Білімге құштар озат оқушы
Осыдан бірнеше ғасыр бұрын хан Абылай білектінің заманы өтіп, білімнің заманы келгенін айтса, хакім Абай атамыз «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп бізге өшпес өсиет қалдырды. Ал Ел Презиенті Қ.Тоқаев «Балалар жылының» бастауында «Білімді жас – ұлт болашағы» екенін ерекше атап өтті.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Абдуалим Сәдуақасов – білімге құштар озат оқушы. Алғыр, озық ойлы жас өреннің белсенді, білімге құштар және ізденімпаз болып өсуіне отбасындағы тәлім-тәрбие мен өнеге әсер еткені анық. Үйдің үлкені Үмбет ағасы ұстаздар сенімін ақтаған азамат екенін аудан халқы жақсы біледі. Ол кішкентайынан аудан көлемінде ұйымдастырылған іс-шараларда жақсы қырынан көзге түсіп, оқушы кезінде талай білім бәсекелерінде топ жарды. Біз Абдуалимнің үлкен ағасы Үмбет Алтынсариевтің жыр мүшәйралары мен шығармашылық байқауларда әрқашан үздіктер көшін бастайтынына қызыға қараушы едік. Мұнан бөлек әпкесі Әдемі мен ағасы Тимур да еңбек пен ізденісті серік етіп, жақсы азамат болып қалыптасқанын білеміз. Аға-әпкелері секілді еңбексүйгіш, ізденімпаз, белсенді болып өсуді мақсат еткен Абдуалим бүгінде мектептегі үздік оқушылардың бірі. Бұл туралы бізге оның сынып жетекшісі Айткүл Сәрсембаева айтып берді.
– Шәкірттерімнің әрқайсысы – мен үшін шоқтығы биік жұлдыз. Олардың талабы мен талантын ұштап, шыңға шығаруды – басты мақсатым деп білемін. Мысалы Абдуалим мектептегі іс-шараларға белсене қатысады. Бос уақытында тарихи кітаптар оқығанды ұнатады. Сондай-ақ «Мансұр» спорт клубындағы теннис үйірмесіне қатысады. Аудандық балалар кітапханасымен де тығыз байланыс орнатқан. Мектепішілік әдеби-мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Болашақта шәкіртімнің биік белесті бағындырып, жақсы жетістіктерге жететініне сенемін, – дейді сынып жетекшісі Айткүл Қожабергенқызы.
Ұлағатты ұстаздың пікірін жас өреннің анасы Гүлмира Сәдуақасова да қуаттай түсті. Ұлын редакцияға ертіп әкеліп, бізбен таныстырған ананың ақ пейілі мен ықыласына қарап, өзімнің балалық шағым еске түсті. Анам оқушы кезімде мені де редакцияға ертіп әкеліп, болашақта шығармашылықпен айналысатын азамат болады деп үміт артып, қолдау көрсетіп жүретін. Сол қолдаудың, сенімнің жемісі болар, бүгінде аудандық газет редакциясында еңбек етіп, ұжымның басшысы атанып отырмын. Лайым, Абдуалим да енді бір он-он бес жылдан кейін өмірден өз орнын тапқан азамат болсын.
– Барлық бақытым, байлығым – балаларым. Олардың білім алып, өнер меңгеріп, еңбек етуі үшін барлық жағдайды жасауға әзірмін. Шүкір, ұрпақтарым сенімімді ақтап келеді. Үмбет пен Әдеміні ұстаз-дары әркез мақтап, озат оқушы болғанын айтып, анасы ретінде маған алғыстарын білдіреді. Тимур да ағасының қасында Алматы қаласында еңбек етуде. Үйдің кенжесі Абдуалимге де жақсы азамат болып өсуі қажеттігін айтып отырамын. Кітапханадағы, мектептегі іс-шараларда көзге түсіп жүр. Соған іштей қуанамын. Осылардың жетістігіне, бағындырған белестеріне қарап, марқаямын, – дейді бізбен әңгімесінде Гүлмира апай.
Ал Абдуалимнің өзі бізге оқыған кітаптары туралы ой бөлісті. Бола-шақта жоғары сыныптың үздік оқу-шысы болып, кейін мемлекеттік грант иегері атанып, елдің дамуына үлес қосқысы келетінін айтты. Біз жас өреннің талабына сәттілік тілеп, білімге құштар оқушыға алдағы уақытта қызықты кітаптар сыйлауға уәде бердік.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ