал не, жалынды жастық шағында қызмет бабында жүріп, қандықол қылмыскердің қолынан қаза тапты. Оның болашағы алда болатын.

– Бала Талғат қандай істерге икемді еді? Құқық қорғаушы маман­дығын мең­геруге кім ықпал етті?

– Тәртіп сақшысы адалдық, әділдік, тазалық ұғымдарының иесі болуы керек. Үйдегі тәртіп пен мектептегі талап, оның үстіне баланың өз таңдауы құқық қорғаушы мамандығына жетеледі деп ойлаймын. Өзі оқыды, өзі жұмысқа орналас­ты. Кіммен болса да тез тіл табысатын. Үлкенге де, кішіге де сыйлы болатын. Тілдің, көздің, сөздің сұғы болады дейді ғой. Мүмкін балаға елдің назары да өткен шығар деп ойлаймын.
– Тартоғайда қызмет етіп жүріп, орны толмас өкінішке ұрынады деп кім ойлаған. Ол туралы ойлаудың өзі қорқынышты.

– Иә, ол қаралы күн біз үшін үлкен соққы болды. Сенерімізді, сенбесімізді білмедік. Қайғы жамылып, мұңға баттық. Ел-жұрт біздің қайғымызға ортақтасып, жұбатып, жанымыздан табылды. Ішкі істер министрінен бастап, облыс, аудан әкімдері істі бақылауына алып, әділ тергелуін, қылмыскердің қатаң жазалануын назарда ұстады. Әлі күнге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды сезініп келеміз. Жыл сайын Талғатты еске алуға арналған республикалық турнир, басқа да тағылымды іс-шаралар өтеді. Немереміз Алмат әкесінің жолын қуып, құқық қорғаушы болуды мақсат тұтқан. Ол қазір ҚР ІІМ Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясының тергеуші мамандығы бойынша 4-курс студенті.

– Алматтың сабақ үлгерімі қалай, бо­ла­шақта туған жерге келіп қызмет ету ойында бар ма?

– Кураторымен телефон арқылы байланысып тұрамыз, ол немеремізді әркез мақтап, сабақ үлгерімі жақсы екенін айтады. Ауылдағы мектептің директоры Л.Палымбетова бастаған ұстаздарына ал­ғыс айтамын. Бала мектепті жақсы бітірді. Бұйырса, оқуын тәмамдап, Терең­өзекке келіп еңбек етсе, көз алдымызда жүрсе деп ойлаймыз.
– Сіздерге жұмыс бабында қаза тапқан полиция қызметкерінің ата-анасы ретінде мемлекеттен қандай көмек көрсетілуде? Айтарыңыз болса, аудандық басылымға жариялауға дайынбыз.

– Талғат туралы аудандық газетте көп мақала жарияланды. Біздің мұңымыз да, сырымыз да басылым арқылы ха­лыққа жетті. Облыс, аудан әкімдігі және облыстық полиция департаменті мен ау­дандық полиция бөлімінің ұжымы тарапынан құрмет пен қолдау көрсетіліп келеді. Талғаттың атында мектеп, көше бар. Шиелідегі Тартоғай елді мекенінде де көше мен ескерткіш қойылған. Кітап жарыққа шықты. Бейнефильмдер түсірілді және Өркен Исмайл арнайы ән жазды. Оның өзі көңілге жұбаныш. Азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мереке қарсаңында елеп, ұмыт қалдырмаған сіздерге де отбасымыздың атынан ризашы­лығымызды білдіреміз. Егемен еліміздің бақытты бейбітшілігі баянды болсын!

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 маусым 2020 ж. 749 0