Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз хақында не білесіз?

Қарыз хақында не білесіз?

Әсел:
– Әже, қарыз деген не?
Ілияс:
– Оның қандай түрлері бар, әже?
– Айналайын, қарыз алып, оны мерзімінде қайтара білесің бе? – деп бастады әжесі әңгімесін.

Жо-жоқ, қарыз жалғыз ғана ақша емес.

Ең үлкен қарыз – уәде мен сенім деп білемін. Біреуге уәде – қарыз. Уақытында орындамасаң, сенімнен айырыласың. Қадірің қашады, қадірің қашса, азаматтық бейнеңе нұқсан келеді. Көп ортасында бетіңе шіркеу жамылады.

Сен әке-шешеңнен өзіңе деген ғұмырды, тәлім-тәрбиені, бойыңа дарыған қуат пен парасатты, пайымды, мінезді, жақсылықты, дарқандықты қарызға алдың. Ендеше, осы ізгі қасиеттерді шашау шығармай, бауырыңнан өрбіген ұрпағыңа беруге тиістісің. Бұл – қарыздың парызы. Егер оған әлің жетпесе, азаматтығың тартпаса обал-сауабы мойныңда қалады.

Біреуге айтқан жылы сөзің де – қарыз. Кейде өтеуін тосасың.

Ал ақша – күнделікті тұрмыста жиі кезігетін қарыздың түрі. Оның да салмағы ауыр. «Қарыздың азы борышты қылады, көбі жек көргізеді» дейді Сенека. Қайыра алмайтын адамға берген қарызың көмек емес, жасаған жамандығың. Түптің түбінде өз басыңа төнер қатер.

Алған тез ұмытады, берген ешуақытта ұмытпайды.

Қазірде миллиондап қарыз алып, қайтармай, шетел аса қашып, қарыз иесін атып, асып кетіп жатқандар аз ба?

Әркім қарызды (қай түрін де) бойына шақтап алса екен. Сонда тірілігі уайымсыз болады.

«Иә, Алла, маған қолымнан келетін істі атқаратын қуат бер, қолымнан келмейтін іске ұмтылмайтын ерлік бер, осы екеуін бір-бірінен ажырата алатын ақыл бер» деген даналық сөз бар.

Кімге қарыздар едің, қалқам?..

Ділдә МатаЙқызының
«Ұрпаққа ұлағат»
кітабынан
10 шілде 2021 ж. 455 0