Пилоттық сайлау өтетін ауданда комиссия мүшелері оқытылды
Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы пилоттық сайлау өтетін Сырдария және Шиелі аудандарының аумақтық және учаскелік комиссия мүшелеріне арнап оқыту семинарын өткізді.
Екі күндік оқу ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандарымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Аудандық прокуратура және полиция бөлімінің басшылары сайлау процесінің негізгі заңнама шеңберінде өтуіне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Арнайы спикерлер сайлау заңнамасын сақтау, құжаттамаларды толтыру, үгіт кезеңінде заң бұзушылықтарды болдырмау, байқаушылар және сенім білдірген азаматтармен жұмыс жүргізу, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау тақырыптары аясында дәріс оқыды.
Семинар аясында төрағалар, орынбасарлар және комиссия хатшылары арнайы топтарға бөлініп оқытылып, өзекті сұрақтар аясында кері байланыс жасады.
Әрі қарай оқыту өзге де комиссия мүшелері үшін каскад әдісімен жалғасты. Оқу процесі аясында барлығы 388 мүше оқумен қамтылды.
Айта кетейік, аудан әкімдерінің сайлауы 5 қараша күні өтеді.
Бүгінгі күні Сырдария ауданында 18 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Мұнда 120 комиссия бар. Ал, Шиелі ауданында 40 сайлау учаскесінде 268 комиссия мүшесі қызмет атқаратын болады.
Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы