Яхия Тасыров – 101 жаста
Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров екінші қаңтар күні 101 жасқа толды. Ғасыр ғұмыр иесі айтулы белеске зор абыроймен, үлкен қуанышпен жетіп отыр.
Отан үшін от кешкен майдангерді 101 жасқа толуымен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының аудандағы төрағасы А.Ибрагимұлы бастаған аудан жастары, яғни бейбіт күннің төл ұрпақтары құттықтады. Жастар майдангерге құрмет көрсетіп, өлең оқып, ән айтып, игі тілектерін арнады.
– Сіз Сырдария ауданының ғана емес, күллі сырбойылық жастардың үлгі тұтар абыз ақсақалысыз. Жеңісті жақындатып, бізге берекеге толы бейбіт күнді сыйлаған сізге шексіз алғыс білдіреміз. Өнегелі өмір жолыңызды әркез үлгі тұтамыз. 101 жасқа толған туған күніңізбен құттықтаймыз және елге батагөй қария, ақылман ардагер болып жүре беруіңізге тілектеспіз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ, денсаулығыңыз мықты болып, ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз, – деді аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы.
Ардақты ардагер жастарға соғыс жылдарында бастан өткерген қиындықтар туралы естеліктер айтты. Әрбір адамның бейбіт күннің қадірін білу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ береке мен ырыстың туы желбіреген Қазақстанның, оның ішінде Сыр елінің дамуына тілектестігін білдіріп, жастарға ақ батасын берді. Осылайша, жастар 101 жасқа толған қариямен кездесіп, ақ батасын алып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
«ТТ» ақпарат