Ауданымыз үшін аса маңызды
Аудан әкімдерінің сайлауы Сырдария мен Шиеліде өтетінін естіп, біліп, саяси науқанның маңыздылығын түсініп отырмыз. Бұл таңдау бекерден бекер жасалмағаны анық. Сырдария – бекем бірлік пен көркем тірліктің ордасы.
Сырдария ауданының соңғы елу жылдағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуынан толық хабардармыз. Ауданымыз талай белесті бағындырып, маңызды науқандарды абыроймен өткізді. Бұл аудан халқының бірлігінің, ынтымағының белгісі екені анық.
Аудан әкімдерінің сайлауын өткізу туралы облыстық мәслихат шешімінің Сырдарияға түсуі жайдан-жай емес. Меніңше, сырдариялықтар саяси маңызды науқанға белсене қатысып, өз таңдауын жасайды. Өйткені бұған дейін өткен Президент сайлауында және Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауында ауданның қатысу көрсеткіші жоғары болды. Оның үстіне бұл ауданымыз үшін аса маңызды сайлау болмақ.
Бұрын ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары сайлайтын. Ал аудан әкімдері ҚР Президент Әкімшілігінің, аудандық мәслихаттың келісімімен және облыс әкімінің өкімімен тағайындалатын. Бұл туралы Президент өз ұсынысын айтып, әкімдерді халық сайлау қажеттігін айтты. Бұл – демократиялық дамуымыздың белгісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бүгінде нақты жүзеге асуда. Әкімді халық сайласа, билік пен бұқараның арасы жақындай түседі. Сайланған әкім де жауапкершілікті сезінеді. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидасында айқындалған жоспарлармен ұштасады. Сондықтан дәл қазіргі уақытта әкімдерді халықтың сайлауы өте дұрыс қадам. Бұған халықтың саяси сауаты да, белсенділігі де жетеді деп ойлаймын. Саяси науқанның ауданымызда жоғары деңгейде өтетініне сенемін.
Алма Бақтиярова,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы