Жаңғырудың жаңа кезеңі
Ертең еліміз бойынша тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұл саяси маңызы зор оқиға туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі «Twitter» парақшасында: «25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», – деп жазды.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама ҚР Президентінің өткен жылғы Жолдауында айтылған болатын. Сайлау – саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқан еліміздегі реформалардың тиімділігінің жарқын көрсеткіші. Яғни Мемлекет басшысы атап өткендей, сайлау – азаматтық патриотизмнің шын мәніндегі шынайы көрінісі екені айқын.
Ауыл әкімдері – жергілікті атқарушы органдарының басшысы ретінде әрбір қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесін оңтайлы шешуде маңызды рөлге ие. Сондықтан ауыл әкімдігіне үміткер тұлға өз ісінің білгірі және халық қамын ойлайтын, сенімін ақтайтын өз елінің патриоты болуы тиіс. Бұл ретте сайлаушылар өз әкімдерін дұрыс таңдап, дауыс беруде белсенділік танытқаны жөн.
Еліміз бойынша биылғы жазда 700-ден астам ауыл әкіміне бұқара халық дауыс береді. Біздің ауданнан Н.Ілиясов, А.Тоқмағамбетов және Іңкәрдария ауылдық округ әкімдері 25 шілде күні сайланады. Саяси науқанда көпшілік белсенділік танытуы тиіс.
Айта кету керек, саяси науқанның бұл жолғысы өзгерек болғалы тұр. Себебі, бұрын ауыл әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беріп сайласа, бұдан былай ауыл әкімдерін қарапайым халық сайлайды. Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі бұрынғысынша – 4 жыл. Ауданның өзге ауылдық округ әкімдері өкілеттік мерзімі аяқталған соң сайланатын болады.
«ТТ» ақпарат