Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел президентімен кездесу ерекше серпін берді

Ел президентімен кездесу ерекше серпін берді

Елдің тұтқаұстары болған жас­тарды жалынды, жігерлі деп жатамыз. Барлығының бойында күш-жігері тасып тұрады. Десе де олардың арасында барлық іске тез бейімделіп, кез келген жұ­мыс­ты ұтымды үйлестіре білетін бел­сенділері болады. Олар жалындап тұрған жас буын өкілдеріне же­текшілік те жасай біледі. Бүгін біз сұхбаттасқан қоғалыкөлдік Олжас Балтахожа – сондай белсенді жастардың бірі.

– «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» дегендей, сұхбатымыздың әлқиссасында өзіңіз туралы айтсаңыз. Олжас Балтахожа кім?

– Мен ауылдың қарапайым баласымын. Көптеген даналар мен даралар шыққан қасиетті Қоғалыкөл ауы­лында туып, өстім. Әкем Айтқожа ауылда еңбек етіп, бүгінде немерелерінің ортасында отыр. Ал анам Жадыра білім саласында қызмет етеді. Ауыл мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Өзім туған елді мекендегі №44 орта мектепте білім алып, үлкен өмірге қанат қақтым. Мектеп бітірген соң сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеу­ұлы тағайындаған білім грантын ұтып алып, Қорқыт ата атындағы университетке оқуға түстім. Университет қабырғасында «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығын меңгеріп шығып, еңбекке араластым. Қазір ақпараттық қоғамның қарқынды да­мыған шағы. Сол себепті әрбір адам қоғам үдерісінен еш қалмауы керек. Сондықтан қазіргі қызметім де соған байланысты. Бүгінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамында PR-менеджер қызметін атқарып келемін.

– Жас бола жүріп, жастар жанашыры еке­ніңізді білеміз. Осы салада еңбек еттіңіз. Сол ең­бегіңіздің нәтижесінде Ел Президентімен кез­десудің сәті түсті. Осыны кеңінен тарқатып бер­сеңіз?

– Университет қабырғасында барынша белсен­ді өмірге жақын болдық. «Ұлағат ұландары» педаго­гикалық жасағына жетекшілік еттім. Осы жасақ құ­рамында жүріп, жазғы тынығу лагерьлеріне тәлімгер ретінде бала­лардың демалысын, уақытын қызықты өткізу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Сондай-ақ бас­қа уақытта да қайырымдылық көрсетіп, университет қабырғасындағы іс-шараларға атсалыстық. Одан бө­лек, жайдарманды да қатар алып, өңіріміздің намысын республикалық ойындарда қорғап жүрдік. Сол белсенділігімді облыстық жастар орталығының мамандары байқаса керек, оқу бітірісімен Сыр жастары үшін қызмет етуге шақырды. Жастар орталығының жаңа ғимараты қаланың сол жағалауынан бой көтерді. Жаңа жастар орталығының жұмысымен танысуға Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне ісса­па­ры барысында келді. Сыр жастарымен кездесу барысында Президентіміз жастарға мемлекеттік бағдар­ламалар бойынша кеңес беріп, мен тұрған жерге кі­діріп тоқтады. Мен ол кісіге жастар үшін жасалып жат­қан бағдарламарды және қандай кеңестер беріліп жатқанын егжей-тегжейлі түсіндірдім. Президентімізге шығармашыл, белсенді жас екенімді, жайдарманшы екенімді облыстық жастар орталығынын басшысы жеткізді. Мемлекет басшысы көңілді көзқараспен жайдарман саласындағы жастардың потенциалы жо­ғары екенін және бұл саладағы жастардың бола­шағы зор екенін айтты. «Қазіргі таңда жайдарманшылар Президент болып жатыр. Сондықтан сенің де президент болуға мүмкіндігің зор» деп батасын берді. Бұл 2019 жылы болатын. Ал биыл сол жылғы түсі­рілген видеошығарылым әлеуметтік желіге тарады. Мұны Қазақстандағы танымал тұлғалар мен оқыр­маны көп блогерлер өз парақшаларына жарыса жариялады. Теледидардан да арнайы көрсетті. Тіпті, «Жай­дар­манның» Президенті Есен Елеукен «Менің өзім әлі Пре­зидентпен бұлай кездескен емеспін» деп өз пікірін білдірді. Қазақстан Президентімен кездесу – мен үшін мақтаныш және маған ерекше серпін берді.

– Жастар қоғамның қозғаушы күші дейміз. Қазір жастардың көбі «жеңілдің астымен, ауыр­дың үстімен» жүргісі келетіндей. Осыған қа­тысты көзқарасыңыз?

– «Заманына қарай адамы» деген қазақта жақсы сөз бар. Қазіргі таңда күн сайын мыңдаған жаңа маман­дықтар дүниеге келуде. Сырт көзге оңай көрінгенімен әр жұмыстың өз қиындығы болатыны анық. Енді қай заманда болмасын оңай ақшаны олжа қылатын жастар жоқ емес. Олардың «жеңіл жолмен ақша табамын» деп құмар ойындарға кіріп кетуі заманның айықпас дерті болуда. Бұл тұрғыда жоғарыдағы ағаларымыз осы саланың жарнамасын азайтып, тоқтау қойса деген ұсынысым бар. Себебі жастар бұл жолға қаржылай қаражаттың жетіспеуінен барады. Бұған өз кезегінде өңіріміздегі еңбекақы пайызының төмендігі де әсер ететіні анық. Мейлінше, өндірістік саладағы қыз­­мет­­керлердің жалақысын көбейтсе, адал еңбекпен нәпа­қасын табатын жастар саны артады деп ойлаймын.

– Қоғалыкөлдік жастардың басын біріктіріп, жайдарман тобын құрдыңыз. Республикалық лигаға дейін барғанын білеміз. Қазір қоға­лы­көлдік жайдарманшылар қайда? Және де ауданда жайдарманға деген қолдау қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Иә, «Қоғалыкөл» жайдарман құрамасы респуб­ликалық ойындарда, оның ішінде жоғары лигаларда ауданның, ауылдың намысын қорғап, сәтті өнер көрсете білдік. Жетістіктеріміз де аз емес. Бірақ, ең бастысы, шығармашыл жастарға тұрақты демеушінің болуы қажет. Біздің жайдарманды әрі қарай жалғас­тыруымызға демеушіміздің шамасы келмеді. Содан кейін ауылдың әкімімен және аудандағы жас­тар ре­сурстық орталығының басшысымен арнайы кез­дес­кеннің өзінде қолдау болмады. Осының салдарынан команда тарауға мәжбүр болды. Қазіргі таңда қо­ғалыкөлдік жайдарманшылар түрлі салада қызмет етуде. «Аудандағы жайдарманға деген қолдау қай деңгейде деп ойлайсыз» дегенге келер болсақ. Қазір аудандағы жастар ресурстық орталығына жаңа басшы келгенін білемін. Аудан әкімі де жаңадан тағайындалды. Жаңа басшылар бұл салаға жаңашылдық әкелетін шығар деген ойдамын. Дегенмен, деңгей мәселесінде ең соңғы рет ауданымыздан республикалық лигаларға шыққан жалғыз Қоғалыкөл құрамасы. Сондықтан ауданда жайдарманшыларға үлкен қолдау қажет деп есеп­теймін.

– Бүгінгі қоғам — әлеуметтік желінің тілін білетін жастардың қоғамы. Бұл тұрғыда, кәсіби маман екеніңізді көріп жүрміз. Халыққа қажетті контент түсіруді қолға алыпсыз. Осы жөнінде ай­тып берсеңіз?

– Бүгінде әлеуметтік желі жаңа мүмкіндікке жол ашты. Барлық тіршілігіміз осыған байланысты болуда. Облыстық жастар орталығының ақпараттық бөлімінде жұмыс жасай жүріп, әлеуметтік желіге жақындай түстім. Сол кезден әлеуметтік желінің қыр-сырына қанығап, жұмыс жүргізе бастадым. Қазір «YouTube» платформасында екі каналым бар. Біріншісі – «Bizdin Baga» ютуб каналы. Онда 73 мың оқырман бар. Каналдың мақсаты – еліміздегі барлық сауда орындарының баға­сын уақытылы ұсынып отыру. Оның ішінде төрт түлік, темір тұлпар, құрылыс заттары саудаланатын базар, дүкендердегі бағаларға талдау жасаймыз. Ал екіншісі – «Olzha by» ютуб каналы. Бұл каналда қазақы вайбтар түсіріледі. Яғни, ауылдағы өмір оның ішіндегі жыл­қының пайдасы, мал сою, оны жіліктеу, ұлттық ойындар – көкпар, бәйгені, ләңгі жасауды көрсету және өңіріміздегі шипасы бар аймақтарға сапар секілді жақ­сы дүниелерді түсіреміз. «Фейсбук», «Инстаграм» әлеу­меттік парақшаларында да белсенділік жоғары.

– Өзіңізді мазалайтын нендей мәселелер бар және мүмкіндік болса оларды қалай шешуге болады деп ойлайсыз? Және де алдағы жоспар­ларыңызбен бөліссеңіз?

– Қазіргі таңда «YouTube» блогері ретінде облы­сымыздағы барлық ауылдың тұрмыс-тіршілігін, жағ­рафиялық орнын және басқа да тұстарының жақсы­лығын асырып түсіргім келеді. Себебі елімізді дамыту үшін алдымен ауылды өркендету қажет. Ол үшін жас­­тарды ауылға көптеп тарту керек. Ал жастардың елді мекендерге баруы үшін, әрине оларға жасалып жатқан жағдайларды кеңінен насихаттау шарт. Олардың қызығушылығын ояту керек. Әлеуметтік желі жастарға ақпарат тарататын тікелей көпір екені сөзсіз. Сол себепті осы жұмыстарды іске асыруға тырысамыз. «Жалғыздың үні шықпас» деген бар. Осы орайда, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану үшін ауыл жас­тарына сабақ беріп, үйреткім келеді. Бұған әкімдіктер қолдау білдіріп, арнайы жобалар ұйымдастырса деген ұсыныс-тілек бар. Түптеп келгенде, ауылдағы жас­тардың шыңдалуына, олардың өмірден өз орындарын табуына демеу, қолдау білдіруіміз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
18 шілде 2023 ж. 313 0