Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы ақынның образын сомдаған

Ұлы ақынның образын сомдаған

Ақын-драматург И.Оразбаевтың екі бөлімді «Мен ішпеген у бар ма?» драмасын алғаш 1987 жылы қа­зақ өнерінің абы­зы А.Әшімов сах­наға алып шыққан. Қа­зақ драма театрында кө­­рермен көзайымына айнал­ған қойылым осы күн­ге дейін көпшіліктің жү­рек түкпірінен орын алып келеді. Халықтық театр ұжым­дары да аталған туындыны өз нұсқаларында жа­­рыққа шығаруда. Мәсе­лен, айдарлылық өнер май­талмандары 5 жыл­дан бері өздерінің репертуарларына реквиемді қосқан.

Бұл ретте, біз «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемде хәкім Абайдың рөлін сомдап келе жатқан айдарлылық өнер­паз Орынбай Оспан туралы қалам тербемекпіз. Ойшылдың бол­мысы мен адами құндылығын өз бойына дарыта білген Орынбай Көзейбайұлы өнерімен көпшілікке та­ныла білген жан. Бүгінде Айдарлы ауылдық Ғ.Жанұзақов атындағы ауыл­дық клуб үйінде әдіскер ретін­де қыз­мет ететін ол – алғашқы ма­ман­дығы бойынша ауылдағы мектепте мұ­ғалім қызметін атқарған. Кейін­нен, М.Әуезов атындағы Оңтүс­­тік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінде «Мәдени тынығу жұмысы» ма­мандығын меңгерген оның өнерін ауылдастары жақсы біледі. Бала күні­нен өнерге баулыған анасы Рахия Әбдікәрімова халық театр режиссері.

– Осыдан 3 жыл бұрын 10 тамыз – «Абай күні» мерекесі болып белгіленген болатын. Қазақтың ұлы ақынының туғанына 175 жыл толған уақытта «Мен ішпеген у бар ма?» рек­виемді облыстық байқауда сахналау бақыты бұйырды. Негізі­нен, Абай Құнанбайұлының шығар­ма­ларының тілі көркем болғанымен, өте күрделі саналады. Ұлт үшін орны бөлек ақынның образын ай­шық­тау жүктелгенде барынша жауап­кершілікті сезіндім. Негізінен, драманы 3 рет үлкен сахнаға алып шықтық. Ұзақтығы 1 сағат 15 минутты құрайды. Әркез халықтық атағын қор­ғап жүрген театр ұжымының құра­мында 15 адам бар. Жалпы, кейіп­керімнің образына толықтай ену үшін 2 жарым ай уақыт керек болды. Абай сөздерін жаттап, оны тереңнен түсініп, көрермен қа­уымға жеткізе білдік. Пандемия уақытында «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшамызда онлайн түрде жергілікті халыққа спектакль ұсындық. Алдағы жылдары ұлы ақынның туғанына 180 жыл толуына орай батыс өңірлерінің театр ұжымдарының қатысуымен республикалық байқау ұйымдастыру жоспарда бар. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ұжымымен бірлесіп жасалатын жұмыстың жемісін көруді келер күннің еншісіне қалдырдық, – дейді Орынбай Оспан.

Негізінен, жерлесіміз, ақын Иранбек Оразбаев «Мен ішпеген у бар ма?» драмасында ХІХ ғасырдың соңында өрбіген Абай Құнанбайұлының өмір жолын оқиға желісінде суреттеген. Қазақ үшін қадірлі ағартушының ғибратқа толы ғұмыры өз құндылығын жоймайды. Өскелең ұрпақ санасында жаңғырған оның шығармалары жер бетінде соңғы қазақ тұрғанша мәңгі жасайды. Осындай шығыс пен батыс мәдениетін жетік меңгерген Абай Құнанбайұлының образын жан-жақты алып шыққан Орынбай Оспан өнердің, сахнаның киелі екенін тереңнен ұғынған. Үнемі ұлы мен қызына хәкімнің өлеңдерін, шығармаларын оқуды үнемі айтып оты­рады. Жалпы, Абай образын елімізде көптеген актер сомдаған. Шын мәнінде, жерлестері үшін Орынбайдың сахнадағы рөлі ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз
.

– Біз талантты әріптесіміз Орынбай Көзейбайұлымен мақтанамыз. Әкеден дарыған тектілік пен ананың ақ сүтімен келген ерекше қабілет Орынбайды өнер сахнасына алып шықты. Қашанда ұйымдастырушылық бағытынан таймайтын оның киелі сахнадан ойып тұрып орын алғанына қуаныштымыз. Айдарлы ауылындағы халықтық атағы бар театр ұжымының мағынасы терең бірнеше қойылымы бар. Оның ішінде, Иран Ғайыптың 2 бөлімді «Мен ішпеген у бар ма?» драмасының шоқтығы биік. Пандемия уақытында көңілі жасыған жергілікті тұрғындардың еңсесін көтеру мақсатында осы шығарманы ұсындық. Әр жыл сайын 10 тамыз – «Абай күні» мерекесінде онлайн түрде драманы көпшілікке ұсына бермекпіз, – деді Ғ.Жанұзақов атындағы Айдарлы ауылдық клуб үйінің директоры Анар Қалдыбаева.

Сахнада Абай кейпіне кіріп, үш бірдей жарымен тілдесетін Орекеңнің асыл жары Айнұр Майданбаева ер азаматына әркез қолдау көрсетеді. Өзі медицина саласында қызмет етсе де, үйдегі отанасы арқасүйер азаматымен бірге сахнада өнер көрсетеді. Жарасымды жұп өнерлі отбасының туын ешқашан жықпайды. Тектілігі жарасқан әулеттің атын жақсы жағынан шығарып, балаларына үлгі-өнеге көрсетеді. Ал театр саласында өлшеусіз еңбегі сараланып, ел бағасын сезіне білген Рахия Әбдікәрімова баласымен әрбір рөлді сәтті шығуы үшін барынша ақылдасып отырады. Орынбайдың әкесі Көзейбай көзі тірісінде әулеттен дәулеткер күйші шыққанын армандайды. Өз кезегінде Орынбайдың ұлы Дәулетхан күй өнерімен машықтанып келеді. Бұл ретте, шығармашыл отбасының мүшелеріне өнерде табыс тілейміз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
08 тамыз 2023 ж. 132 0