Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі ардагер

Абырой биігіндегі ардагер

Халық даналығында «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тағылымы мол сөз бар. Иә, расында да ұлағатты ұл-қыз өсіріп, оларға білім мен тәрбие беріп, кейін сол ұрпағыңның жақсы жетістігін көруден асқан жақсылық бар ма! Биыл сексен жастың сеңгіріне қадам басқан Аманкелді Шәкірұлын сондай тұлғалар санатынан десек қателеспейміз. Ардақты ардагер өзінің 80 жылдық мерейтойына зор абыроймен, қуанышпен жетіп отыр деп айтуға толық негіз бар.

Кейіпкеріміз Тереңөзек ауданына қа­расты Үлгі ауылында дүниеге келген. Әке­­ден ерте айырылып, тұрмыс тау­­қы­­ме­тін тартқан ол отба­сында төрт ағай­ын­ды болыпты. Бізге өзінің өміржолы ту­­ралы әңгімелеуді осыдан бас­таған Аман­келді Шәкірұлы өткен күндерді ой еле­­гі­нен өткізді.

– Әкем Шәкір 1949 жылы қайтыс болды. Ол кезде үлкеніміз Мұхамедияр 13 жас­та, апам Бибажар 8 жаста, мен 6 жас­та, ал інім Өтеген алты айлық болатын, – деді қария.

А.Шәкірұлының айтуынша, әкесінің өмір­­­­­ден өткені кішкентай болса да есін­де сақталып қалыпты. Ол уақытта әлі тоқ­шылық болмаған кез екен. Десе де қасиетті қарашаңырақтан қонақ үзіл­мейтін. Әкесі тірі кезде де, өмірден өткен соң да ауылға келген уәкілдер, қонақтар Шәкір ақсақалдың шаңырағына жиі бас сұғатын. Бұл отбасының қонақ­жайлылығын, кісі жатырқамайтын қасиетін білдірсе керек-ті. Айта кету керек, бұл жақсы қасиет ұрпақтарына да сіңісті болып, осы уақытқа дейін жақсы дәстүр лайықты жалғасып келеді. Ардагер бізбен әңгімесінде ұстаздары, алғашқы еңбек жолының бастал­уы, қызмет бабындағы әріптестері мен дос­­­та­ры, жетістіктері жөнінде айтып берді.

«...аудандық ауылшаруашылық бас­қар­­масына техника қадағалау инс­пек­торының көмекшісі болып орналас­тым. Бұл жұмысты алты ай атқарғаннан кейін мені аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі К.Наурызбаев шақырып, аудан­­­дық ДОСААФ ұйымының төрағасы қызметіне орналасу жөнінде ұсыныс айтып, бағыт-бағдар берді. Аудандық ДОСААФ ұйымының төрағасы аудандық партия комитетінің бюросында бекітілуі керек екен. Бірінші хатшы Қонысбек Қазантаев іс-сапарда болғандықтан бюроны аудан­дық партия комитетінің үшінші хатшы­сы Көбейсін Исаев жүргізді. Сөйтіп, менің ДОСААФ ұйымын басқарған 13 жыл 4 ай қызметтік кезеңім басталды. Ұйымда қызмет атқарған оқытушы нұсқау­шы­лар мен техник қызметкерлердің барлығын ілтипат­пен еске аламын» дейді Аманкелді Шәкірұлы.

Айта кету керек, бұл туралы кейіп­керіміз өзінің «Өмір иірімдері» атты ғұмырбаяндық кітабында да кеңінен жазған. Ол туралы біз былтыр жергілікті басылымда жазғанбыз. Сол туындысында қазыналы қария қызмет бабында аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Көбейсін Исаев пен аудандық спорт мек­тебінің директоры Кеңес Иноятовтың ақыл-кеңес бергеніне, өмірлік мол тә­жірибесімен бөліскеніне назар ауда­рып, дәс­­түрлі қой төлдету науқанының өзіндік қиыншылығын қарапайым тілмен суреттейді. Бұл сол кезеңдегі қызмет пен қоғамдық жұмыстардың қарқынды түрде қатар жүргізілгенін аңғартады. Сонымен қатар бірлесе атқарған жұмыс­тардың нәтижесінде А.Шәкірұлы басқар­ған ұйымдағы штат саны 16 бірлікке ұлғайғанын, 3 жүк көлігі, 1 жеңіл автокөлік, 10-ға жуық жол және спорт мотоциклдері сатып алынғанын, 1974-1987 жылдары ұйымның аудандағы іргелі меке­меге айналғанын атап өтуіміз қажет. А.Шәкірұлы сондай-ақ 1968-1969 жылдары Жалағаштағы №150 кәсіптік-техникалық училищеде спорт нұсқаушысы қызметін атқарған. Мұнан соң, яғни 1969-1973 жылдары аудандық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы ретінде еңбек еткен. 1988-2007 жылдары Сырдария аудандық мем­лекеттік техника қадағалау инженер-инс­пекторы қызметтерін атқар­ғанын, қыз­метте елге белгілі азаматтармен әріп­тес, сыйлас, сапарлас болғанын да айтып өткеніміз жөн. Ең бас­тысы, қай қызметті атқарса да тапсырылған жұмысқа тия­нақты болған кейіпкеріміз жақсы нәти­же­­лерге де қол жеткізе білген. Бұл А.Шәкірұлының ыждағаттылығын және әр іске мұқият қарайтынын білдіреді.

Сексен жасқа сергек жеткен арда­гердің әңгімесінен және біз толық оқып шыққан кітаптағы анасы Рахила жайлы жазған естелігінен әулеттің тектілігін, қонақжайлылығын аңғаруға болады. Сондай-ақ, А.Шәкірұлының бауырларына, достарына, көршілеріне құрметі мен ықыласы ерекше. Оның ішінде, жары Орынкүл Жәркенова екеуі бағып-қағып өсірген ұлағатты ұрпақтарына деген көңілі тіптен ерекше. Әр баласының жетістігін, еңбектегі нәтижелі істерін мақ­танышпен айтатын қария шыққан тегі мен бабалар шежіресіне, оны ұрпақтар санасына сіңіруге жіті мән береді.

– Шығыс даналығында «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген сөз бар екен. Меніңше, ізгілік деген – адал еңбек, ұлағатты ұрпақ, ағайын-туысқа қамқорлық. Кім болсаң да, қандай қызмет атқарсаң да отбасы құндылығын ұмытпау керек деп есептеймін. Мәселен, қызмет – уақытша берілетін мүмкіндік. Оны дұрыс пайдаланып, жақсы жетістікке жете біл­сең ғана сыйлы, құрметті боласың. Өзім еңбек жолыма да, өмір жолыма да ризамын. Қызмет бабымен талай азаматтармен кездесіп, сұхбаттастым, сырлас­тым, сапарлас болдым. Мәселен, ДОСААФ мекемесінің орта­лық ұйымының басшысы, генерал-майор Б.Байтасовпен кездесуім әлі күнге есімде. Жақсы естеліктер жадымда көп. Бәріне шүкір деймін, – дейді Аманкелді Шәкірұлы.

Ардагер ұзақ жылғы еңбегі үшін түрлі марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, «Сыр­дария ауданына – 90 жыл», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агро­өнеркәсіптік кешендегі мемле­кеттік инс­пекция комитетінің аумақ­тық бас­қар­масының құрылғанына – 20 жыл, «ДОС­ААФ Орталық комитетінің құрыл­ғанына – 50 жыл, 90 жыл» медальдарымен, «Ауыл шар­уа­­шылығы саласының арда­герлері» қоғам­дық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төс­белгісімен, аудан әкім­дерінің алғыс хаты­мен марапатталған. Ауданы­мызда мем­­ле­­кеттік техника қада­ғалау инс­пекторы қызметінде адал қызмет жасап, абырой­мен зейнетке шыққан қария «Жаным – арымның садақасы, арым – жанымның садақасы» деген қағидамен өмір кештім» дейді.

Бүгінде қарияның ұл-қыздары өсіп, же­тілген. Олар түрлі салада еңбек етіп жүр. Үй­дің үлкені Қайрат облыстық табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Табиғат» ме­­ке­­­месінде басшының орын­­­басар болса, Бақыткүл аудандық аурухананың дәріхана мең­герушісі. Кенже ұл Нұрлыбек көп жылдар салық органдарында басшылық лауазымдар­­да еңбек етті, қазір салық салу бойынша кон­­салтинг­­тік қызметтерін көрсететін «NUR CONSULT KZ» ЖШС директоры. А.Шәкірұлы мен О.Жәркенова ұл-қыздарынан 15-тен ас­там немере, 10-ға жуық шөбере сүйіп отыр. Не­мере-шөберелер де ата-әже­лерінің, әке-ана­­ларының сенімін ақтап, Астана қала­сында, өңірімізде еңбек етіп, оқуларын үздік оқып жүр.

Айтары бар ақсақалмен сөйлесіп, пікірлесу арқылы адам өмірінің қызықты да қуанышты, сынақты да сындарлы сәттері мен ұмытылмас кезеңдері жөнінде көп ой түйдік. Сексенге келсе де қолынан қаламын тастамаған қария қызметтегі адалдық пен ізденісті, азаматтар арасындағы сыйластық пен бауырмалдылықты насихаттауды азаматтық парызы санайды. Мұнан бөлек кейінгі толқын жастардың аға буынның еңбегіне қанық болса деп тілейді.

Сексен жасқа сергек жеткен қария тоқсан жылдық торқалы тойын ағайын-туыстың ортасында тойлап, ғасырлық мерейтойын ұрпақтарымен бірге қарсы алсын деп тілейміз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
02 қыркүйек 2023 ж. 530 0