Тәжірибелі басшы, тегеурінді менеджер
Тамыздың бірінші жексенбісінде «Көлік қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі жыл сайын аталып өтіледі. Мерекеге орай бас редактордың тапсырмасымен темір жол саласының негізгі атқаратын қызметі туралы тәжірибелі басшы Абзал Әмірбекұлымен дидарласу сәті түсті. Өзіндік іскерлігімен іргелі ұжымның қызметін үйлестіріп отырған сала жетекшісі темір жол қызметінің қыр-сырына тереңнен қаныққан.
Жалпы, Қараөзек және Қаракеткен елді мекенінің арасындағы пойыз қозғалысының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірінші телімде 73 маман еңбек етеді. Аталған мекемеге осыдан бес жыл бұрын басшы ретінде қызметке тағайындалған Абзал Айтжанов – Тереңөзек кентінің төл перзенті. Ол – №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектепте білім алып, ұстаздардың үкілеген үмітін ақтаған. Бала күнгі арманына қол жеткізу үшін Абзал Әмірбекұлы «Қазақ көлік және коммуникациялар» академиясынан «Жол және жол шаруашылығы» мамандығын меңгеріп шығады. Кейіпкеріміз осыдан жиырма жыл бұрын Шиелі станциясында еңбек жолын бастапты. Араға бір жыл салып, туған жеріне оралған Абекең жол жөндеуші болып кәсіби біліктілігін арттырады. Сонымен бірге әр жылдары Жалағаш ауданында жол шебері, Тереңөзекте жол бригадирі, Қызылорда жол дистанциясында жүргізуші инженер қызметін абыроймен атқарады. Бұл ретте, сала басшысы қос аудан аралығын қамтитын мекеме жұмысын бізге саралап айтып берді.
– Біздің құзіретімізге 114 шақырым негізгі жол мен 16 шақырым станциялық жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді. Тәулігіне 35-40 пойыздың діттеген жеріне аман-есен жетуіне сала мамандары барын салады. Жалағаш ауданында 2, Тереңөзек кентінде 2 айналым жүйесі бойынша жұмысшылар қызмет атқарады. Мұнан бөлек 55 бағыттамалы бұрма жолымыз бар. Ал мекемеге қарасты 4 өткелдің 1-і күзетілмейтін, 3-і күзетпелі саналады. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандарымыз өз ісіне мығым. Темір жол саласында қызмет ететін мамандарға төзімді болу басты рөл ойнайды. Барлық жұмыстың толықтай жүзеге асуы ауа райына тікелей байланысты. Күні-түні пойыз қозғалысы тоқтамайтыны рас. Кейде жол қауіпсіздігін бақылау мақсатында мамандар шұғыл жұмылдырылады. Осындай уақытта шаршауды білмейтін, қызметіне адалдық танытатын әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын, – дейді сала басшысы.
Шойын жолдың бойында күні-түні дамыл көрмейтін әрбір қызметкерге күш-жігер мен шыдамдылық мінез аса қажет. Себебі, тозығы жеткен жолдарды жоспар бойынша қызметкерлер араға уақыт салып жөндесе, ағымдағы күтіп-ұстау қызметі күнделікті үйлестіріледі. Жалағаш пен Тереңөзектің екі ортасын жол қылған Абзал Айтжанов таңғы 05.00-ден жұмысшылардың жанынан табылады. Орын алған кез келген олқылықты орнына келтіріп, пойыз қозғалысының тежелмеуіне жағдай жасайды.
Тәжірибелі басшы, іскер ұйымдастырушы Абзал Айтжанов жұмыста тегеурінді менеджер болса, отбасында жарының арқасүйер азаматы, баларының ардақты әкесі. Қазіргі уақытта зайыбы Ақманат Серікбаева екеуі 1 қыз, 3 ұлдың ата-анасы. Үйдегі отанасы Ақманат Серібайқызы отбасы мүшелерінің бабын тауып қана қоймай, бала бағбаны атана білген. Аяулы жан №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде математика пәнінен сабақ береді. Осы ретте, темір жол қызметінің ілгері басуына зор ықпал жасап келе жатқан Абзал Айтжановты кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ