Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел экономикасының тұғыры

Ел экономикасының тұғыры

Темір жолы – өмір жолы. Иә осынау ұлан-ғайыр даланың о жағы мен бұ жағын байла­ныс­­­тырып жатқан шо­йын жолы шынында да өмір жолына ұқсайды. По­йыз жолы – өмір жо­лы болса, по­йыз – өмір, ал жолаушы – адам. Сәті түскенде жол­ға шығып, сапары аяқтал­ған тұста керуеннен түсіп қалып жатады.

Жаздың соңғы айы – тамыздың алғашқы жексен­бісі көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Күннің ыстығы мен суығына, дауылы мен жауынына қарамай, халық игілігі үшін еңбек ететін сала мамандарының бірі – осы көлік тізгінін ұстап, жол қатынасын қамта­масыз ететін қызметкерлер.

Темір жол тасымалы – ел эко­номикасының күре тамыры. Олай дей­тініміз, еліміздің халық шаруашылығы жүк­терінің сексен пайыздан астамы осы шойын жол арқылы тасымалданады. Темір жол саласының маңызы жыл өткен са­йын арта түсуде. Сондай-ақ сала жыл өт­кен сайын біртіндеп жаңаруда. Атап айтар болсақ, тасымалда жаңа вагондар іске қосы­­­­лып, қызмет көрсету жаңа талаптарға сай жаңарып келеді. Бұл көлік тізгініндегі жүр­­­гізушілер мен жолсеріктердің ғана емес, барлық тасымал, қозғалыс, жол саласын­да еңбек етіп келе жатқан жандардың төл мерекесі. Әрине, темір жол саласында шешілмей жатқан мәселелер де баршылық.

Теміржолшылар елдегі жолаушылар жә­не жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақты қалыптастырудың драйвері. Темір жол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала бермек. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлер қоғамда зор құрметке лайық.

Шойын жолдың сонау ғасырдағы тарихына көз жүгіртсек, дүниежүзінде тұң­ғыш темір жолды 1825 жылы Англияда Дж.Стефенсон салдырған. Ол жол Стоктон-Дарлингтон желісіне қатынап, барлығы 21 шақырымды қамтыған. Мұнан соң ХІХ ғасырдың 30-жылдары Австрияда, Германияда, Бельгияда және француз елінде те­мір жолдары салына бастаған.

Ал Қазақстан аумағында ең алғашқы темір­жол көлігі «Покров-Слободка Урбах» желісімен 1894 жылдың 25 қазанынан бас­тап қатынаған. Бұл жолдың 130 шақырымы еліміз аумағымен өткен. Сондай-ақ 1891-1896 жылдары салынған Транссібір, 1901-1906 жылдары салынған Орынбор-Ташкент теміржол желілері қазақ даласымен өткен. Осы уақыттарда тасымалмен бірге қазақ даласында сауда-саттық та жандана түскен.

Ал елімізде Кеңес Одағының ең үлкен ұйымы «Қазақстан теміржолы» 1958 жы­лы құрылған. 1960 жылдары «Мақат-Маң­ғышлақ» және «Маңғышлақ-Өзен» учаскелері салына бастап, кейіннен жаңа желілер іске қосылған. 1964 жылы сала­дағы электрлендіру жұмыстары да кең тыныс пен серпін берді деуге негіз бар. 2011 жылы елімізде «Тұлпар-Тальго» жолау­­шы­лар вагонын шығаратын зауыт іске қосылуы да темір жол саласындағы ең ір­гелі жетістік болды. 2014 жылдан бастап тұр­ғындар Тальго вагондарының игілігін көріп келеді. Айта кетейік, бүгінде елімізде теміржол желісінің жалпы ұзындығы 14,4 мың шақырымнан асады.

Ал, аудандағы теміржол саласын жандандырып, жолаушылар тасымалын оңтай­ландыруда қаншама қызметкер елеулі еңбек етуде. Саланың жандануына өзіндік үлес қосан «Сырдария ауданының құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Әби Сарқын­шақовтың есімін ерекше құрметпен атап өткеніміз жөн.

Еліміздің көлік әлеуетін дамытуда стра­те­­гиялық маңызға ие теміржол саласы шын мәнінде экономи­каның күретамырына айналып отыр. Шет елдермен байланыс жақ­сарып, жүк және жолаушы тасымалы, инфрақұрылым мен көліктік логистика дамып, өндіріске жаңа технологиялар енгізіле бастады. Сондай-ақ цифрландыру жүйесі де – алға жылжудың айқын көрінісі. Қазір жол жүруге арналған құжатты ұялы телефон арқылы алуға және көлік қозғалысын бақылап отыруға мүмкіндіктер бар. Қалай десек те, тасымал саласының кешегісі мен бүгінгісі салыстыруға келмейді. Айыр­ма­шылық жер мен көктей, ілгері жылжу ай­қын көрінеді.

Осы ретте, саланың ыстығы мен суығына төтеп беріп, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандарды, сала ардагерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Еңбектеріңіз еселі, абыройларыңыз асқақ, отбастарыңыз аман болсын! Елеулі ең­бек­теріңіздің жемісін көріп, қиын әрі жауап­кершілігі жоғары саладағы мін­деттеріңізді адал атқарып, ел-халықтың алғысына бө­ле­не беріңіздер демекпіз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 тамыз 2023 ж. 1 110 0