Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Текті өнердің телқоңыры

Текті өнердің телқоңыры


Сыр топырағы қашанда тума таланттардан кенде емес. Сыр сүлейлері деген сөзді естігенде Балқы Базар, Тұрмағанбет, Майлы Қожа, Кете Жүсіп, Жиенбай секілді атақты жыраулар есіңе келеді. Осындай атақты ақын-жыраулардың сапында бағзы заманнан өнерді құлай сүйген қазақ халқының жадында жүрген дарынды тұлғалардың бірі – Қуаныш Шәкірұлы Баймағанбетовтің өнерін жас ұрпаққа насихаттау мақ­сатында жақында Ақжарма ауыл­дық модельді кітапханасының ұйым­дастыруымен «Текті өнердің телқоңыры» атты әдеби кеш өтті. Шараға ОКЖ директоры, ауылдық әкімшіліктің бас маманы, ақынның қызы Рабиға, немерелері, ауыл ақсақалдары мен сала мамандары қатысты.
Анасының қамқорлығы мен өзінің пысықтығының арқасында оқуға зейінді, білімге құштар болып өскен ақын он бес жасында арабша оқи да, жаза да білген. Сөйтіп Қожа Ахмет Яссауи мен Әл Фарабидің, Фердоуси мен Назимидің, Бұқар жырау мен Шалкиіздің, Қазтуған мен Мұраттың шығармаларына ынта қойып оқыған. Сыр бойындағы дүл-дүл ақын, аруақты арқалы жыраулардың дастан-қиссаларына ынтызары ауған. Ақынның Шығыс әдебиетіне деген қызығушылығы араб, парсы, татар тілдерінде көне түрікше, шағатайша басылған кітаптарды іздестіріп оқуынан байқалады. Қорқыт пен Асан қайғы туралы көп дүниелерді оқып, өзі де қисса-дастан, аңыз өлең жазуға, алдыңғы атақты ұстаздарының жолымен «тереңнен гауһар теруге» ден қойған ақын.
Ақынның шығармалары тағылым-тәрбиелік мәні зор шындықтың күші, шыншылдықтың шарапаты шынайы шеберлікпен, табиғи тағлымдықпен суреттелетін құнды дүние. Қ.Баймағанбетовтың қаламынан туған шығармаларының шұрайлысы, әрі басым көпшілігі Шығыс әдебиетінің үлгісінде жазылған. Ақын негізінен көлемді шығарма жазумен айналысқан және оның бізге мұраға қалдырған дүниелері осы бағыттағы жырлар.
Оқу, іздену, өсу жолдарынан өткен ақын қай кезде де өзінің қарапайым қалпынан айнып, ауытқып көрген емес. Көз майын сарқып оқи берген, оқығанын көңілге тоқи білген, қолынан келгенше халқының рухани қазынасына өз үлесін қосуды мұрат тұтқан елінің сүйікті азаматы суырыла сөйлеп, сөз зергерін тереңінен тебірене толғаған Сыр сүлейлерінің сапына қосылған.
Ақынның өмірі мен қаламынан туған шығармаларымен таныстырған кітапханашы өлеңдеріне, отбасына тоқталып, толық мағлұмат берді. Қазіргі уақытта Қ.Баймағанбетовтың артында екі қызы Рабиға мен Сара қалған, осы кісілерден тараған немере, шөберелері еліміздің түрлі салаларында қызмет жасауда.
Шара қорытындысында «Ақын жыры – халық жыры» деген тәмсілді ұстанған халқымыз ақынның құнды мұрасын үкілеп ұстау, қадір-қасиетін ардақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау әрбір азаматтың парызы екендігі айтылды. Сонымен қатар, «Жақұт жырдың айнасы – Қуаныш Баймағанбетов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда көрерменге ақынның шығармашылығы насихатталды. Ақынның қызы, немерелері шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

16 қазан 2018 ж. 1 299 0