Мектепке – тағзым, ұстазға – құрмет
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 2011 жылғы 11 «в» сыныбының түлектері аудан халқына үлгілі істерімен танылып келеді.
Түлектер өздері оқыған мектеп ауласына өткен айда аудан әкімімен, алғашқы ұстаздары Гүлсара Сәдуовамен және сынып жетекшілері Жанна Сәркеевамен бірге туя талының көшеттерін еккен болатын. Сол кезде аудан басшысына жастар жақында мектептің кіреберісіне темір билборд орнатып беретіндерін айтқан еді. Сол жұмыстың уақытылы әрі сапалы аяқталуы соңғы қоңырау салтанатына тұспа-тұс келді.
Мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер мектеп-лицейдің кіреберісіне 5х3 пішінде темір билборд орнатты. Бұл істі бір сыныптың оқушылары бірлесе атқарды. Жігіттер темір дәнекерлеп, бетон құйса, қыздар билбордтың іргетасын әктеп, темірін сырлады. Оқушылардың ортақ шешімімен билбордқа қос ұстаздың суреті ілінді. Сондай-ақ ағартушы Ы.Алтынсариннің мектеп, ұстаз туралы айтылған даналық сөзі жазылды.
– Кеше ғана мектептен үлкен өмірге жолдама алған оқушыларымыз бүгінде түрлі саланың маманы атанды. Бір сыныптан халық қалаулысы атанған депутат, іргелі ұжымды алға сүйреген мекеме басшысы, ел сенімін арқалаған мемлекеттік қызметші, талантымен танылған ақын мен әнші, тәртіп сақшысы болған ҰҚК мен құқық қорғау органының өкілі, жұртшылықпен етене жақын жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандары, жас ұрпаққа білім беретін мұғалім, чемпион спортшы және жеке кәсіпкерлер шықты. Бұл шәкірттеріміздің өмірден өз орындарын тапқанын білдіреді. 10 жылдыққа байланысты мектепке тағзым, ұстазға құрмет көрсеткен шәкірттерімізге ризамыз, – дейді оқушылардың сынып жетекшісі, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Жанна Сәркеева.
Біз озат оқушыларға әліппе ашқызып, әріп үйреткен алғашқы ұстаздың да пікірін білдік. Сенімі мен үміті ақталған мерейлі мұғалім шәкірттеріне көңілі толатынын ерекше атап өтті.
– Шәкірттеріміз егемен еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың азамат ретінде қалыптасу кезеңі біздің көз алдымызда, әр жетістігі мен үшін зор қуаныш. 2011 жылы орта мектепті тәмамдаған шәкірттерім Әнел Иманғалиева мен Сандуғаш Исмағұлова «Алтын белгі» иегері атанды. Олардың алғашқы ұстазы ретінде Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен елордаға саяхат жасадым, министрліктің, облыс, аудан әкімдігінің Алғыс хатын иелендім. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ, – дейді оқушылардың алғашқы ұстазы, бүгінде №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Сәдуова.
Мектепке тағзым жасау арқылы ұстаздарына құрмет көрсеткен түлектер үлкен билбордқа екі шумақ өлең жазыпты. Осы мақаланы сол екі шумақ өлеңмен аяқтағанды жөн көрдік.
Жүректерде асқақ арман жаңғырып,
Арай шашып, атып жатыр таң күліп.
Алтын ұя қасиетті мектепті,
Ұмытпаймыз, ұлықтаймыз мәңгілік!
Шәкірттерге жақсылықты үлгі еткен,
Адалдықты, тазалықты үйреткен.
Ұлағатты ұстаздарға бәріміз,
Тағзым етіп, бас иеміз құрметпен!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ