Ауылы ардақтаған азамат
«Асқар Тоқмағамбетов ауылында көпке сыйлы, жақыннан да, жаттан да көмегін аямайтын Пауедин деген кісі тұрады. Қай жерде болмасын өзінің үлкендігін көрсетіп, бас болып жүреді. Міне, осындай кісілер туралы басылым бетіне мақала жазып, кейінгіге үлгі ету керек» деді кезекті тапсырманы нықтап түсіндірген бас редактор. Үлкен кісілердің әңгімесін асықпай тыңдап, жазып алу керек деген оймен қарбаластан тыс демалыс күнді осы шаруаға арнадым. Ертесімен қойындәптер мен қаламсабымды алып, көрші ауылға жол тарттық.
«Қазақ пен қазақ жөн сұрасса, туысқан болып шығады» дегендей, бізге құда болып келетін жылы жүзді ағаны бұрыннан танитынмын. Талай рет үйге келіп, дәм ауыз тиген Пауедин ағаның шаңырағында болып, сұхбат құрудың сәті түсті. Отбасының ақылшысы, ағайынның ардақтысы Пауедин Сақыбеков 1960 жылы сол кезде «ХҮІІІ партсъезд» деп аталған бүгінгі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Өзі алты ағайынды. Кішкентай кезінен еңбекке жақын болған ол отбасындағы жалғыз қыз бен аға-інілеріне қамқор болып өскен. 1979 жылы Отан алдындағы парызын өтеу үшін Владивосток қаласына әскерге аттанған. Ол кезде әскер екі жыл. Әскерде әбден шынығып, жалындап келген жігіт елге оралғаннан кейін білім алуды жөн санаған. Жастайынан темір мен техникаға жақын болып, сол қабілетін кәсіби түрде дамыту мақсатында Шымкент қаласындағы жоғарғы оқу орнына білім алуға кетеді. Шырайлы қалада білімі мен білігін жетілдіріп, инженер-механик мамандығын меңгеріп шығады. Кейін туған жерге тағзым деп ауылына оралған азамат өзі туып-өскен аймаққа еңбек сіңірген. Совхоздың техника саласында ұзақ жыл қызмет етіп, кейін Құмкөлде көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Темір көлік пен техниканың майын ішкен майталман маман талай адамның аяққа тұруына көмектескен. Қызмет барысында денсаулығына зақым келген ол бүгінде денсаулық жағдайына орай еңбек демалысында.
Тағдырдың талай соққысын көріп, денсаулықтың қадірін әбден түсінген Пауедин аға бір сәт те жігерін жасытқан емес. «Менің арқасүйерім – отбасым. Ауырған сәтте жұбайым жаныма жалау болса, гүлдей жайнап өсіп келе жатқан қыздарым өмірге деген құлшынысымды арттырды» дейді кейіпкеріміз. Пауедин аға 1983 жылы Балтай апамызбен шаңырақ құрып, отау тіккен.
– Алла амандық берсе, келер жылы апаңмен отасқанымызға қырық жыл толады. Осы уақыт аралығында сыйластықтан ажыраған емеспіз. Апаң – орта жүздің қызы. Төрт қыз тәрбиелеп өсірдік, бүгінде немере сүйіп, қызығын көріп отырған жайымыз бар, – дейді Пауедин Сақыбеков.
Шаңырақтың шаттығын еселеп, тамырын тереңге жайған бәйтеректей болған өнегелі отбасында тәлім мен тәрбие алған қыздар ата-анасын жерге қаратқан емес. «Анамыздың ақ сүті, әкеміздің қанымен бойға дарыған қасиет бізді ешқашан ұятқа қалдырған емес» дейді қыздың үлкені Гаухар.
Өнегелі отбасының үлкен қызы бүгінде аудандық ауруханада қызмет етсе, екінші қыз Самал да медицина саласының білікті маманы. Сымбат Қостанай қаласында тұрса, үйдің кенжесі Бота – студент. Жиен немерелердің алды биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басуда.
Есігінен қонақ, дастарханнан ас үзілмеген берекелі үйдің ауласында жайқалып өскен бау-бақша бар екен. Пауедин аға мен Балтай апа қолдары қалт еткенде бау-бақша күтіміне ден қойып, адал еңбекті ұрпақтарына үлгі етеді.
Ауыл ғана емес ауданға сыйлы азаматты көпшілік жақсы таниды. Оның өзі ағаның көпшіл екенін білдіреді.
– Кішкентай кезімде үнемі әкеме еріп жүретін едім. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дей ме?! Үлкендердің өнегесін көріп, тыңдап өстім. Содан болар қазір көп адамды жақсы танимын. Көпшілік мені де танып, сыйлап жатады. Қазір жасымыз да біразға келіп қалды. Өткен өмірге бір сәт көз салғанда ұялып қалмайтындай іс қылу кімге де болса маңызды. Ол үшін үлкенмен де, кішімен де сыйласып, ешкімнің ала жібін аттамау керек, – дейді өнегелі өмір иесі.
Әңгіме-дүкен құрып отырып, үстел үстінде жатқан көп газетке көзіміз түсті. «Газет-журнал жиі оқисыз ба?» деп сұрадым.
– Денсаулық болмаған соң, жас келе көру қабілеті де нашарлап барады. Кітаптан кітап қоймаймын десем, өтірік болар. Бірақ аудандық, облыстық басылымнан қол үзген емеспіз. Газет – халықтың көзі, құлағы, тілі ғой. Әсіресе аудан айнасына айналған газет бетінен аудандағы жаңалықтарды оқып, біліп отырамыз, – деді.
Еңбектің еленгені қашанда мәртебе ғой, үстел үстіне жиналып қалған көп газетті көріп, біздің де мерейіміз артып қалды. Ағамен сұхбатымызды аяқтап, апамның салқын көжесінен ауыз тиіп, үлкендердің батасын алып жолға шықтық. «Батаменен ел көгерер» демекші, үлкендердің әдемі әңгімесін тыңдап, батасын алып жүретін тілшілік қызметті Тәңірдің маңдайға таңғанына разы болып, ауданға бет алдық. Жолай әр азамат Пауедин ағамыз секілді еңбекқор, үлкен-кішіге сыйлы болса деп ой түйіндедік.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ