Ел құрметіне бөленген Елтай еді
Елі ырысты, жері күрішті қасиетті Сырдария ауданы ардақты азаматтарға кенде емес. Тынымсыз тіршілігі ел несібесін арттырған ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты берекелі өлке халыққа қалтқысыз қызмет еткен дара тұлғаларын мақтан етеді. Туған елді түлету жолында тындырымды тірлігімен ерекшеленген олардың жүріп өткен сара жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондай ел перзенттерінің бірі, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнаған білікті басшы – Елтай Байназарұлы Тыныштықбаев еді.
Елекеңнің елге жасаған қызметін жақсы білемін. Ол кісінің бойында адамгершілік, қарапайымдылық, халыққа деген жанашырлық, адалдық қасиеттер әрбір жасаған ісінен көрініп тұратын. Әсіресе Елтай Байназарұлының Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі зор деп айтуға болады.
Елекең алғашқы еңбек жолын «Казгипроводоэлектро» экспедициясында бастады. Одан кейін Қазақстан Компартиясы облыстық компартиясының инспекторы, мелиорация және су шаруашылығы жүйесінде әртүрлі қызметтерде болса, сала жұмысында тәжірибесі толысқан азамат 1971-1975 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Мұнан соң Қазақстан Компартиясы Қармақшы аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметінде болғанын да жұртшылық жақсы біледі. Ал 1980-1986 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Елекең басқарма басқарған жылдары нәтижелі еңбек етіп, ел-халықтың сеніміне ие болып, адал еңбегімен шаруашылық құрылымдарының ризашылығына бөленді.
Білікті басшы ауыл шаруашылығы саласын басқарып тұрғанда бірге қызметтес болдық. Мен 1985 жылы «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы қызметіне тағайындалдым. Ол кезде шаруашылық жұмысы тоқтап қалған, жұмыс жүйеленбеген кез еді. Барлық жұмысты қайта бастау керек болды. Сол кезде Елекеңнің көп ықпалы тиді. Егін егуге техникалар керек еді. Ол кезеңде бүгінгідей самсап жатқан ауыл шаруашылығы техникалары жоқ. Дегенмен елге болсын дейтін азамат шаруашылық жұмысының жандануына көп көмек көрсетті.
Елтай Байназарұлы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 1988 жылдың 7 қаңтарындағы №32 қаулысына сәйкес 1988 жылдың 26 қазандағы облыстық Кеңес атқару комитетінің №404 шешімімен облыста жаңадан құрылған экология саласындағы қызмет – Қызылорда облыстық табиғат қорғау комитетінің алғашқы басшысы болып тағайындалды. Облыстық басқармадан басқа қызметке кеткенімен Елекең ауыл шаруашылығы саласынан еш алыстаған емес. Одан кейінгі кезеңде де қызметтік байланысты үзген жоқпыз. Сала жұмысындағы кейбір мәселелерде ол кісі өзінің ақыл-кеңесін білдіріп, бағыт-бағдар беріп отыратын.
Өңір жұрты Елекеңді Сыр өңіріндегі «алғашқы эколог» ретінде жақсы біледі. Облыстағы табиғат қорғау комитетінің алғашқы басшысы болғаннан бастап аймақтың экологиялық зардап аймағы болып танылуына ерекше көп еңбек сіңірді.
Тәжірибелі басшысының Арал тағдырына қатысты атқарған жұмыстары бір бөлек әңгіме. Тәуелсіздік алған тұста Арал мен Арал аймағына байланысты Республикалардың Жоғарғы Кеңестері және КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі «Арал» консорциумын құрды. Соның негізінде Арал апатының зардаптарын жою жөніндегі шараларды заңдылық тұрғыда қамтамасыз етуде үлкен серпіліс болып, Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында осы мәселе қаралып, Қызылорда облысы экологиялық апат аймағы болып жарияланды. Бұл тарихи еңбек еді. Экологиялық аймақты қалыпқа келтіру бағытындағы бастапқы жұмыстардың басы-қасында білікті басшы жүрді.
Елекеңнің бастамасымен «Арал-2006» бағдарламасы қабылданып, экономиканы экологияландыру бағытында жұмыстарға ерекше басымдық берілді. Сондай-ақ экология басқармасы арқылы дайындалып, облыс әкімшілігі тарапынан қолдау тауып жүзеге асырыла бастаған «Жасыл өлке», «Ауыз су», «Экология», «Денсаулық» сияқты бағдарламалар сапалы іске асты. Осындай нәтижелі жұмыстар арқылы Е.Тыныштықбаев аймақтың алғашқы экологы ретінде елдің құрметіне бөленді.
Айта берсек, Елтай Байназарұлының өңірдің өсіп-өркендеуіне, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында атқарған еңбегі зор. Оның барлығын бір мақала төңірегінде қамтып өту мүмкін де емес. Қайраткер тұлға өз қызметін атқара жүріп қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретінін көретінбіз. Оған халық депутаттары Кеңесінің облыстық және аудандық депутаты болып бірнеше рет сайланғаны дәлел.
Туған елдің дамуына айрықша еңбегі сіңген ардақты азамат «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, «Айрықша еңбегі үшін», «Ержүрек еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен және екі мәрте Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумы Грамотасымен, басқа да наградалармен марапатталды. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Ел үшін атқарған еңбегі еленіп, Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныстану аймағынан көше берілді. Мұның барлығы – еліне қызмет еткен ерге деген құрметтің жарқын үлгісі деп білемін.
Өңір тарихында есімі көпке белгілі ардақты азаматтың атқарған қызметі ешқашан ұмытылмайды. Өткенін ұмытпай, болашаққа кемел көзқараспен қарайтын ел бар кезде Елтай Байназарұлының есімі жаңғыра түспек.
Алданберген ҚҰЛБАЕВ,
«Құрмет белгісі»
орденінің иегері,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
«Құрмет белгісі»
орденінің иегері,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы