Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ағасы – Хайрулла

Ел ағасы – Хайрулла

«Орны ойсырап қалды». Осынау мәнді, мағыналы, салмақты, саналы сөздің қадірін біз текті де таза, қарапайым да қадірлі ардақты ардагер Хайрулла Әбенов өмірден өткенде түсіндік. Расында да абыз ақсақал дүниеден озғаннан кейін ол кісінің орны ойсырап қалды. Сірә, ойсыраған орынды толтыру ешкімнің қолынан келмес. Өйткені, ел ағасы атанған ақсақалдың орны бөлек еді.

Кітап – өткеннің бүгінге, бүгіннің болашаққа аманат сөзін арқа-лайтын құнды да қастерлі дүние. Сондықтан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Кітап – адамды, кітапхана – адамзатты тәрбиелейді» деп бекер айтпаған. Осы орайда әуелі қолдарыңызға тиіп отырған ғұмырбаяндық кітапты жазуға не түрткі болғанын айтып өтейін.

Қалам ұстап, журналистика саласында еңбек етіп жүргеннен кейін тарих пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеміз. Оның үстіне өзімнің әрбір жетістігімді аға буынның қолдауымен, жанашырлығымен, ықыласымен байланыстырамын. Ғибратты ғұмыры кітапқа арқау болған Хайрулла Әбенов менің шығар-машылықпен айналысуыма көп қолдау көрсеткен азаматтардың бірі де бірегейі еді. Ардагер ағаның шынайы ниеті мен тілектестігінің әсері болар, 2021 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанған күні Х.Әбенов түсіме енді. Әдеттегідей, кең құшағын айқара ашып, құшақтап, күлімдеген қалпымен қолымды қысып, ақ батасын берді. Таңата көрген түсімді жақсылыққа жорып, өткен күндерді ой елегінен өткізіп, тағдыры тағылымға толы тұлғаның өнегелі өмір жолы туралы кітап жазу туралы ойладым. Бұл ойымды көңіл таразысына салып, жинақтап, саралап әріптестеріме, аудан ақсақалдарына, Х.Әбеновтің ұрпақтарына айтып едім, бастаманы барлығы қолдап, орынды әрі құптарлық іс екенін айтып, өз үлестерін қосатынын жеткізді. Сөйтіп көпшілік құптаған жұмыс басталып, естеліктер жинақталып, міне қолдарыңызға кітап ретінде ұсынылып отыр. Бұл кітапты жарыққа шығару – біздің ардагер ағаның рухының алдындағы азаматтық, інілік парызымыз деп білемін.

Кітаптың «Ел ағасы – Хайрулла» деп аталуында да үлкен мән бар. Негізі Хайролла Әбенов қай қырынан алсақ та «Ел ағасы» деген атқа барынша лайықты тұлға болды. Елбасының Сыр өңіріне, Үкімет мүшелері мен облыс әкімдерінің Сырдария ауданына жасаған сапарларында зиялы қауым атынан сөз сөйлеп, пікір білдіру құрметіне ие еді. Ол кісі сөз сөйлесе, орынды сөйлейтін, тауып айтатын, пайымды пікірлерін, сүбелі де салмақты ойларын даналық сөздермен ұштастырып жеткізетін. Тұла бойы тазалық пен қарапайымдылыққа, кісілік пен кішіпейілділікке, мәдениеттілікке толы болатын. Сондықтан үлкен-кіші Х.Әбеновті «Ел ағасы» ретінде ерекше құрмет тұтып, қадірлейтін. Ауданды басқарған азаматтар қай істі бастаса да қайраткер-тұлғаның ақыл-парасатын басшылыққа алып, ақ батасымен бастауды жөн көретін. Мұның бәрі кейіпкеріміздің адами болмыс-бітімінің, азаматтық кескін-келбетінің өзгелерден дара екенін білдіреді.

Х.Әбеновтің өнегелі өмір жолындағы үлгі-өнегелері жөнінде көп мысал келтіруге болады. Бұл туралы зиялы қауым өкілдері қолдарыңыздағы кітапқа енген өз естеліктерінде кеңінен жазған. Осы кітаптың авторы әрі кітапты құрастыру алқасының төрағасы ретінде мен де ғибратты ғұмыр иесінің үлкен-кішіге үлгі боларлық істерінен, өзіме қамқорлығы мен қолдауларынан мысал келтіруді жөн көрдім.

2018 жылы Сыр елінің ардақты тұлғасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», бүгінде өзі өмірден өтсе де артында өшпес із қалған Абызбай Маханбетовтің 85 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Сол кездегі Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаевтың тапсырмасымен ауданнан бір топ азамат мерейтойға барып, сырдариялықтардың ықыласын, құттықтауын жеткіздік. Сырдариялық ақсақалдарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов бастап барды. Төрден орын алған ақсақалдар мерейтой иесіне ақ тілектерін арнап, шапан жауып, сый-сияпат табыстап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде А.Маханбетовтің ұлағатты ұрпақтары қазақы дәстүр негізінде сырдариялық ақсақалдарға әулет атынан шапан жауып, ризашылығын білдірді. Мен ол кезде аудан әкімінің көмекшісі – баспасөз хатшысы қызметін қатар атқаратындықтан маған аудан ардагерлерінің мерейтойға қатысуын, барып-келуін және жергілікті басылымда ақпараттандырылуын ұйымдастыру жүктелген еді. Мерейтой аяқталып, ақсақалдар мінген көлік Тереңөзекке бағыт алғанда Х.Әбенов сөз бастады. Ардагер аға: «Айналайын, Ақтөре, жас болсаң да өзіңе деген ықыласым ерекше. Жақсы азаматтардың жаныңда жүріп, тәжірибе жинап, өзің де жақсы қырыңнан танылып келесің. Бүгін маған берілген шапанды саған ырымдап бергім келіп тұр. Менің жақсы жолымды, абыройымды берсін! Жолың ақ болсын» деді ақсақал. Бұл мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік еді. Бір жағынан мұны Х.Әбеновтің кейінгі буын – жастарға, ізінен ерген інілеріне деген қамқорлығы, қолдауы, жанашырлығы деп қабылдадым.

Х.Әбенов елге еңбегі сіңген ардагерлерге қолдау көрсету, құрметтеу жұмыстарын назарда ұстауды әркез айтып, атқарушы орган өкілдеріне ұсыныс білдіріп жүретін. Аудан әкімдігінде өткен жиналыстардың бірінде ардагер ағамыз: «Ардагерлерге құрмет көрсетуді әр мекеме басшысы өзінен бастауы керек. Әр басшы өзі басқарып отырған мекеменің ардагерлерін іздеп, оларға құрмет көрсетуі қажет. Ертең сол басшының өзі де ардагер болады. Сонда кейінгі буынның қолдауын күтеді» деген болатын. Х.Әбеновтің осынау салмақты сөзін іс жүзінде жүзеге асыруға өз үлесімді аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалғаннан кейін мүмкіндік туды. Редакциядағы бос тұрған жұмыс бөлмесін ретке келтіріп, суреттер топтамасы мен кітаптар сөресін әзірлеп, қажетті техникамен қамтамасыз етіп, «Ардагерлер бөлмесі» ретінде жасақтадық. Бір жағынан бұл бөлме аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы М.Қалмұратұлының жаңа жұмыс бөлмесі болды. Біздің осы бастамамызға риза болған Х.Әбенов ауданның бір топ ардагерлерімен, атап айтқанда «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» М.Сақтапов, С.Тоқсанбаев, М.Келдібаевтармен бірге «Ардагерлер бөлмесінің» ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды. Шығармашылық ұжымға тілектестігін білдіріп, ардагерлерді ардақтау бағытында үйлестірілген жұмысқа оң бағасын берді. Абыз ақсақалдың бұл бағасы біз үшін үлкен мәртебе болды.

Парасатты пайым, орнықты ой иесі қызметтен бөлек ағайын-туыстың, әріптестерінің, оның ішінде жастардың да отбасылық қуаныш-тойының ортасынан табылатын. Осы орайда өзімнің үйлену тойымда нағашым Батырбек аға мен Сапура апамызбен бірге біздің шақыруымызды құрметпен қабыл алған Хайрулла Әбенов ақсақал құдалығымыздың төрінен орын алды. Бейнетаспаға жазылған, біз үшін құнды кадрдағы Х.Әбеновтің сол күнгі тілегін сөзбе-сөз жазар болсақ, ардақты ардагер: «Отбасының беріктігі екі жастың ғана емес, екі жақтың да сыйластығына, өзара түсіністігіне байланысты. Мен жас отбасының жақсы отбасы боларына сенемін» деген еді. Ел ағасының шаңырақ көтеру тойымыздағы бұл тілегі біздің өмірден өз орнымызды табуымызға негіз болды әрі жауапкершілік жүктеді.
Жоғарыда атап өткенімдей, ауданды басқарған азаматтар қай істі бастаса да қайраткер-тұлғаның ақыл-парасатын басшылыққа алып, ақ батасымен бастауды жөн көретін. Өзім де қандай да бір жоспарды қолға алсам ардагер ағаға айтып, ақылдасып, бағыт-бағдарына, ақыл-кеңесіне жүгінетін едім. Өйткені, елдің ағасы атанған Х.Әбенов арқасүйер ағамыз, жанашыр панамыз болатын. Мұндай мағыналас, мәндес пікірді осы кітаптағы естеліктердің әрбірінен түюге, түйсінуге болады. Кітапты құрастыру барысында жұртшылықтың Х.Әбенов туралы жазған естеліктерін оқи отырып қайраткер-тұлғаға деген құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Бұл кітап ғұмырбаяндық жинақ болғанымен аудан тарихы үшін құнды, маңызды дүние болады деп сенемін. Кітапты құрастыруға үлес қосқан, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, оның ішінде аудандық газет редакциясындағы әріптестеріме, Х.Әбеновтің ұрпақтарына алғыс айтамын.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
аудандық «Тіршілік тынысы»
газетінің Бас редакторы,
аудандық мәслихаттың
VII шақырылым депутаты

02 желтоқсан 2022 ж. 412 0