Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырлар әулеті

Батырлар әулеті

Мамыражай мамырдың мерейлі ме­рекесінің бірі – Жеңіс күні. Расында да бұл күн Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерімізге де, олардың ұрпа­ғына да ерекше. Осынау жарқын сәт­ті жылда Сырдария ауданындағы Құл­ма­қовтар әулеті асыға күтетіні белгілі. Себебі нағыз батырлар осы отба­сы­дан шыққан. Керегесі кең, үл­кен шаңырақты құрған иелері – Ұлы Отан соғысының ардагері Молдабек Құлмақов пен тыл ардагері Кәпеш Құлмақова. Міне, әңгімеміз осы кісілер жайлы өрбімек.

Ардақты ардагер мен алтын құрсақты ана

Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен заманда елінің амандығы мен жерінің бүтіндігін қызғыштай қорыған қазақ қаһарманы, Сырдың тумасы – Молдабек Құлмақов. Молдабек атамыз 1922 жылдың жазында Ақжарма ауылында байдың әулетінде дүниеге келген. Бірақ балалық шағынан тағдыр кейіпкерімізді апасымен бірге сынаққа көп алды. Ағайынды Құлмақовтар ата-анасынан ерте айырылып, қалған өмірі жетімдер үйінде өтті. Одан кейін туысқан ағасының қолында тәрбие­ленген.

Енді ғана жетімдікті, қиындықты жеңдім бе деген кезде нағыз жастық шақтың жалындай бастаған тұсында Молдабек Құлмақовты сұрапыл со­ғыс Отанын қорғауға алып кетті. Оның ерлік жолы Ресей елінің Псков қаласында өткен. Бірақ жас сар­базға 1943 жылы аяғынан ауыр жара­қаттанып, елге қайтуға тура келді.

Ол туған өлкесіне келген соң да қарап қалған жоқ. Қайта ауылда егін, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алды. «Еңбек түбі – береке» демекші, Алла еткен шаруасын несібелі етті. Алайда ер жігітке жалғыз жүрген жарас­пас. Үйленуді ниет еткен кейіпкеріміз 1946 жылы ақжармалық ару Кәпеш Ахметқызымен шаңырақ көтерді. Ол кезде Кәпеш апамыздың жасы небәрі он жеті жаста екен. Қожалар әулетіне келін болып түсіп, талайға толассыз дархандылық танытқан. Кәпеш апамыз отбасылық өмірінде әрқашан арқасүйер азаматына демеу болып, қызмет пен үй шаруа­­­сын қатар алып жүрді. Алла берген ырзық несібенің арқасында он баланы өмірге әкеліп, «Батыр ана» атанды. Әр перзентті құтты орынға қондырып, шаңырақ шаттыққа бөленуде. Бұл – 60 жыл бір­ге бір шаңырақ астында тұрған Мол­дабек ата мен Кәпеш әжеміздің жемісі.

Қазақта «бейнетіңнің зейнетін көр» деген сөз бар. Осы сөз кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысының ардагері Молдабек атамызға арнайы айтылғандай ма дерсіз. Балалық шағынан әртүрлі қиындықты көрген ол, үйлі болған соң ұрпағымен ұзақ жасап, рахатын көрді. Міне, бұл да бақыттың бір бөлшегі. Атамыз сексеннің үстіне шығып, дүниеден өтсе, ақ жаулықты анамыз тоқсан жасында көз жұмған.

Бүгінде Молдабек атамызбен Кә­пеш әжеміздің әр жыл сайын алған мара­паттары, медальдары Жамбыл Жабаев көшесіндегі қара шаңырақтың төрінде ілулі тұр. Қазіргі күні баласы Ербол ағамыз отбасымен үлкен үйге ие болып, берекелі мекенге айналдырып отыр. Шыны керек, осы үйге кірсеңіз, қонақ бола қалсаңыз, дәмге толы дастарқаны жаюлы, үй иелерінің құшақ жаятын қонақжайлылығы, қа­ра­пайымдылығы, адамгершілігі, ыс­тық ықыласы сезіліп тұрады. Себебі бұл ұр­пақтың ата-анасы да сондай жан­дар болатын.

– Әкем өмірде тек шындықты қа­лай­тын, өтірікті жек көретін кісі болды. Асқар тауымыз соғыс туралы көп айта бермейтін. Өйткені жамандықты шақырмас үшін жаман сөзді жиі айт­қызбайтын. Онысы да дұрыс шығар деп ойлаймын. «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген бар емес пе...

Бірақ бір білерім, елге аман орал­ғаннан кейін Д.Қонаевқа өз қолымен хат жазған. Әйткенмен хатқа жауап келмеді, – деп есіне алды шаңырақтағы ұлы Ербол Құлмақов.

Ал немерелері Берлан және Дархан Құлмақовтардың айтуынша, Молдабек атаның мінезі жайлы, қарапайым, еңбекқор, көп сөйлей бермейтін, айналасына қамқоршы адам болған.

– Атамыз шаруаға да өте жайлы болды. Біз ес білгелі ол кісі егін шаруашылығымен айналысты. Сол кезде Оразбек, Оразхан секілді ұл­дары­на дейін бәріміз егіннің басына барып көмек беретінбіз. Қазір сол екі ұлы, біздің әкелеріміз қайтыс бол­ды. Міне, соның бәрін атамыз көшбасшы болып, ұйымдастыра білді. Немерелеріне үнемі ақылын айтатын. «Біреудің ала жібін аттамаңдар, өтірік айтпаңдар» деп отыратын. Біз үшін үлгі болар батыр ата деп білеміз, – деген әдемі естелігімен бөлісті немересі Бер­лан Оразбекұлы.
Адам ұрпағымен ұзақ жасайды. Осындай саналы ұрпағы бар да Молдабек атаның шаңырағының түтіні өш­­­пей­­­ді, есімі ұмытылмайды. Қазірдің өзінде он баладан немере, шөбере, одан шөпшекке жалғасуда. Балалары осы бақыттың бәріне тек шүкіршілік етіп, ата-анасын осылай жылы естелік­пен еске алып, Құран бағыштап отырады.

Тілші түйіні: «Биыл біздің кейіп­ке­ріміз Ұлы Отан соғысының ардагері, аудан­ның ар­дақты ақсақалы Молдабек Құлмақ­ов тірі болғанда ұрпағы жүз жылдығын атап өтер еді. «Әке­міз­ге осы күзде үлкен ас бергіміз келіп отыр. Себебі өмірден кеткеніне биыл 20 жыл болады. Сондай-ақ ауданнан ас­қар тауымыздың есіміне бір көше атауы берілсе деген ниетіміз бар» деп ой­ларын ортаға салды балалары.
Қай жерде жүрсе де, қанша жас жаса­са да, өзіне тән көркем мінезі, салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, Отанын жаудан қорғаған, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал еңбек етудің тәлімін, өнегелі өмірдің үлгі­сін көрсеткен кейіпкеріміз Молдабек Құлмақовқа көше атауы берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бізге бей­­біт өмір сыйлаған батырдың атын елі ұмытпауы тиіс.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ
07 мамыр 2022 ж. 630 0