Ұзақ өмір сүрудің сыры неде?
Қазіргі уақытта адамды жиі мазалайтын мәселенің бірі – ұзақ өмір сүру дағдысы екені даусыз. Екі адамның бірі денсаулығына байланысты шағымданатыны жасырын емес. Адам бойында дерт те көп болғанымен, саламатты өмір салтын ұстануға байланысты біршама ереже қалыптасқан. Өз кезегінде ғалымдардың дәлелдеуімен қолданысқа енгізілген ұзақ өмір сүру қағидасын назарларыңызға ұсынамыз.
Ең алдымен, ұзақ өмір сүрудің басты факторы дұрыс тамақтануға байланысты. Дәрігерлердің келтірген мәліметіне сүйенсек, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға және өмір жасын ұзартуға тікелей әсер етеді екен. Адамның дені сау болу үшін қырыққа жуық түрлі қоректік зат керектігі анықталған. Олар дәрумендер, минералды тұздар, амин қышқылдары, май қышқылы және көмірсу-белоктар болып саналады. Міне, осы қоректік заттар күнделікті пайдаланып жүрген тамақтың құрамында болуы керек. Тамақ әр түрлі болса денсаулыққа қажетті қоректік затпен ағзамыз толық қамтамасыз етіледі. Сондықтан күн сайын тамақ рационында жеміс-жидек, көкөніс, нан және астық тұқымдас өсімдік өнімдері, ет, құс еті, жұмыртқа мен балық, кепкен бұршақ, үрме бұршақ, жасымық сияқты өсімдік белогына бай заттар және сүт өнімдерінің болуына назар аударған абзал.
Кәсіби мамандар күнделікті ерте тұрудың және үнемі физикалық жаттығу жасаудың денсаулыққа тигізер пайдасын жоғары бағалайды. Мәселен, күніне кем дегенде 30 минут дене жаттығуымен айналысқан дұрыс. Жаттығу жасау кез келген адамның өмір сүру дағдысында тұрақты әдет болып қалыптасса, онда ол адамның өмір жасы ұзақ болады. Әрине физикалық жаттығулардың көптеген түрі бар. Оларға жүзу, жүгіру, жаяу жүру, би жатады. Дене жаттығулары көңіл күйді жақсартуға және күйзеліс пен үрейді төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар бұлшықеттің тығыз болуына, сүйектің мықты қалыптасуына ықпал етеді. Физикалық жаттығуларды жасай отырып, терідегі қан айналым процессін жақсартуға, әрі қартаюдың алдын алуға болады.
Ұзақ өмір сүрудің сырын зерттеп жүрген мамандар 2035 жылдары артық салмақ пен семіздік салдарынан әлемдік экономиканың шығыны $4 триллионнан асады деген тұжырым жасаған. Негізінен, семіздік экономикамен қатар, адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Артық салмақ – адамның өмір сүру жасына әсер ететін басты кедергі. Егер денеден артық май мен артық салмақты байқасақ бүгінгі күннен бастап қолға алған жөн.
Мәселен, тамақтанар алдында жарты литр су ішкен дұрыс. Нәтижесінде, өзіңізді тоқ сезініп, түскі және кешкі асты күндегіден азырақ жейсіз. Шай мен кофені 1-2 күн қантсыз ішу арқылы әріқарай қант тұтынбауға қалыптасып кетесіз. Тәттіден бас тарта алмаған кезде кептірілген жеміс, өрік, қараөрік, інжір, құрма тұтыну керек.
Бүгінде көкейтесті мәселеге айналған фактор адам бойынан табылатын ұйқысыздық синдромы. Қалыпты ұйқы кез келген адам үшін өте маңызды. Атап айтар болсақ, ол денсаулықтың, саламатты өмірдің, жастықтың және ұзақ өмірдің қайнар көзі. Дүниежүзі ғалымдарының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, ұйқы қанбаған жағдайда адамға мынадай кері әсері болады екен. Интеллекттің төмендеуі, иммундық жүйенің бұзылуы, терінің қартаюы, қант диабеті, инфаркт, инсульт, семіздік, ДНҚ өзгеруі, эмоционалды тұрақсыздыққа ұшырау кездеседі екен. Сол себепті күнделікті ұйқы режимін қалыптастырған жөн. Күндіз 15-20 минут ұйықтауды әдетке айналдыру – маңызды рөл ойнайды. Күндізгі ұйқы қан қысымын төмендетеді, жүрек пен қан тамырларына оң әсер етеді, зейінді жоғарылатады. Кешкі асты ұйқыдан 2-3 сағат бұрын ішкен құптарлық жағдай. Түнде тұтынатын ауыр тамақ мелатонин өндірісін бәсеңдетеді.
Ми белсенділігін арттыру арқылы адамның ойлау жүйесі дамиды, өмір сүру жасы ұзарады. Сондықтан миға арналған C, D және В тобындағы дәрумендерді тұтынуға мамандар кеңес береді. Сонымен қатар мидың дамуына арналған күнделікті жаттығу жасап тұру керек. Мәселен, тісті адам өзіне ыңғайсыз қолымен тазалап көргені дұрыс. Солақай болса, оң қолымен, оңақайлар сол қолымен тазалағанның пайдасы зор. Шетелдің киноларын субтитрімен көрген ыңғайлы. Күн сайын жаңа тіл үйренудің де көмегі бар.
Адамның ұзақ өмір сүруі немесе тез қартаймауы оның мінез-құлқына да байланысты. Мұны медицина да, психология да дәлелдеген. Егер, сіз ашушаң болсаңыз, онда жүйкеңіз сыр беріп, ол ағзаңыздың басқа да құрылымдарына теріс әсер етеді. Тіпті, ашушаңдық соңы сал ауруына әкеліп соғуы да мүмкін. Ал, керісінше жайдарлы мінезді жан болсаңыз, өзіңізге де, өзгеге де қолайлы жағдай жасайсыз. Әр күніңіз сәтті, жақсы жаңалықтарға толы болып өтеді. Сондықтан ұзақ өмір сүргісі келген адам көркем мінезді болуы керек.
Көп өмір сүруіңізге тікелей септігін тигізетін көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет. Әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Сол себепті, өзімізге тілегенді өзгеге де тілей алсақ, біреудің қуанышына қуанып, жетістігіне шаттансақ, онда ол біздің өмірімізді де, көңілімізді де жақсартады. Осыны ескерген дәрігерлер жақындарымызға, әріптестерімізге жылы сөзді көп айтуға кеңес береді.
Біз келтірген пайдалы кеңестерді қолдана отырып, өмір сүру ұзақтығын қалыптастырған жақсы. Негізінен, күнделікті іс-әрекетті бағамдап, жамандықтан аулақ болған абзал.
Дайындаған: Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден