Басты көшенің жаңарғаны бәрімізге жақсы
Қай кезде де тұрғындар жолдың жақсы болғанын қалайды. Әрбір көшенің жолы асфальтталып, сапасы жақсы болса, оның өмір сүру деңгейіміздің жоғары болуына әсер ететіні анық.
Биыл ауданда кентішілік және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, аудан орталығындағы басты көше саналатын – Аманкелді Иманов көшесі толық күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл көшенің ұзындығы 1,56 шақырымды құрайды.
Негізінен, жоба бойынша көшенің автомобиль жолын жөндеу, жолдың екі жақ бетіне жаяу жүргіншілер жолын салу және аяқ су жүйесіне темір бетонды лоток орнату жұмыстары қаралған.
Соған орай, қазіргі таңда жолдың екі бетіндегі сапасы нашарлаған жаяу жүргіншілер жолын бұзып, басты көшені заманауи талаптарға сай етіп күрделі жөндеуден өткізуде.
Осы тұста, аудан халқын жол жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қазір көшенің екі бетіндегі жаяу жүргіншілер жолы бұзылғандықтан, адамдардың жүруіне мүмкіндік болмай тұр. Мұның басты көшемен жүретін көлік қатынасына да өзіндік кедерге болып тұрғаны рас.
Сол себепті, кент тұрғындары жолдың сапалы салынуына түсіністікпен қарауын сұраймыз. Аудан орталығындағы басты көшенің жаңарып, жаңғырғаны баршамыз үшін жақсы болмақ.
Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі