Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайлаушылар үшін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» арнайы сервисі іске қосылды

Сайлаушылар үшін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» арнайы сервисі іске қосылды

Биыл республикада 45 аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланады. Пилоттық негізде бастау алған сайлау жергілікті мәслихат шешімімен Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарында өткізіледі.

Бүгінде Сырдария ауданында 18, Шиелі ауданында 40 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Оларда 388 комиссия мүшесі қызмет атқаратын болады.

Жергілікті әкімдік сайлаушылар тізімін жасауда белсенді жұмыс жүргізуде. Қыркүйектегі жағдай бойынша Сырдария ауданында – 22101, Шиелі ауданында – 50402 сайлаушы тіркелген.

Өңірде дауыс беретін азаматтар үшін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» атты арнайы сервис іске қосылды. Шиелі және Сырдария ауданының тұрғындары saylau.orda.gov.kz сайтына кіріп, ЖСН нөмірін теру арқылы өз учаскесін оңай таба алады.

Сервисте учаскенің нөмірінен бастап комиссия құрамы мен мекен-жайы және байланыс деректері көрсетілген. Мұнан бөлек, сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы да жұмыс істейді. Диспетчерлер аудан әкімдерінің сайлауына қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап береді.

Айта кетейік, 2 аудандағы аумақтық сайлау комиссиялары аудан әкімі болуға ниетті кандидаттардан ұсыным құжаттарын қабылдауды аяқтады. Кандидаттардың ұсынылған құжатта­ры тексеруден өткеннен кейін тіркеу процесі жүргізіліп, үгіт кезеңі бас­талады.

Еске салайық, кандидаттардың өз сайлау қорлары болмайды. Сайлаушылармен үгіт кезеңінде әрбір кандидатқа 420 мың теңге қаржы бекітілді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, үгіт материалдарын шығаруға және көліктік шығыстарды пайдалануға бағытталған.

Кандидаттар сайлаушылармен кезде­сіп, өз сайлауалды бағдарламасын белгі­ленген шығыс мөлшері аясында БАҚ арқылы насихаттай алады.

Сырдария аудандық сайлау комиссиясы
Фото: ашық дереккөзден
10 қазан 2023 ж. 208 0