Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз қайтару –парыз

Қарыз қайтару –парыз

Ертеде бір ханның бар дүние-мүлкін кедей-кеп­шік­ке қарызға таратып берген уәзір алушыға «патша өлген соң қайтарасың» дейді екен. Оны көрген уәзірлердің бі­рі бұны ханға жеткізіп «ол сіздің өлуіңізді тілеп жүр» деп іріткі салатын көрінеді. Сонда бай әлгі уә­зірді өлтіруге бұйрық беріп, дат сұрапты. Сөйтсе ақылды уәзір «Мен бұл кісілердің алған қарызын қай­тара алмайтынын білемін. Олар қарыздан ұя­лып, қысылған сайын «патша өлмесе екен» деп сіз­дің тілеуіңізді тілейтін болады. Сол үшін осылай айттым» деген екен.

Расында қарыз беру де, алу да өте бір ұқыптылықты, жауапкершілікті талап ететін шаруа. Асыл дінімізде де қарыз алу мен берудің әдеп-шарттары жазылған. Асылында, адам қарызды еріккеннен алмайды. Десек те, бар ыңғайы келгенше қарыздан қашу керек. Себебі ақша жүрген жерден сыйластық кетеді, әсіресе қарызға ақша беріп, оны қайтара алмаған жандардың арасында үлкен дау, жек­көрушілік сияқты сүйкімсіз нәрселер пайда болады.

Тіпті туған бауырлар арасында қу дүниенің кесірінен бір-бірімен араласпай яки жағдай сотқа жететін жағдайлар да кездескен.

– Туғаның қаржыдан қиналса, қолыңнан келгенше қолдау көрсеткің келеді ғой. Сондай жағдай менің басымда да орын алды. Жақын досым өзінің атына несие берілмейтінін айтып, қиын жағдайда екенін жеткізіп, несие алып беруімді, оны ай сайын өтеп отыруды өз мойнына алатынын айтты. Бастапқыда ыңғайсыз көрінгенімен, досымның мұқтаж болып тұрғанын көріп, шыдамадым. Келісім беріп, несие алып бердім. Бірақ алғашқыда бірнеше айдағы тиісті қарызды төлеген ол ойға алған ісі оңға шаппай, менің атымнан алынған несиесін жаба алмады. Әрине, несие менің атыма тіркелгендіктен заң алдында оған жауапты мен болып қалдым. Қазір ол адаммен арақатынасты үздім, бірақ қайда жұмсалғаны белгісіз, мен үшін желге ұшқан қаржыны бала-шағамның аузынан жырып, ай сайын төлеп отырмын. Себебі, заң алдында ол несиеге мен жауаптымын. Бұл оқиға мен үшін сабақ болды, – дейді атын айтпауды сұраған танысым.

Иә, үлкен көлемді несие алып бермек тұрмақ, біреуден бір тиын қарызға алсаң да оны уақытылы қайтару керек. Себебі ол да біреудің ақысына кіру, ақысын жеу болып табылады. Әрине, сүйікті дінімізде Жаратушы қарыз алу әдебінен асқан адамды құп көрмейді. Тіпті алдымен қарызын өтемей, садақа берген кісінің садақасы қабыл болмайды деген бар.

Ендеше қарызды қайтарудың негізгі шарттарына тоқталып өтейік.

Ең алдымен қарызды жазу. Қарыз берсең – сауап, алсаң – аманат. Ал аманатқа қиянат жасау Алла үшін сүйікті іс емес. Қарыз беруші мен алушының арасында өзара хат түріндегі жазбаша хат және оған куә болған куәгер болуы шарт.

Екіншіден, қарызды бет алды емес, тіпті болмай, жол таппай қысылғанда ғана сұрау. Расында да, кейбіреулер қарыз сұрамаса, басы ауратындай көрінеді. Себебі өз табысы бола тұра, «итке бір сүйек қарыз» болып жүретіндер жоқ емес.

Үшіншіден, егер сіз қарызды алушы болсаңыз, оны уақытында қайтару ләзім. Яғни қарыз берушімен қандай уақытқа келістіңіз, сол уақытта жеткізіп беру және көркем түрде қайтару, келісілген орынға апару қажет. Бұл да мұсылманшылықтың белгісі болып табылады.

Ал төртіншіден, қарыз алған адам шынымен өтей алмай, қиын жағдайға душар болса, мүмкіндік болса қарыз берушінің оны кешіруі – сауабы мол іс.

Қонақ келгенде ас беру, адам дүниеден өткенде қабірге қою, қыз бала бой жеткенде ұзату, күнәлі іс жасап қойсаң тәубеге келу қандай міндет болса, алған қарызды қайтаруға асығу да сүннет. Бұл біріншіден әдептілік белгісі. Одан кейін қарыздар адамның садақасы қабыл болмайтынындай, жолыңның ашылуына бірден бір себеп болуы да ықтимал.

«Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы» дейді екен Лұқман Хакім. Тіпті адам дүниеден өткеннен кейін де оның қарызы болса, қайтарылмайынша кешірілмейді. Жаназа намазының алдында қайтыс болған кісінің қарыздары сұралады. Қарызы болса, оның артындағы қалған дүние-мүлкі есебінен қайтарылады, болмаса ұрпақтары, жақындары мойнына алады. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мүминнің жаны оны өтегенге дейін қарызымен байлаулы болады» деп айтқан (имам Тирмизи).

Иә, қазіргідей күнкөріс қамы қиын заманда қарызы жоқ адам кемде-кем шығар. Ресми деректерге сүйенсек, әрбір тоғыз қазақстандықтың төртеуі банктер алдында қарыздар. Бұл тек банктен несие алушылар туралы дерек. Ал одан бөлек жеке адамдардан, жақындардан, достардан алған қарыздар ше? «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген де бекер емес. Бірақ «жылап» та қайтпайтын қарыздар көп сияқты. Ресми әрі заңды түрде несиені былай қойғанда, ешқандай келісімшартсыз берілген қарыздың елу пайызы иесіне қайтарылмайды екен. Бұны біз өмірден алған сабақ пен статистикалық дерекке негіздеп айтып отырмыз.

Сондықтан қарыз алу және беру өте үлкен жауапкершілік болып табылады. Қарыз алудан ыңғайы келгенше аулақ болу керек. Алған жағдайда оны қайтаруға асығу абзал. Жоғарыда айтып өткеніміздей, біреуден алған қарыздың жүгі ауыр. Қарызды қайтару парыз екенін ұмытпайық. «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей» дей ме. Сол айтпақшы, материалдық тұрғыдан да, адамгершілік жағынан да ешкімге қарыз болмай, ар жолымен жүргенге не жетсін?!

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
19 тамыз 2023 ж. 210 0