Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр жұртшылығының белсенділігі жоғары болды

Сыр жұртшылығының белсенділігі жоғары болды

Бірлігі бекем, тірлігі көркем Сырдария ауданында сайлау науқандары қай кезде де ауызбіршілікпен, ынтымақпен өтеді. Биылғы Президент сайлауында да сол қалыптасқан үрдіс өз жемісін беріп, аудан халқы сайлауға бір кісідей бел­сене қатысты. Елдің болашағы айқындалар тұста жауап­кершілікті сезініп, сайлау учаскелеріне дауыс беруге келген жұртшылықтың қарасы қалың болды.

Әдеттегідей, сайлау жұмысы заңнама бо­йынша таңғы сағат 07.00-де басталып, сал­танатты түрде Мемлекеттік Гимн орындалды. Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау­ учаскесіне дауыс беру үшін келген Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров ең бірінші болып дауыс беріп, ел-жұртқа үл­гі-өнеге көрсетті. 101 жастағы қазыналы қария жиналғандарға ақ батасын беріп, сайлаудың сәтті өтуіне тілектестігін біл­дірді. Өз кезегінде сайлау учаскесінің төрағасы Гүлзада Мурзабекова ардагерге құрмет көрсетіп, иығына шапан жа­уып, естелік сыйлық тарту етті. Осылайша, аудандағы жасы ең үл­кен қарттың ақ батасымен басталған науқан аудан тұрғындарының ел ертеңі үшін дауыс беріп, таңдау жасауымен жал­ғасты.

Аудан орталығындағы сайлау учаске­ле­рімен қатар ауылдардағы сайлау учаскелері де халыққа сапалы қызмет көр­сетті. Бұл күні сайлауға келушілерге дәм ұсынылып, ұлттық ойындар ойнатылып, концерттік бағдарлама қойылып, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Әр сайлау учаскесінде «Ең қарт дауыс бе­руші», «Ең алғаш рет дауыс беруші» аталымдары бойынша және әрбір 50, 100, 200, 300, 400, 500, 1000-шы дауыс берушілерге сый-сыяпат табысталды. Ауданның зия­­лы қауым өкілдері де сайлауға белсене қатысып, жұртшылықты дауыс беруге шақырып, әлеуметтік желілерде өз пі­кір­лерімен бөлісіп жатты. Сонымен қа­тар әулетімен, жанұясымен келіп, сая­си маңызды науқанда өз таңдауларын жаса­ған берекелі шаңырақ иелері де көп болды. Еліміз үшін маңызды кезеңде жастар да белсенділік танытты. Олар қариялар үшін тегін такси қызметін ұйымдастырып, ардагерлерді үйлеріне тегін апарып тас­тап, баталарын алды. Мұндай үлгілі істі ауданның білім, денсаулық сақтау, спорт саласының қызметкерлері де көрсетті. Мұғалімдер ағартушылық қызметтерін қо­ғам­ның орнықты дамуына үлес қосумен ұш­тастырып, халықты дауыс беріп, өз таңдауларын жасауға шақырса, дәрігерлер сайлау учаскелерінде тегін медициналық қызмет көрсетті және 20 қарашада бо­санған жас аналарға тосын сый жасап, ізгі ілтипаттарын білдірді. Ал спортшылар команда болып жиналып, өздерінің дауыстарын бірге, бірлікпен берді. Мұның бәрі аудан халқының ауызбіршілігін, ынтымағын, иде­ологиялық жұмыстардың барлығы сапалы әрі ұтымды жүргізіліп жатқанын аң­ғартты.

Аудан жұртшылығымен бірге аудан әкі­мі Мұрат Ергешбаев та дауыс беріп, №155 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

– Бүгін еліміз үшін ерекше күн. Егемен еліміздің жарқын болашағын айқындайтын маңызды күнде әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сырдариялықтардың ел келе­шегі үшін бірлік танытып, өз таңдауын жа­сайтынына сенімдімін. Сайлаудың әділ өтуін бақылап жатқан байқаушылардың, халыққа қызмет көрсетіп жатқан сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелерінің жұ­мы­сына сәттілік тілеймін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Дауыс беру күні Орталық сайлау ко­мис­­сиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақ­парат беріп отырды. Орталық сайлау комис­сиясы ұсынған дауыс берушілердің келу туралы деректеріне сәйкес, Қызылорда об­лысы 81,07 пайыз алып, жоғары нәтиже көр­сетсе, облыс бойынша Сырдария ауданы бұл жолы да үздіктер көшін бастады. Айта кетейік, Сыр елінде бір тәулік ішінде 43 сәби дүниеге келді. Оның 27-сі ұл, 16-сы қыз бала. Өңірде 373 сайлау учаскесі жұ­мыс істеді.

Орталық сайлау комиссиясы сайлаушы­лардың келуі қорытындылары және Қа­зақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс берудің алдын ала қорытындыларын жария­лады. Сол бойынша 2022 жылғы 20 қа­рашада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің ке­зек­тен тыс сайла­уын­­­­да дауыстарды санау нәтижелері тура­лы облыстық, рес­публикалық маңызы бар қалалар мен Астананың сайлау комиссиялары хат­та­маларының электрондық кө­шірмелері не­гізінде дауыс беруге 8 346 000 адам қа­тыс­қан.

ОСК-ның алдын ала мәліметінше, пре­­зи­­­дент­­тікке үміт­­кер Қ.Абден 2,6%, Н.Әуеc­баев 2,22%, Ж.Дай­рабаев 3,42%, М.Қажыкен 2,53%, Қ.Тоқаев 81,31%, С.Тұрсын­бекова 2,12% дауыс жинады. Бар­лығына қарсы болғандар 5,8%-ды құрады. Енді 2 күннің ішінде хат­тама­лардың түпнұсқалығы жет­кізілуі тиіс.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
22 қараша 2022 ж. 368 0