Қырық бес жылдан кейінгі жарқын жүздесу
Жақында басылым редакциясына шырайлы Шымкент қаласынан жерлесіміз Базаркүл Бақтыбаева байланысқа шыққан болатын. Өз кезегінде ардақты ана биыл мектеп бітіргендеріне 45 жыл толғандығын тілге тиек етіп, сыныптастары туралы қалам тербеу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл ретте, біз білімнің қарашаңырағы – №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлектерімен аз-кем дидарласқан едік.
Негізінен, осыдан 45 жыл бұрын сол кездегі №35 М.Калинин атындағы орта мектепті 32 оқушы бітірген екен. Олардың алғашқы ұстазы Ұлтай Болғанбаева, болса, үлкен өмірге қанат қақтырып, жоғары сыныпта жетекшілік еткен, бала бағбаны атана білген Райхан Шертаева мен Қасымхан Исмайлов еді. Мектеп түлектері 45 жылдық мерекелік кешті жақында Шымкент қаласында атап өткен болатын. Өз саласының білгірі, сан түрлі қызметте өзіндік орны қалыптасқан сыныптастар бірнеше жылдан кейін қайта қауышты. Ең алдымен, достар қауымы Базаркүл Бақтыбаеваның шаңырығында дүниеден ерте өткен сыныптастырының рухына арнап, Құран бағыштады.
– Тереңөзек біз үшін қай кезде де ыстық көрінеді. Көптен бері жиналмаған бірнеше сыныптастың басы қосылып, өткен күндерді еске алдық. Ең алғаш бұл сыныпқа 4-шіні бітіріп, Қармақшы ауданынан келген болатынмын. Әкеміз Жұмабек Бақтыбаев қызмет бабымен баспахана директоры ретінде жұмыс жасады. Бүгінде арамызда сыныптарымыз Алтынбек Кенжеұлы, Алмас Бегайдарұлы, Болат Әкбарұлы, Иманғали Мергенбайұлы, Әлік Ермағанбетұлы, Сәрсенғали Кенжағалиұлы, Сәпи Садықұлы, Шахаркүл Тәңірбергенқызы, Сұлтан Әшімұлының жоқтығына өз өкінішімізді білдіреміз. Әрине, олардың әрқайсысының орны бөлек екенін сезінеміз. Жыл сайын жаңарып, жанданып келе жатқан мектебізді әлі күнге сағынамыз. Санамызда көптеген естелік қалыптасқаны мәлім. Өз кезегінде сыныптастармен басқосуда өткен күндерді саралап, ұстаздарымызды еске алдық, – дейді Базаркүл Бақтыбаева.
Жалпы, адуынды маман, білім саласының білгірі Қасымхан Ысмайловтың есімі көпшілікке жауынгер-ұстаз ретінде таныс. Майдан даласында кескілескен жаудың бетін қайтарған ұлағатты ұстаз өмір иірімдерін шәкірттерінің санасына сіңіре білді. Әрбір оқушысының болашағына сенді. Қазіргі таңда қайраты мықты, ұстанымы нық болған ұстаздың шәкірті Гүлнар Тұрғанбаева аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасында қызмет жолын бастап, осы саланың қыр-сырына қаныққан маман. Ал Оразкул Жұбанышова, Канзила Асыкбаева, Гүлнафис Қоңтәжиева балабақшада қызмет етіп, бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Сонымен бірге Әділбек Шөжеев аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, Ләззат Ембергенова аудандық ветеринариялық зертханасының маманы, Бақыткүл Смайлова аудандық ауруханада ота медбикесі, Ұлжан Арушаева Сәкен Сейфуллин ауылында кәсіпкер бола жүріп, бірнеше салада қызмет еткен. Негізінен, Мадина Әбенова Шу қаласында тұрып, теміржол саласында қызмет етсе, Гүлнар Кішкенебаева Қызылорда қаласындағы аяқ-киім фабрикасында жұмыс жасайды. Базаркүл Бақытыбаева Отырар ауданында оқушылар сарайының директоры қызметін атқарды. Сонымен бірге он жыл бірге оқыған сыныптастардың қатарында Аяткүл Бекенова, Ұлбосын Күзейбаева, Гүлсім Досжанова, Бақтығали Бабақұлов Өміртай Жаппарбергенов, Акашин Тәженов, Мұрат Смайлов, Ералы Аманов, Роза Жұмағұлова, Ғабит Дүйсенов, Құндызай Шайланова, Назира Асанова, Каден Омаров, Қанапия Әбсадықов, Мейрамбек Көшенов, Құралай Ертілеуова Рая Жаппарбергенова, Гаухар Божанова секілді жандар бар. Аталған жандар өз саласының мықты мамандары. Қазіргі уақытта алды зейнет демалысына шықса, кейбірі еліміздің түкпір-түкпірінде лайықты еңбек етіп жүр.
Иә, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарын еске алған түлектер жақсы іске мұрындық бола білді. Ел көлемінде қызмет етіп жүрген достарға 45 жылдан кейін кездесу бақыты бұйырды. Сыныптас достар бірлік пен берекенің, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
– Біздің 45 жылдық басқосу кешіміз керемет өткізілгеніне куәміз. Сыныптастар болып, шырайлы Шымкент қаласын тегіннен-тегін таңдаған жоқпыз. Қос таудың етегінде орналасқан Машат ауылындағы «Ақ шатыр» демалыс орталығында қызықты, думанды кеш өткізе білдік. Жергілікті әнші, Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әнінің алғашқы орындаушысы Хадиша Шалабаева ерекше әндерімен жақсы көңіл-күй сыйлады. Өз кезегінде қасиетті бұлақ суының құдіретін сезіндік. Арнайы қазан ішінен сылдырлап аққан мөп-мөлдір судың бойына жиналған көпшілік өз тілектерін жеткізді. Тереңөзектен барған сыныптастарымыз шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты, – дейді Оразкул Жұбанышова.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ