Ақерке – Азия чемпионы
Қазақтың ұлттық ойыны әрі есеп-қисапқа негізделген спорт түрі – тоғызқұмалақ ойнауды кішкентай күнінен жанына серік еткен тереңөзектік Ақерке Кенжебекова Азия чемпионы атанып, ел мерейін үстем етіп қайтты. Бұған дейін де Азия чемпионы атағын иеленіп, тамыз айында Моңғолияда өткен чемпионатта 9 мемлекеттен келген 200-ден астам спортшыны тағы да шаң қаптырған Ақеркемен сұхбаттастық.
– Ақерке, жаңа белес, екінің біріне бұйыра бермейтін жеңіс, екі дүркін «Азия чемпионы» атануың құтты болсын! Ең алдымен оқырманға өзіңді таныстырып өтсек?
– Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тумасымын. 2007 жылы осы елді мекендегі білімнің қара шаңырағы атанған О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектебінің табалдырығын аттадым. 2018 жылы оқуды бітіріп, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы университеттің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түстім. Отбасыма келер болсам, әкем, анам, әпкем, мен және інім бар. Қазіргі таңда Жалағаш ауданындағы «Наркескен» спорт клубында жаттықтырушы болып жұмыс жасаймын. Тоғызқұмалақ үйірмесінде оқушылар дайындаймын.
– Негізгі бағытымыз тоғызқұмалақшы Ақерке туралы болғандықтан, бірден спорт саласына ойысайық. Спортқа қай кезде, қалай келдің? Тоғызқұмалаққа бейімделуге не әсер етті?
– Спортқа негізінен әпкемнің ықпалымен келдім деп айтуға болады. Себебі осы тоғызқұмалақ үйірмесіне бастапқыда әпкем қатысқан еді. Ақнұр тоғызқұмалағын үйге алып келіп, жаттығып жүрді. Отаудан отауға тасырлап түсіп жататын құмалақтарға қарап ерекше таң болып, қызығатынмын. Спорттың бұл түрін таңдауыма балалық кездегі осындай қызығушылығым себеп болған шығар. Үйірме жетекшілері мектепке келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үйірмелерге қатысуға үндейтін. Сондай сәттің бірінде мен де топқа қосылдым. Ол кезде небәрі 2 сыныпта оқитын едім. Спорт саласында үлкен жетістіктерге жетуімде атам Кенжебек Әбдіхановтың да рөлі зор. Орман шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын атам мені кішкентайымнан қолдап, түрлі жарыстардан қалдырмауға тырысатын. Осылайша тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығым арта түсті. Кішкентай балаларды бейімдеуде, оның қызығушылығын дамытуда мұғалімнің рөлі зор ғой. Ағайым Білімжан Елеусінов оқушыларға жақсы қарап, ойынның қыр-сырын жалықпай үйретті. Менің ойымша, қандай спорт болмасын жаттықтырушы өз ісінің білікті маманы болса, сол спорттан көптеген чемпион шығады. Міне сондай білікті маман, өз ісінің нағыз шебері деп Білімжан ағайды айта аламын. Қазір ол кісі менің спорттағы жаттықтырушым болмаса да, өмірлік ұстазым болып қалары анық. Тіпті, Қызылорда бойынша ең мықты ойыншылар Тереңөзектен, Білімжан ағайдың үйреткен спортшыларынан шығуда деуге негіз бар.
– Тоғызқұмалақ ойыны несімен ерекше? Ойында не маңызды?
– Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық ойындарының бірі, тіпті Абай Құнанбайұлының сүйікті ойыны болған екен. Сондай-ақ, адамның ойлау қабілетін, логикасын дамытатын қыры және бар. Сонымен қатар бұл ойынның тәрбиелік мәні де зор. Баланы сабырлыққа, ұстамдылыққа, төзімділікке, кез келген істе терең ойлай білуге дағдыландырады. Айта кетерлігі, спорттың бұл түріне тереңінен машықтанған жандарға түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, бағы мен бабын сынап көруге мүмкіндіктер зор. Яғни, түрлі қала мен ел аралап, қазақтың ұлттық ойынын насихаттауға да болады. Ойында ең маңыздысы асықпай дұрыс шешім шығара білу. Есепке жүйріктік пен логиканың мықтылығы да басым рөл ойнайды.
– Биылғы Азия чемпионаты қалай болды?
– Ең бірінші мен 2010 жылы Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер чемпионатына қатысып, тоғызқұмалақтың «классика», «рапид» деген екі түрінен де 1 орын алдым. Сол кезден бастап осы спортты әрі қарай үйреніп, өз қабілетімді шыңдауым керегін түсіндім. Азия чемпионатына жолдамамен қатыстым. Ол жолдамаға Қазақстан Республикасының Ересектер арасындағы чемпионатынан 1,2 орын алған адамдар ие бола алады. Мен Шымкент қаласында сәуір айында өткен Ересектер арасындағы чемпионатта «классика» түрінен 2 орын алдым. Солай Азия чемпионатына жолдама жеңдім. Моңғолия мемлекетінде, Баян-Өлгей қаласында 4-12 тамыз аралығында Азия чемпионатына барлығы 9 мемлекеттен 200-ден астам спортшы қатысты. Басты қарсыластарымның ең «қауіптісі» Қазақстаннан Асель Далиева болды. Ол – Әлемнің 11 дүркін чемпионы. Содан кейін Қырғызстан, Моңғолия мемлекетінің мықты ойыншылары басты қарсыластарым болды. Барлығы алты тур өтті. 4-ші турда Әлемнің 11 дүркін чемпионы атанған қарсыласымды басып оздым. Барлығы 6 турдан 5,5 ұпай жинап 1 орынға ие болдым. Айта кетсем, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдесі сияқты үлкен жетістіктерім бар. Азия чемпионатында екі дүркін чемпион атану – мен үшін зор қуаныш.
– Алдағы мақсат, жоспарларың қандай?
– Ендігі мақсат – Әлем чемпионатын бағындыру. Тамыз айының 31 мен қыркүйектің 4-і аралығында Румынияда өтетін Әлем кубогында бақ сынамақпын. Сол сайысқа жоспарлы түрде қызу дайындық үстіндемін. Сонымен қатар, өзім де қазір жаттықтырушылықты кәсіп қылып жүргенімді айтып өттім. Осы ретте, жасөспірімдерді лайықты тәрбиелеп, мықты спортшыларды дайындап шықсам деген арманым бар.
Сәті түссе, өзім түлеп ұшқан Сырдария ауданына қызмет етіп, ауданнан чемпиондар шығаруға өз үлесімді қосуға дайынмын. Қазір өзім еңбек етіп жүрген Жалағаштағы «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержановқа алғысымды білдіргім келеді. Спортшыға қажет қолдауды әркез көрсетіп келеді. Бұл – бір сөзбен айтқанда спорттың дамуына зор үлес қосу. Жұмыспен бірге алдағы сайыстарға да дайындалуыма жағдай жасап, спорттың, спортшының өсуіне жағдай жасап отыр. Өзіме артылған жауапкершілікті жақсы сезінемін. Алда тек ауданның, облыстың емес, Қазақстанның атын әлем елдеріне танытқым келеді.
– Өзіңдей жас та болса талай шыңды бағындырып жүрген спортшыға сәттілік серік болсын деп тілейміз. Жаттығу арасында сұхбатқа арнайы уақыт бөлгенің үшін рақмет. Алла жазса, алдағы уақытта ойлы оқырманға «Ақерке – Әлем чемпионы» деп сүйіншілейік!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ