Бұл сайлау – ауданымыз үшін аса маңызды
Саяси маңызды науқан – аудан әкімін сайлаудың пилоттық жобасы Сырдария ауданында өткізілетін болғандықтан, халыққа сапалы ақпарат тарату жұмыстарын әр газет сайын ұйымдастырып отырмыз. Өйткені бұл сайлаудың ауданымыз үшін маңызы жоғары. Жергілікті халық бірінші рет аудан әкімін тікелей сайлап, өз таңдауын жасамақ. Осы ретте Сырдария аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Балшекер Сұлтанбекқызы Өтегеновамен сұхбаттасып, бірқатар сұрағымызға жауап алдық.
– Балшекер Сұлтанбекқызы, Президент биыл республика бойынша 45 аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланатынын жеткізді. Сыр өңірінде 2 ауданда сайлау өтетіні белгіленді. Жергілікті депутаттар неліктен Сырдария ауданына таңдау жасады деп ойлайсыз?
– Сырдария ауданы – бірлігі бекем, тірлігі көркем, әркез ауызбірлігі жарасқан өлке. Аудан халқы үнемі ұтымды іске ұйыса біліп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», татулықты ту етіп келеді. Міне, осындай халықтың ауызбірлігі ескеріліп, аудан әкімінің сайлауын өткізуге Сырдария ауданы таңдалды деп есептеймін. Оның үстіне «Ырыс ынтымаққа жолығады, береке бірлікпен толығады» демекші өткен сайлауларда аудан халқы бірліктің жарқын үлгісін көрсете білді.
– Сіздің сайлау жүйесінде ұзақ жылғы тәжірибеңіз бар. Бүгінгі күні аудандық, учаскелік комиссия мүшелері пилоттық сайлауды өткізуге қаншалықты дайын?
– Әлбетте, сайлау өткізу – өте жауапты қызмет. Әрбір сайлаушының таңдау құқығын ескере отырып, науқанды әділ әрі заң талаптарына сай өткізу – біздің басты міндетіміз.
Аудан бойынша 19 сайлау комиссиясы бар. Комиссия мүшелерінің саны – 127. Қазіргі таңда комиссия құрамы толықтырылған және әрбір комиссия мүшелерінің білімі жоғары, тәжірибелі. Комиссия мүшелерінің сайлаудағы тәжірибесі – 99,1 пайыз. Ақпарат ретінде білім беру ұйымдарында 10 (55%), мәдениет нысандарында 8 (45%) сайлау үйі орналасқанын айтып өткім келеді.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандарымен бірлескен оқыту жүргізілді. Сайлау процесінің негізгі заңнама шеңберінде өтуіне қатысты аудандық прокуратура және полиция бөлімінің басшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Арнайы спикерлер сайлау заңнамасын сақтау, құжаттамаларды толтыру, үгіт кезеңінде заң бұзушылықтарды болдырмау, байқаушылар және сенім білдірген азаматтармен жұмыс жүргізу, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау тақырыптарында дәріс оқыды.
– Учаскелердің талапқа сай жабдықталуы мен сайлауға дайындық процесі жөнінде айтсаңыз.
– Учаскелерге талапқа сай қажетті құрал-жабдықтар алынған. Соңғы сайлаулардың тәжірибесіне сәйкес проблемалық сайлау учаскелері жоқ. Сайлауға қатысатын мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың жалпы саны – 299. 18 сайлау үйіне олардың кедергісіз кіріп-шығуы үшін талапқа сай пандустар және көз мүгедектеріне арналған құрылғылар орнатылған.
Барлық сайлау үйі бірінші қабатта орналасқан және қолжетімділік картасына енгізілген. Бюллетеньді толтыру үлгісі көрсетілетін аудиоматериал да учаскелерге таратылатын болады. Учаскерлердің талапқа сай болуы күнделікті басты назарда.
– Аудан әкімдеріне үміткерлер қалай сайланады? Басты ерекшелік неде?
– Әрине аудан әкімі лауазымы саяси қызмет болғандықтан кандидаттарға қойылатын арнайы талаптар бар. Кандидаттың еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасы белгіленген. Біріншіден, кандидаттың жасы 25-тен асуы керек және жоғары білімді азамат болуы тиіс. Сондай-ақ саяси қызметшілерге қойылатын арнайы біліктілік талаптарына сай болуы, арнайы тексерудің оң нәтижесін алуы қажет. Талаптар толық сақталғаннан кейін аудандық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркейді. ҚР «Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» заңының 36-2 бабына сәйкес әкімдер 4 жылға сайланады.
– Сайлауға құжат тапсырған кандидаттар туралы айтсаңыз. Олардың білім деңгейі мен мамандығына қатысты талдау жүргізілді ме?
– Сайлау күнтізбесіне сәйкес 5 қазан күні жергілікті уақыт 18.00-де кандидаттардың ұсыным құжаттарын қабылдау аяқталды. Ал 10 қазан жергілікті уақытпен сағат 18.00-де кандидаттарды тіркеу аяқталды. Аудан бойынша барлығы 3 кандидат ұсынылды, оның ішінде 1-еуі – саяси партия атынан, 2-еуі – өзін-өзі ұсыну тәртібімен. Яғни бәсекелестік бойынша 1 орынға 3 адамнан келді. Кандидаттардың орташа жасы 45 жас болса, ал ең жасы – 39 жаста, ең үлкені – 60 жаста. Үміткерлердің ішінде әйел азаматшалар жоқ. Кандидаттардың 1-еуі қазіргі әкім қызметінде және 2-еуі мемлекеттік қызметкерлер. Мамандығы бойынша 1-еуі – экономист, инженер, 1-еуі – заңгер, экономист және 1-еуі – құрылысшы. Ұсынылған 3 кандидат та тіркелді. 10 қазан жергілікті уақыт 18.00-ден кейін кандидаттар үшін үгіт кезеңі басталды.
– Үгіт-насихат жұмыстары барысында кандидат нені ескеруі керек? Сайлаушылармен кездесу орындары белгіленді ме? Осы бағыттарға тоқталып өтсеңіз?
– ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес кандидаттар үгіт кезеңінде телеарна, радио, мерзімді баспасөз басылымы арқылы үгіт жүргізе алады. Бір ерекшелігі, кандидаттардың өз сайлау қорлары болмайды. Кандидаттар үшін арнайы шығыстар мөлшері бекітілді. Әр кандидатқа 420 мың теңге белгіленді. Ол БАҚ-қа шығу, үгіт материалдарын шығару және көліктік шығыстарға бағытталады.
Кандидаттар үшін сайлаушылармен кездесу орындары мен үгіт материалдарын орналастыратын орындар белгіленді. Ауданда үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін Сырдария ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №264 қаулысымен 19 орын белгіленген. Оның ішінде, 15 стенд, 4 тақта орнатылған. Сайлау науқанында ОСК-ның бильбордтарын орнату үшін 18 орын белгіленген. Аудан халқы үшін көрнекі жерлерге бильбордтар ілініп, БАҚ арқылы сайлаудың негізгі ерекшелігі туралы түсіндірме материалдар жариялануда.
– Сайлаудың әділ өтуі әрине сайлаушыларға байланысты. Бүгінгі күні ауданда қанша сайлаушы бар? Олар үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылған ба?
– Ауданда ұйымдастырылатын пилоттық сайлауда тек сол аумақтың тұрғындары кандидаттарға дауыс бере алады. Аудан халқының саны 38025-ды құрайды, оның 22644-і сайлауға қатысады.
– Сайлаушылар тізімдеріндегі өзіңіз туралы деректерді қалай тексеруге болады?
– Сырдария ауданының тұрғындары saylau.orda.gov.kz сайтына кіріп, ЖСН нөмірін теру арқылы өз учаскесін оңай таба алады. Сервисте учаскенің нөмірінен бастап комиссия құрамы мен мекен-жайы және байланыс деректері көрсетілген. Мұнан бөлек, сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы да жұмыс істейді. Диспетчерлер аудан әкімінің сайлауына қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап береді.
Әрбір азамат өзі туралы деректерді тексеруге құқылы. Сайлау учаскелерінде сайлаушылар дауыс беру күніне 15 күн қалғанда сайлаушылар тізіміне өздері туралы енгізілген деректердің дұрыстығымен таныса алады. Сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізу немесе сайлаушылар тізіміне енгізу қажеттігі туралы өтініштерді сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды.
Әрбір азамат өзі туралы деректерді тексеруге құқылы. Сайлау учаскелерінде сайлаушылар дауыс беру күніне 15 күн қалғанда сайлаушылар тізіміне өздері туралы енгізілген деректердің дұрыстығымен таныса алады. Сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізу немесе сайлаушылар тізіміне енгізу қажеттігі туралы өтініштерді сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды.
Қорытындылай келе, айтарым 5 қараша – ауданымыз үшін өте маңызды күн. Еңбек пен елдікті егіз ұғым деп білген, ауызбіршілігі бекем аудан халқы егеменді еліміздің, ауданымыздың еңсесін көтеруге және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға лайықты азаматқа таңдау жасайды деген сенім бар. Ел аманатын арқалап, ел-халқыңа қызмет жасаудан артық мәртебе жоқ.
Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ