Сейфолла ақынның сыйлығы

Жақында қазір Байқоңыр қаласында тұратын әрі шәкіртім, әрі туыс інім Дарханбек Әбдірахманов хабарласты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Аға, сізге Алатаудың бөктеріндегі ару Алматыдан Сейфолла Оспан көкеміздің беріп жіберген аманаты, құнды дүниелері бар еді» деді. Өзім ауылда болмаған соң «Үйге тастап кете бер» дедім де рақметімді айттым. Дарханбектің айтуынша, ақын ағамыз заттарды алған соң маған міндетті түрде хабарлассын деп нықтап тапсырыпты.

Содан бойымды әлдебір қуаныш билеп, өзім әлі күнге өлеңдерін қайталап оқудан жалықпайтын үш сұңғыла ақынның суреттері тоқылған кілемшелерді қатарластырып жайып қойып, суреттеріне қарай-қарай көкеме хабарластым.
Телефонды алғашында Күләй апа алып, ауылдың, ағайын-туыстың амандығын білгеннен кейін, тұтқаны көкеме берді. Ақын ағамыздың көру қабілетінің нашарлап қалғанын да білемін.
– Ассалаумағалейкум! Мен ауылдан Бағдатпын ғой, денсаулығыныңыз қалай?
– Бағдатжан, амансың ба! Ағаң жақсы, Аллаға шүкір...
– Дарханбектен беріп жіберген дүниелеріңізді алдым, көке.
Тамағын бір қырнап алып ақсақал әңгімесін әріден бастады.

Иә, биыл ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлестер мақтанышына айналған Сейфолла Міркемелұлы Оспанның 85 жылдық мерейтойы. Әдеби және діни мол білімі арқылы жан-жағына білім шырағын жаққан, заманының тақуасы атанған Міркемел кәлпенің ұлы, Сыр елінің, оның ішінде Сырдария ауданының һәм біздің С.Сейфуллин ауылының атағын аспандатып тұрған талантты тұлға ғой бұл кісі.
Ұлы жазушылар – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың көзін көрген, Мұхамеджан Қаратаев, Қанапия Дәрібаев, Қалтай Мұхамеджановтармен дәмдес болған, қазақ әдебиетіне олжа салған шәкірттер тәрбиелеген, ұлттық өнердің сан бағытының дамуына елеулі үлес қосқан – ақын, сыншы, аудармашы һәм шешендігі мен көсемдігі бір бөлек Сейфолла көкеміздің дені сау болсын. Күләй апамен бірге бес баласынан өрген немере-шөберелерінің қызығын көре берсін.
Бұйырса, мерейтой лайықты аталып өтілер. Менің бұл жолғы ойым ойлы оқырманға, өздеріңізге Алматыдан арнайы беріп жіберген құнды дүниелер һәм өнер туындылары мен, яғни есімдері ел жадында мәңгі қашалған ұлылардың суреттері тоқылған кілемшелерді таныстыру...
Бағдат ЕСНАЗАР