Ел алғысына бөленген
Шын мәнінде, кез келген ауруханада «Қабылдау» бөлімшесінің жұмыс барысы қауырт болатыны сөзсіз. «Жедел жәрдем» арқылы ауруханаға әкелінген науқастың басым бөлігіне аталған бөлімшеде ем-шара тағайындалады. Науқас үшін алғашқы көмек беруге асығатын медицина саласының мамандары жылдам іс-әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалады. Міне, осындай күрделі салада қызмет қылып жүрген кейіпкеріміз Бекжан Сайфуллаев жас болса да, ел алғысын арқалаған тәжірибелі маман саналады.
Пандемия уақытында көпшілікті қауіпті кесел алқымнан қысқаны мәлім. Қиын-қыстау сәтте оттегі баллондарын толтырып, науқастардың жанынан табылған жанның бірі – Бекжан Сайфуллаев болатын. Оның сырқатына дәру іздеген адамдарға барынша көмек қолын созғандығын көзіміз көрді. Өз өмірін қатерге тігіп, Гиппократ антына адал екендігін сан мәрте дәлелдеді. Осындай табандылығымен жергілікті халықтың ықылысына бөленген Бекжан Тимурұлы – Тереңөзек кентінің тумасы. Көпбалалы отбасынан шыққан ол – №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің түлегі. Осыдан 11 жыл бұрын Қызылорда медицина колледжіне оқуға түсіп, өз саласының білгірі атануға бекінген ұлдарынан ата-анасы зор үміт күтті. Медицина саласының мұғалімдерінен жан-жақты білім алған жас маман 2016 жылы «Қабылдау» бөлімшесінің күндізгі медағасы қызметіне кіреседі.
– Медицина саласы қүрделі мамандықтардың қатарына жатқызылады. Негізінен, «Қабылдау» бөлімшесіне сан түрлі диагноз бойынша сырқаттанған жандар келеді. Дәрігерлер дер кезінде шешім қабылдап, жағдайы ауыр науқастарды «Жан сақтау» бөлімшесіне жатқызады. Кей жағдайда ем-шараны жасау барысында науқастардың жағдайын жақсарту үшін барымызды саламыз. Әрине, адам өмірі бәрінен қымбат. Пандемия уақытында еркіндіктің, денсаулықтың қадірін анық сезіндік. Кішкентай сәби мен егде тартқан қарияға дейінгі аралықтағы адамдардың қиналғанын көріп, жазылып кетуіне тілеулес болдық, – дейді Бекжан Тимурұлы.
Үнемі жайдарлы мінезімен айналасынан даралана білген Бекжан Сайфуллаев зайыбы Айдана Тлеубаевамен 2018 жылы отау құрады. Қазіргі уақытта ерлі-зайыпты қос аруды тәрбиелеп отыр. Бекжанның зайыбы да «Жұқпалы аурулар» бөлімшесінде медбике қызметін атқарады. Осылайша, жас отбасы алдағы уақытта медицина саласын дамыту жолында лайықты еңбек ете бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ