Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тағылымы терең туынды

Тағылымы терең туынды

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманкелді Шәкірұлының  «Өмір иірімдері» кітабын оқығаннан кейінгі ой

Бұйырса келесі жылы сексеннің сеңгіріне аяқ басатын Аманкелді Шәкір­ұлы жақында аудандық газет редакциясына келді. Шығармашылық ізденіс­те жүрген ардагер жергілікті басылымның әр нөмірін үзбей оқитынын айтып, руханият туралы пікірлерімен бөлісіп, ақпарат айдынында тынбай еңбек етіп жүрген газет тілшілерінің жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ, «ASU» бас­па үйінен жарыққа шыққан «Өмір иірімдері» атты авторлық кіта­бын өзінің қолтаңбасымен естелікке ұсынды. Ардагердің кітабын оқып, та­ғы­лымы терең туындыдан өмірдің өнегеге толы кезеңдері жөнінде терең ой түйдік. Бүгін сол туралы жазып, кітаптан алған әсеріммен бөліспекпін.

Ұлы Дала төсінде ержүрек ептілігімен ғана емес тамыры терең тектілігімен та­нылған ата-бабамыз алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа аманат етер өсиетін ар­қалаған кітапты ерекше қадірлеген. Содан да болар халқымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Адам кітап оқығанды тоқтатқанда ойлауды да тоқтатады» деген даналық сөзі бар. Иә, ойлау үшін оқу керек болса, оқу үшін сапалы, мазмұнды, мағыналы кітап керек. Ал қолымыздағы «Өмір иірімдері» атты кітаптың атауының өзі оқырманды қызықтырып, автордың жүй­рік қаламына арқау болған туындының салмағын арттырып тұрғандай.


Расында да әр адамның өмірі жазыл­маған тарих, түсірілмеген фильм емес пе... Осындайда ауыл шаруашылығы сала­сының ардагері Аманкелді Шәкірұлының өзінің өмір жолын қағаз бетіне түсіріп, ғұмырының қуатты да шуақты сәттерін бір кітапқа топтастыруы үлкенге де, кішіге де үлгі-өнеге, ұрпақтарға қажетті дүние екені сөзсіз.

Қолымыздағы кітап автордың өмір­баянымен басталыпты. «Тереңөзек ауданына қарасты Үлгі ауылында дүниеге келіппін» деп өз өмірінен сыр шерткен автор балалық шағында, яғни өткен ғасырдың 50-ші жылдарында колхоздандыру жұмыстары жүргізілгенінен, соның негізінде «Қызылдихан» колхозы пайда болғанынан дәйекті дәлел келтіріпті. Автордың өз әкесінің қайтыс болғанын баяндауынан сол кездегі қиын әрі күрделі кезеңді елестетуге болады.

«Әкем Шәкір 1949 жылы қайтыс болды. Ол кезде үлкеніміз Мұхамедияр 13 жаста, апам Бибажар 8 жаста, мен 6 жас­та, ал інім Өтеген алты айлық болатын. Әкемнің өмірден өткені кішкентай болсам да есімде қалыпты. Ол уақытта әлі тоқшылық болмаған. Әкем қайтыс болғанда мал сойылып, қонақасы бе­рілген. Үйімізге ауылға келген уәкілдер, қонақтар көп келетін. Әке-шешемнің қо­нақ­жайлылығы, кісі жатырқамайтын қа­сиеті ұрпақтарына өнеге болғаны шы­ғар, осы уақытқа дейін сол дәстүр жал­ғасып келеді» деп сыр шертеді автор ғұмырбаяндық кітапта. Мұнан кейін ұс­таздары, өзінің алғашқы еңбек жолының басталуы, қызмет бабындағы әріптестері мен достары, жетістіктері жөнінде баяндайды. Осы орайда автордың мына бір естелігіне назар аударғанды жөн көрдім.

«...Аудандық ауылшаруашылық бас­қар­масына техника қадағалау инспек­торының көмекшісі болып орналастым. Бұл жұмысты алты ай атқарғаннан кейін мені аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Камаладин Наурызбаев шақырып, аудандық ДОСААФ ұйымының төрағасы қызметіне орналасу жөнінде ұсыныс айтып, ба­ғыт-бағдар берді. Аудандық ДОСААФ ұйымының төрағасы аудандық партия комитетінің бюросында бекітілуі ке­рек екен. Бірінші хатшы Қонысбек Қазан­таев іс-сапарда болғандықтан бюроны аудандық партия комитетінің үшінші хат­шысы Көбейсін Исаев жүргізді. Бюро мүшелеріне мені таныстырғаннан кейін: «Кімде қандай пікір бар?!» деп ортаға сауал тастады. Сол мезетте аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Мақсұт Әб­діразақов: «Жолдастар, мекеменің үлкен-кішісі болмайды. Мекемеге жаңа басшы тағайындалайын деп жатыр екен, маған неге ол кісі таныстырылмайды?» деп сұрақ қойды. Сонда Көбейсін ағай: «Біздің бюрократтығымыз ұстаған жоқ, керісінше жігіттер барлық бюро мүше­леріне таныстырылды деген соң, бұл мә­селе бюроның күн тәртібіне енгізілген болатын» деді. Ол кісі үнсіз қалды. Сонымен менің ДОСААФ ұйымын басқарған 13 жыл 4 ай қызметтік кезеңім басталды. Ұйымда қызмет атқарған оқытушы нұсқаушылар мен техник қызметкерлер А.Мырзабаев, Ж.Қапанов, П.Әбсадықов, А.Нұрлыбаев, Ө.Жоламанов, З.Дәрібаев, К.Жүсіпов, Қ.Мұхамедияров, А.Жүсіпов, Қ,Әлшеров, Т.Дәуренов, Т.Сұлтанов, А.Ер­ғалиев, Б.Сейсенов, О.Жарасов, Д.Му­саев, Г.Маханғалиева, Т.Жұмаділова, А.Мұстафаев, Б.Таңатароваларды ілти­пат­пен еске аламын» деп өткен күн­гі естеліктерді қаламына арқау етеді. Қыз­мет бабында аудандық партия ко­митетінің үшінші хатшысы Кө­бей­сін Исаев пен аудандық спорт мектебінің директоры Кеңес Иноятовтың ақыл-кеңес бергенін, өмірлік мол тәжірибесімен бө­ліскеніне назар аударып, дәстүрлі қой төлдету науқанының өзіндік қиыншы­лығын қарапайым тілмен суреттейді. Бұл сол кезеңдегі қызмет пен қоғамдық жұмыстардың қарқынды түрде қатар жүр­гізілгенін аңғартады. Сонымен қа­тар, бірлесе атқарған жұмыстардың нәти­жесінде А.Шәкірұлы басқарған ұйымдағы штат саны 16 бірлікке ұлғайғанын, 3 жүк көлігі, 1 жеңіл автокөлік, 10-ға жуық жол және спорт мотоциклдері сатып алынғанын, 1974-1987 жылдары ұйымның аудандағы іргелі мекемеге айналғанын атап өтуіміз қажет.


А.Шәкірұлы кітапта өзінің 1968-1969 жылдары Жалағаштағы №150 кә­сіптік-техникалық училищеде спорт нұс­қаушысы, 1969-1973 жылдары ау­дан­дық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы, сондай-ақ 1988-2007 жылдары Сырдария аудандық мем­лекеттік техника қадағалау инженер-инспекторы қыз­меттерін атқарғанын, қыз­­метте елге белгілі азаматтармен әріп­тес, сыйлас, сапарлас болғанын нақ­ты мәліметтермен, естеліктермен то­лық­ты­­рып жазады. Бұл автордың ыждағат­ты­лы­ғын, тиянақ­тылы­ғын және әр іске мұқият қарайтынын білдіреді.

Кітапта автордың анасы Рахила жайлы жазған естелігінен әулеттің тектілігін, қонақжайлылығын ұғынуға болады. Сон­дай-ақ, туындыда А.Шәкірұлы бауыр­лары, достары, көршілері, балалары мен шыққан тегінің шежіресі туралы бөлек-бөлек жазған. Сонымен бірге, кітаптың суреттер бөліміне автор өзі­нің әскери борышын өтеген жылдары, Мәскеу қаласында мамандық же­тілдіру курсында оқыған кездегі, ДОСААФ ме­ке­месінің орталық ұйымының басшы­­сы, генерал-майор Б.Байтасовпен кез­десудегі және отбасылық қуаныш-тойларда түсі­ріл­ген суреттерді енгізген. Жалпы, оқырман қауымға арналған кі­тап­ты оқу арқылы адам өмірінің қызық­ты да қуанышты, сынақты да сындарлы сәттері мен ұмытылмас кезеңдері жө­нінде ой түйдік. Тағылымы мол туын­ды қызметтегі адалдық пен ізденісті, аза­маттар арасындағы сыйластық пен бауырмалдылықты насихаттайды десек қа­телеспейміз. Мұнан бөлек, кейінгі тол­қын жастардың аға буынның еңбегіне қанық болуына жол ашады. «Өмір иірі­мі» атты кітап ғұмырбаяндық жинақ бол­ғанымен бірлігі бекем, тірлігі көркем, Ұлы дарияны жағалай орналасқан Сырдария мен Жалағаш аудандарының тарихынан да сыр шертеді. Өйткені, кітапта ауданды басқарған, бүгінде есімі облысқа белгілі қайраткер-тұлғалар мен олардың жемісті еңбек жолы туралы да айтылады. Бір сөзбен айтқанда, Аманкелді Шәкірұлының бізге естелікке ұсынған кітабы – өсиеті мол, тағылымы терең туын­ды. Оқырман қауымға «Өмір иірімі» кіта­бын оқуды ұсы­намын.

Ақтөре Ибрагимұлы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі
18 қаңтар 2022 ж. 301 0