Тәжірибелі фельдшер
Адамның өмірі сақталмаған. Олай дейтініміз, адам баласы кез келген сәтте оқыс оқиғаға тап болып, соның салдарынан денсаулығына зиян келуі мүмкін. Сондай қиын сәтте оның қасынан алғашқы көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлері табылады. Оның ішінде адам өмірі қыл үстінде тұрған шақта біліктіліктері дәрігерлермен тең дәрежедегі фельдшерлер жедел шешім қабылдайды. Олардың қатарында аудан халқына алғашқы көмек көрсетіп жүрген Айжан Жақсылықова бар.
Тәжірибелі маманның медициналық саладағы еңбек өтілі 15 жылды қамтиды. Осы салада еңбек ету – бала кезгі арманы. Себебі Айжанның әкесі мен анасы медицина саласында қажырлы еңбек етіп, бүгінде бейнеттерінің зейнетін көруде. Әкесі Сейтқали Жақсылықов аудандық ауруханада, одан кейін О.Мәлібаев ауылдық медициналық бекетінде фельдшер болып, басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға медициналық көмек көрсеткен. Анасы Нағила Мұқанова да ұзақ жыл бойына аудандық ауруханада еңбек еткен. Міне, осындай әкесі мен анасының жолын қуған А.Жақсылықова орта білім алғаннан Қызылордадағы медициналық колледжде өзі таңдаған мамандығын меңгеріп шықты.
Жас маманның еңбек жолы 2008 жылы аудандық ауруханада басталды. Алдымен ауруханадағы жан сақтау бөлімінде жұмыс істеп, мейірбике болды. Осында жүріп медицина қызметкерлерінің түрлі қиын жағдайларға дайын болу керектігін, адам жанына араша болуда ептілік, біліктілік қажет екенін көріп, сала мамандарынан тәжірибе жинақтады. Ал 2011 жылдан бастап жедел жәрдем қызметіне ауысып, фельдшер болып еңбек етуде. Бүгінде облыстық жедел жәрдем станциясының Сырдария аудандық бөлімшесінде 12 жылдан бері халыққа адал қызмет көрсетіп келеді.
– Біздің негізгі міндетіміз – алғашқы медициналық көмек көрсету. Жұмысты кезектілікпен атқарамыз. Соның өзінде әрбір күніміз адам жанына араша болумен өтеді. Олай дейтінім, денсаулығы сыр беріп, түрлі жағдайда ауырған жандар алдымен жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Содан біз қызметімізге кірісіп, алғашқы көмек көрсетуге барамыз. Қатты ауырып жатқан науқастармен бетпе-бет келеміз. Сондай әрбір секунд санаулы болған шақта жедел қимылдап, науқасқа тиісті дәрілерді саламыз, жағдайын қалыпқа келтіреміз. Осыдан соң аудандық ауруханаға жеткіземіз, – дейді Айжан Сейтқалиқызы.
Білікті фельдшер қызмет барысында науқастармен қиындықтар көп кездесетінін айтады. Десе де көп жылғы тәжірибенің арқасында ондай қиындықтарды еңсеріп келеді.
– Медициналық көмек көрсету барысында жүрек қан тамыр, қазіргі шақта конго-қырым геморрагиялық қызбасы аурулары жиі кездеседі. Кейде ес-түссіз жатқан науқастарға барамыз. Ол кезде алдымен науқастың есін жиюға жұмыс жасаймыз. Беті бері қарағаннан кейін барып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткіземіз. Одан бөлек жол көлік оқиғалары болғанда да біз барамыз. Жол апаты салдарынан адамдар жеңіл, ауыр жарақаттар алады. Сүйегі сынған адамдар көп болады. Ол шақта да ширақ қимылдап, алғашқы көмекті жасаймыз. Оқиға орын алған жерге жақын маңайдағы профильді ауруханаға жедел жеткіземіз, – дейді тәжірибелі маман.
Аудандардағы жедел жәрдем қызметі облыстық жедел жәрдем станциясына тікелей қарайды. Сондықтан аудандағы фельдшерлер маман тапшы болып жатқан тұста Қызылорда қаласына барып та медициналық көмек көрсетеді. Одан бөлек елді мекендерге де барады. Ауданда күнделікті 3 бригада тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
– Ауырып, жанымыз қиналғанда жедел жәрдем көмегіне жүгінетініміз рас. Бір күнде бірнеше мәрте шақыратын кезіміз де болады. Сондай шақта аудандағы жедел жәрдем қызметкерлері көмегін көрсетеді. Олардың қатарында Айжанды ерекше атап өтуге болады. Жасымыз ұлғайған сайын аурушаң болады екенбіз. Бір күні қан қысымым төмендеп, басым қатты сыздап ауырды. Бірден жедел жәрдем көмегіне жүгіндім. Айжан келіп өз қызметін сапалы атқарды. Қан қысымымды қалыпқа келтірді, дәрі-дәрмек берді. Айналасы жарты сағаттың ішінде білікті маманның арқасында жағдайым жақсарды. Осындай тәжірибелі мамандардың халыққа медициналық қызмет көрсетіп жүргеніне шынайы алғысымды білдіремін. Тек мен ғана емес басқа да аудан тұрғындары фельдшердің көмегімен ауруынан айыққанына сенімім кәміл, – дейді кент тұрғыны Жанат Сүлейменова.
А.Жақсылықова – 5 ағайынды, үйінің кенжесі. Апасы Гүлжан – педагог, ал Гүлназ – Байқоңыр қаласында медицина қызметкері. Ағасы Қоныс шаруашылықта электрик болса, Ержан ағасы – жеке кәсіпкер.
Иә, ауырған шақта дереу жедел жәрдем шақырып, жанымызды фельдшерлерге аманаттаймыз. Әрбір секундтың қымбат екенін білетін олар өз біліктіліктерімен алғашқы көмекті жасайды. Айжан Сейтқалиқызы да медицина саласындағы 15 жылдық еңбек өтілімен жұмысының жауапкершілігі мол екенін біледі. Соған сай еңбек етіп, бүгінде көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ