Сайлау күні белгіленді
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттарынан бөлек облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.
Мәслихат сессиясының күн тәртібінде Қызылорда облысы бойынша аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауын өткізу үшін пилоттық аудан және облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекіту, сайлау өткізетін күнді белгілеу туралы екі мәселе қаралды. Айтып өту қажет, Президент бастамасымен іске қосылған ауыл әкімдерін тікелей сайлау демократиялық үрдісінің қисынды жалғасы – аудан әкімдерін сайлау. Осы ретте аймақ басшысы бұл аймақ үшін аса маңызды демократиялық жаңалық екеніне тоқталып, саяси маңызды іс-шараны заңдылыққа сәйкес ұйымдастыру қажеттігін айтты.
– Әкімдер сайлауы – Мемлекет басшысының басты реформаларының бірі. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдан бері аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жүйелі өткізіліп келеді. Екі жылда облыс бойынша 100 әкім сайлауы өткізіліп, нәтижесінде 54 әкім жаңадан сайланды. Ендігі қадам – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда атап өткендей, аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес пилоттық өңірлердің тізбесін және аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізу күнін белгілеу туралы мәслихаттың шешімі сайлау тағайындауға негіз болады. Бүгін Сіздермен қабылданатын шешім халықтың билікке деген сенімін күшейтуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұдан кейін, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты А.Оңғарбаев ұсыныс енгізіп, сессияға қатысқан 23 депутаттың бірауыздан дауыс беруі арқылы, пилоттық сайлау өтетін аудандар айқындалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Байқадамов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттың шешімімен белгіленген, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде елу күн бұрын тағайындайтындығын хабарлай отырып, сайлау күнін белгілеу бойынша ұсыныс енгізді.
Мәслихат шешімімен Шиелі және Сырдария аудандарында пилоттық аудан әкімінің сайлауы өтетіндігі айқындалып, сайлауды өткізу күні 2023 жылғы 5 қарашаға белгіленді.
Мәслихат депутаттарының қолдауымен қабылданған шешімді сырдариялықтар үлкен жаңалық ретінде қабылдады. Бүгінде аудан тұрғындары, оның ішінде зиялы қауым өкілдері бұған дейін де талай саяси науқандарды абыроймен, бірлікпен өткізген ауданның бұл жолғы сайлауды да жоғары деңгейде қорытындылайтынына сенім білдіруде. Оның үстіне ауданда соңғы жылдары дамудың орнықты жүйесі қалыптасып, тұрғындар игілігі үшін көп жұмыстар атқарылуда. Сондықтан жергілікті халық сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасайтыны анық.
Айта кетейік, пилоттық Шиелі және Сырдария ауданы әкімдері сайлауын тағайындау және округін құру туралы қаулы бекітіліп, Күнтізбелік жоспар жарияланды. Кандидаттарды ұсыну 16 қыркүйек пен 5 қазан күндері сағат 18.00-ге дейін жүргізілсе, кандидаттарды тіркеу уақыты 16 қыркүйек пен 10 қазан сағат 18.00-ге дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен қатар сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілетін уақыт та нақтыланды. Кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері өз үгіт-насихатын 10 қазан 18.00-ден кейін 4 қараша 00.00-ге дейін жүргізе алады. 4 қараша – Тыныштық күні. Бұл күні үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатаң тыйым салынады. Сәйкесінше 5 қараша күні жұртшылық өз таңдауларын жасап, дауыс береді. Орталық сайлау комиссиясы мен облыстық сайлау комиссиясы саяси маңызды науқанның ұйымдастырылуы мен өткізілуін жан-жақты ақпараттандыратын болады.
«Тт» ақпарат
Фото: baq.kz