Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кісілік кілті – кішіпейілдікте

Кісілік кілті – кішіпейілдікте

Айналасын нұрға бөлеп, алыс-жақынға сыйлы болған, әр істің ебін тауып, мың жасар ұрпағын өрбіткен жандарды нағыз өнегелі өмір иесі деуге негіз бар. Ондай жандар ел-халыққа түгел сыйлы, кімнен сұрасаң да ол туралы жылы пікір, лебізін аямайды. Осындай өмір өрнегін түзуінен сызып, бүгінде 64 жасты алқымдаған Сәнібек Сүлейменов туралы мақала жазып, көпшілік назарына ұсынуымызға да сол халықтың ыстық ықыласына негізделген бас редактордың тапсырмасы сеп болып отыр.

Кейіпкеріміз 1959 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасын жақсы тәмамдағаннан кейін 1979 жылдан 1983 жылға дейін Қызылорда қаласындағы көпсалалы техникумда білім алған. Арнаулы орта білім алып, техник-механик мамандығын меңгерген С.Сүлейменов алғашқы еңбек жолын кенттегі «Қызғалдақ» балабақшасында жүргізуші болып бастаған. Кейін тәжірибе жинақтап, аудандық оқу-өндірістік комбинатында оқу шебері, ал 1996 жылдан бас­тап №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқарған. Білікті маман қызметін абыроймен атқарып, кейін автомобиль ісі жөніндегі мұғалім, мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметтерін жауапкершілікпен атқарған. Жалпы білім беру саласында отыз жеті жыл абыроймен еңбек еткен кейіпкеріміз жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосқан. Сонымен қатар аудандағы сайлау учаскесінің төрағасы қызметін қатар алып, еліміздегі маңызды саяси науқандардың әділ өтуіне атсалысқан. Қаншама жастың сауатты әрі кәсіби түрде көлік жүргізуіне себепкер болып, үйреткен Сәнібек аға әлі күнге дейін туыстарының балаларына көлік жүргізуде тәлімгер болып жүрген жайы бар.

– Мен 2005 жылдың жаңа жылы қарсаңында №35 мектеп-лицейінің директоры болып тағайындалдым. Оған дейін сырттай таныс, сәлем-сауқатымыз түзу болатын, Сәнібекпен таныстығымыз сол тұстардан бастап әріптестік байланыспен толыға бастады. Сол кезде оны мектептің шаруашылық меңгерушісі етіп тағайындадық. Ол өзі кез келген шаруаны айналдырып алып кететін адам. Қай шаруаны тапсырсаң да, тыңғылықты, уақытылы, асқан жауапкершілікпен орындайтын. Мектептің ішкі жұмыстарымен қоса қосымша ауданға маңызды шаруаларды атқаруда да белсенділік танытатын. Мысалы, дария арнасынан таситын мезгілде ер мұғалімдерді жинап, қауіптің алдын алуға жұмылдыратын. Сондайда Сәнібек ер азаматтарды ұйымдастырып, жинап, шаруаның басы-қасынан табылады. Техниканың тілін де жетік біледі. Сол кездері біздің мектепке демеушілікпен газель көлігі берілген. Су жаңа болмаған соң ол көлік бұзылады дегендей. Соның бәрін өзі жөндеп және жүргізуші болмаған соң, оны жүргізуді де өз мойнына алған. Алыс-жақын ауыл-аудандарға бару керек болса Сәнібек тізгінді алып, газель автокөлігімен зырылдатып апарып, алып келеді. Солай көп шаруаны мойнына алып, жұмысты жеңілдетеді. Және оның бәрін өзінің шын көңілімен жасап, адалдық танытады. Кімге болса да шын жаны ашып, көмектесіп жүреді. Отбасымен де жақсы араластық. Жұбайы екеуі біріне бірі сай жандар. Екеуінің де мінездері жайдары, жайлы, ақкөңіл. Кейін Сәнібек көп ауырып, бірнеше рет отаға түсті. «Аққа Құдай жақ» демекші, ниеті түзу азамат соның бәрін жеңіп шықты. Балаларына лайықты тәрбие беріп, бәрін қанаттандырып, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты ата, аяулы әже, – дейді кейіпкеріміздің әріптесі, ардагер ұстаз Ләззат Палымбетова.

Адал еңбек еленіп, Сәнібек Өзбекбайұлы аудан, облыс көлемінде марапат, алғысқа бөленіп, құрмет грамоталарына ие болғанын да атап өткен орынды. Осыдан үш жыл бұрын абыройлы зейнет демалысына шыққан ол қол қусырып қарап отыруды жаны сүймейді. Әркез қимыл-қозғалыста болып, кез келген жұмысты иіріп әкетеді. Замандастары Сәнібек аға туралы сұрай бастағанымызда ол кісінің көпшіл, ақкөңіл, адалдығымен қатар ұйымдастырушылық қабілетінің зор екенін айтты. Алыс-жақын туыста кімнің жиын-тойы болмасын ынта-шынтасымен араласып, ұйымдастырып, жоғын түгендеп, қолынан келгенше көмектесіп жүреді. «Саламатты өмір сүрудің басты қағидасы – спорт және қимыл-қозғалыс» дейтін ағамыз таңертеңмен спортпен шұғылданып, одан қалса күні бойы да тыным таппайды. Бұл туралы бізге кейіпкеріміздің қызы Айгүл айтып берді.

– Менің әкем сондай ақкөңіл, балажан кісі. Ағаштан да, темірден де түйін түйген, он саусағынан өнер тамған жан. Тіпті музыкалық білімі де бар. Гитара, баян секілді аспаптарда ойнайтын. Анамызға адал жар, бізге үлгілі әке болып, бүгінде немерелерінің сүйікті атасы шаңырақтың шаттығын еселеп отырған жайы бар. Әкеміздің қолынан келмейтін шаруа жоқ деуге болады. Техниканың тілін тапқан, әр істің ебін білетін адам. Кейде бір затты бұзылып қалды деп шығарып тастасақ, ертесіне сол затты жап-жаңа секілді етіп жөндеп әкеп береді. Ақкөңілділігі сол, үйден ұзап, еншісін алып бөлек кеткен біздің туған күнімізді де қара шаңырақта атап өтіп, өзімізді қонақ етіп жібереді. Кешкісін немесе таңертең бой жазып, серуенге шығады. Сондағысы балаларының үйлерін, қызмет жасаған мектебін сырттай бақылап, шолып шығады екен. Онысын риза көңілмен айтып отырады, – дейді кейіпкеріміздің кіші қызы Айгүл.

Сәнібек аға балаларына, немерелеріне ұдайы ақ жүріп, адал еңбек ету керектігін айтып отырады. Ешкімнің ала жібін аттамай, таза еңбектен ғана береке табуға болатынын тәлім етеді. Сондай-ақ «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» дегеннен аулақ болып, әр істі үйренуге бағдарлайды. «Қолымнан келмейді деме, тәуекелшіл бол, ниетің түзу болса, кез келген істің ебін табасың» деп үйретеді балаларына.

Сәнібек Өзбекбайұлының жары Алимаш апай отағасының бабын тауып, отбасы мен қызметті қатар алып жүрген жан. Медицина саласының ардагері бүгінде зейнет демалысында. Ағамыз бен апамыздың бір-біріне деген сыйластығына еш сызат түскен емес. Ұл-қыздары бір әсерлі оқиғаны баян етті. Сәнібек ағаның жүрегі сыр беріп, ота үстеліне жатыпты. Жағдай ушығып, кеудесін ашып, жүрегіне ота жасапты. Кеудесі сөгіліп, ішінде бүлкілдеп соғып тұрған жүрегін көрген Алимаш апамыз көзіне жас алып қалса керек. Сонда өзі хал үстінде жатқан ағамыз жарын жұбатып, «Көрдің бе, бұл менің саған деген жүрегімнің лүпілі» дейтін көрінеді. Еш артық әңгімесіз, еш талдаусыз, қараңызшы, не деген азаматтық, не деген үлкен жүректен шыққан, тауып айтылған сөз. Білікті дәрігер Әмірбек Шәмкенов жағдайы ауыр науқасты әрі жолдасын Алланың қалауымен аман алып қалған екен. Сонда қиын сәттен өзінің өмірге деген ерекше құштарлығымен сау шығып, құлан-таза айыққан Сәнібек ағаға риза болған емхана қызметкерлері қос қапталға тікесінен тік тұрып, сап түзеп, қошеметтеп шығарып салған екен.

Сәнібек аға мен Алимаш апай екі ұл, екі қызды тәрбиелеп, өсіріп, үлкен өмірге қанаттандырған. Үлкен ұлы Тынышбек әке жолын жалғап, техника-көлік саласында қызмет етіп жүрсе, қыздың үлкені Аида – жеке кәсіпкер әрі көпбалалы ана. Одан кейінгі қыз Айгүлі мектепте мұғалім болса, қарашаңырақтың егесі Төребек өрт сөндіру саласында еңбек етіп жүр. Үлкен отбасының келіндері мен күйеу балалары да өскен-өнген әулеттің ұл-қыздары. Бүгінде әрқайсысы түрлі салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып, адал еңбектен бақ тауып келеді. Әкенің тәрбиесін, ананың ақ сүтін бойға дарытқан ұл-қыздар бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі, ата-аналарына 16 немере сүйгізіп отырған жайы бар. Алла жазса, өріс кеңейіп, немере-шөберелер көбейіп, ата-әжесін қуанта берсін деп тілек білдірмекпіз. Ал Сәнібек аға мен Алимаш апайдың өнегелі өмірі ұрпақтарына үлгі. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей өсіп-өнген, өнегелі жанұяға амандық-саулық, отбастарына береке-бірлік тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 тамыз 2023 ж. 279 0