Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаға деген сағыныш

Ағаға деген сағыныш

Бабаларымыз «Ағасы бардың жағасы бар» деп бекер айтпаған. Расында да арқасүйейтін, ақыл сұрайтын, қиналғанда демейтін, жабыққанда жебейтін ағаның бар болғаны қандай жақсы... Ал, сол ағаңыз туралы көпшілік жақсы пікір айтып, игі істерін үлгі-өнеге етсе нұр үстіне нұр емес пе.

«Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» демекші ағаның да, інінің де қадірін білетін, бүгінде бір әулеттің үлкені болып қалған Итемір Фазылұлы редакцияға жиі бас сұғады. Өткен айда келгенінде жақсы-жақсы әңгімелер айтып, арасында Зейін есімді ағасы туралы да әңгімелеп берді. Айтуынша, ағасы сонау 1923 жылдың тумасы екен. Заманында ел басқару ісіне атсалысып, өзінің білімімен, біліктілігімен көзге түсіп, бірқатар қызметтерді абыроймен атқарыпты. Қолда бар мәліметтер де Зейін Әбілдаұлының 1939 жылы Құндызды ауыл советінің хатшысы болып қызмет істегенін айғақтайды. Ал, ол кезде хатшы болып жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келмейтін. Бұл іске оқуы мен тоқуы ұштасқан, тәжірибесі бар азаматтар ғана бекітілетін.

– Ағамыз жастайынан сауатты болып өсіпті. Небәрі он алты жасында ауылдық советтің хатшысы болуы жазуға ептілігін білдірсе керек-ті. Ал жиырмаға толмай Аққыр совхозында ауыл советтің төрағасы болып та бір жыл жұмыс істеген. Бұл шамамен 1941 жылдар. Кейін соғыс басталып, ағамыздың артынан көп ұзамай қаралы қағаз келіпті. Міне, содан бері артында иә ұрпақ қалмады, иә аманат сөзін ести алмадық. Биыл туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай бір мақала жазылса, есімі мен еңбегі жаңғырса деп ойлаймын, – деді Итемір Фазылұлы.

Енді Зейін Әбілдаұлының шыққан тегінен тін тартсақ. Негізі Шынымнан бес бала тарайды екен. Олар Әбілда, Ахмет, Әбжан, Қасым және Әбдікәрім. Әбілдададан Зейін туады да соғыстан келмейді. Ахметтен Фазыл туады, Фазылдан Итемір тарап, бүгінде үлкен отбасыға айналып отыр. Осы ретте Фазылдың кезінде Шіркейлі мен Майжарманы қазуға атсалысқанын, өте еңбексүйгіш азамат болғанын айтып өткеніміз жөн. Ал, Әбжаннан Құттыбала тарайды. Ол кісіні былайғы жұрт Құтжан деп атап кеткен. Құттыбала апамыз ұзақ жылдар ауылшаруашылық саласында еселі еңбек еткен. Күрішші болып, ел қамбасын алтын дәнге толтырған. Шынымнан тарайтын төртінші ұл Қасымнан Ізбасқан туады. Ата жолын жалғаған Ізбасқан да кезінде бригадир болған. Адал еңбекті ту еткен азаматтың еңбегі еленіп, бірнеше рет орден-медальдармен марапатталған екен. Сонымен қатар кенже ұл Әбдікәрімнен Үмбігүлсім туады. Ол кісі де совхозда бас есепші болған. Бүгінде өсіп-өнген әулетті аудан халқы, оның ішінде С.Сейфуллин, Қалжан ахун ауылының тұрғындары жақсы біледі. Кентпен іргелес жатқан С.Сейфуллин ауылында Зейін Әбілдаұлының атында көше бар. Бүгінде тоқсан бес жасқа келген тыл және еңбек ардагері Рақымжан Бәйменовпен әңгімелескенімізде Зейін Әбілдаұлы туралы білетінін айтты.

– Біздің балалық шағымыз 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы жылдары тұсында өтті, – деп бастады қария әңгімесін.

Иә, ол кездер қиындығы мен ауырт­пашылығы мол жылдар еді. Соғыс өрті шар­пымаған отбасы жоқ та шығар. Талай боз­дақтар ел үшін ерлік танытып, қасық қаны қал­ғанша жау әскеріне қарсы соғысты.

– Елдегі ер азаматтар түгелдей дерлік Отан­ды қорғауға аттанып кеткеннен кейін ауылдың бар тіршілігін әйел-аналар, қауқары аз қарттар мен мектеп оқушылары атқарды. Ауыл тұрғындары «Барлығы майдан үшін!», «Барлығы Жеңіс үшін!» деп жұмыла еңбек етіп, аянбай тер төкті. Осындай қиыншылықтарды бастан өткеріп жатқан кезеңде соғысқа кеткен азаматтардан қаралы хабар келе бастады. Алғашқы қара қағаз Әбілдаев Зейін ағадан келді. Ауыл ақсақалдары Фазыл мен Әбдікәрім ағайдың басын қосып, Зейіннің қазалы хабарын отбасына барып, анасы Қалампыр мен әйелі Айымжамалға естіртті. Бүкіл ауыл тұр­ғындары осы отбасының қайғысына ортақтасып, халық Зейін ағаның еліне жасаған жақсылықтарын еске алып, аяулы азаматты күңірене жоқтады, – деп өткен күндерді ой елегінен өткізді Рақымжан қажы Бәйменов.

Расында да зұлматты соғыс қиын кезеңдер мен ауыр тағдырларды көбейтті. Соғыс басталғанда 20-25 жастағы жігіттер мен қыз­дардың бақытты кезеңіне нүкте қойылып, олар қолға қару алып, майданға аттанды. Біз бүгін тақырыпқа арқау еткен Зейін Әбілдаұлының да тағдыры осы сөзімізге дәлел бола алады. Бір тәубе етерлігі, соғыс соңы жеңіспен аяқталды. Зейіннің өзі оралмаса да артында ағайын-туысы, іздеушілері қалды. Редакцияға арнайы келіп, ағасының 100 жылдығына орай мақала жазылса деген ұсынысын жеткізген Итемір Фазылұлының өтінішін біз де орындауды жөн көрдік. Жаратқан Алла қиын кезеңде өмір сүріп, майдан даласында шейіт болған азаматтың рухын шат, жанын жәннатта етсін!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
19 тамыз 2023 ж. 367 0