Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өресі биік өнерлі өрендер

Өресі биік өнерлі өрендер

Нағыз таланттардың басым көпшілігі ауылдық жерден шығады. Дауысы кең даламен астасып, дархан дала төсінде әуелете ән салған әнші-жыршылар өнер мен таланттың, талап пен бақтың арқасында үлкен белестерді бағындырып, танылып жатады. Осындай өнерпаздардың ордасына айналған Қоғалыкөл ауылындағы клуб үйінің жанынан құрылған шығармашылық орталығының өнерпаздары түрлі мәдени іс-шараларда белсенділік танытады. Аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева басқаратын ұжым түрлі байқауларда топ жарып, мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, ауданымыздың абыро­йын асқақтатуда.

Ауылдық клуб үйі ұйым­дастырған мерекелік іс шараларда әуелете ән шырқап, кө­рер­мен көзайымына айналған кішкентай бүлдіршіндердің өне­­рі­­не тәнті болдық. Бұл – «Жадыра» шығармашылық орта­лы­ғының «Балалар хоры» үйір­­месінің өнерпаздары. Топ құ­­­­­ра­мында қыз балалар­­мен қатар ер балалар да өнер көрсетеді. Түрлі дауыс­­та ән шырқағанда бір-бірін толық­тырып, үлкен әншілерден кем түспейтін кішкентай өнер­паздарды клуб үйінің мәдени ұйым­дастырушысы Райхан Шүкірәлиева ұйымдастырып, өнер­ге баулып келеді. Өз кезе­гінде талабы мен таланты таудай әнші бүлдіршіндерді да­йын­­дап, түрлі байқауларға қа­­тыс­­тырып жүрген жетекші кіш­­кен­тайлардың ертеңінен көп үміт күтетінін айтады.

Топ құрамында сегіз қыз бала бар. Сондай-ақ алты ер бала өнер көрсетеді. Олар Айсана Жорабек, Ханшайым Алмасбекқызы, Күннұры Айдарбек, Аружан Бақтияр, Ақбота Мұрат, Інжу Алпысбай, Айсара Қияс, Айзере Сағынай және Раян Махмұт, Әбунасыр Ермекбай, Нұрлыхан Хасымхан, Ернұр Жамаладдин, Жанмәди Айқожа, Мирас Шәкірбек. Қазіргі таңда ауылдық округтегі №44 орта мектептің бесінші сыныбына аяқ басқан оқушылар мектеп өмірімен қатар клуб үйі жанындағы үйірменің белсенді мүшелері. Қай-қайсысы болсын мектепішілік және ауылда өткен іс-шараларға белсене қатысып, оқуға да, қоғамдық іс-шараларға да үлгеріп жүреді. Әнші бүлдіршіндер сабақты үздік оқиды. Ән өнеріне ден қойып, мәдениетімізді сұлу сазбен бойларына дарытып жүрген талапты бүлдіршіндер түрлі сайыстарға да жекелей қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтар болсақ, топтың беделді мүшесі Айсана облыстық ХХҮ «Бозторғай» балалар шығармашылық бай­қауына қатысып, ІІІ орынды жеңіп алды. Ал Ханшайым «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасын­дағы өнер байқауына және «Мұрагер» орталығының ұйым­дас­тыруымен жасөспірімдер арасында өткен «Жарқыра жұлдыз» атты рес­публикалық байқауға қатысып, бас жүлде­мен марапатталған. Сонымен қатар облыстық «Ақкөгершін» балалар байқауына қатысып, «Алғыс хат» иеленген. Күннұры аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Бозторғай» балалар шығармашылығына арналған ән байқауына қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталған.

– Хор үйірмесі ішінен ірік­теліп шығып «Балауса» балалар тобы аталып, клуб жанынан ұйымдастырылған бүл­­­­­дір­­шіндер тобы көпшілік іс-шара­ларға қатысып, көрермен көзайымына айналып жүр. Жоғарыда айтып өткен марапаттар балғындардың кіш­кентай ғана жетістігі. Әрі үлкен белестердің бастамасы деп білеміз. Талабы таудай әнші қыздарымыз болашақта Бибігүл Төлегенова, Майра Ілиясова секілді әнші-апаларының жолын жалғап, қазақ өнерін әлемге таныта берсін деп тілектестік білдіреміз, – дейді кішкентай әншілердің ұстазы Р.Шүкірәлиева.

Баланы жастайынан өнерге баулу орынды. Бұл – бір жағынан тәрбие көзі болса, екіншіден балалардың сабақтан тыс бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік болып табылады. Сондай-ақ баланың ынтасы мен қызығушылығына орай, талантын әркез жетіл­діріп, дамытып, білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беру маңызды. Сонымен қатар, болашақта үлкен өнер иесі, дарынды азамат болуына жасалған алғашқы қадам деуге негіз бар. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі қоғамда аса маңызды. Осы ретте, балғындарды ұлттық өнерге баулып, қызығушылығын шың­дап жүрген шығармашылық ор­та­лық жұмысына сәттілік тіле­гіміз келеді. Ал өнер айдынына бет алған кішкентайлардың ертеңі мол үміт күттіреді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
26 қыркүйек 2023 ж. 282 0