ШОЙЫН ЖОЛДА ҚАЙНАҒАН ӨМІР

Бүгінгі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қызметінің негізгі мақсаттарының бірі – еліміздің транзиттік әлеуетін көтеру, өткізу. Қазақстанның материктің орталығында орналасуы, оған транзиттік дәліздердің көпжақтылығын қамтамасыз ету – құрлықтың әр түрлі бөліктері арасында байланыстырушы буын рөлін тиімді атқаруға жағдай жасауда. Яғни тоғыз жолдың торабында орналасқан еліміз «өткізгіштік» қабілетке ие бола отырып, өзінің транзиттік әлеуетін көтеруге мүмкіндігі мол бірден-бір ел.
Алысқа бармай-ақ Тереңөзек арқылы жүйткіген поезға қарап, бала арманына қанат бітірген талай аға буын өкілдері осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңды, қазанында қайнап шықты. Шойын жолды дамытуға өз үлестерін қосты. Олардың алдыңғы легінде республикаға белгілі қоғам қайраткері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Әби аға Сарқыншақов есімі бірінші болып аталады. Қазірдің өзінде осы салада жемісті еңбек етіп, сала қызметін жандандыру жолында тер төгіп жүрген жандар қатары жетерлік.
Теміржолда жұмыс істеп жүрген кісілердің ерен еңбегі, күннің ыстығы мен суығында еңбек етіп, халық шаруашылығын дамытуға, жолаушыларды тасымалдауға қосқан үлестері аз емес. Осыған орай тамыз айының алғашқы жексенбісі шойын жол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мұны атап өту үрдіске айналған. Бұл дегеніміз, еліміздің теміржол көлігін қазіргі заманға сай әрі жоғары тиімді салаға айналдыруға бағыттайтын майталман мамандарға деген құрметтің үлгісі. Ел экономикасының сенімді іргетасы саналатын сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, істеріне береке тілейміз.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ