Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алып батырлардың рөлін сомдау – арманым

Алып батырлардың рөлін сомдау – арманым

«Шалғайда жүрген бір түлек» айдарының бүгінгі қонағы – алматыда тұратын жерлесіміз Асхат асқарұлы. талантымен танылып жүрген жас актермен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Асхат Асқарұлы, алдымен өзіңіз жай­лы айтып өтсеңіз.
– Мен 1992 жылы Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылында дүниеге келдім. Сол жердегі №37 орта мектепте орта білім алып, кейіннен ата-анамның жұмысының ауысына байланысты Қызылорда қаласына көшіп кеткенбіз. Қалада мектеп бітіріп, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Өзім қалаған мамандық – өнер саласы. Бүгінде «Театр және кино актері» мамандығын игеріп, Алматы шаһарында қызмет істеп жүрмін. Үлкен шаһарда отбасын құрып, анам және бауырларыммен біргемін.
– Әркім үшін туған жері – Мысыр шаһары деген. Туып-өскен жерді сағы­насыз ба?
– Менің ата-анам Шағандағы мектепте химия пәнінен мұғалім болып қызмет атқарды. Ұстаздарға деген оқушылардың құрметі бөлек. Әлі күнге дейін шәкірттері хабарласып тұрады.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, мегаполисте жүрсем де, туған жер, туған топырақты бір сәт естен шығарған емеспін. Ауылымды қатты сағынамын. Себебі кіндік қаным тамған жер «Ақ Шағаным» әрқашан ыстық. Топырағына аунап, су ішкен мекен мен үшін қасиетті жер саналады. Тіпті адамдар ауылда туғанына намыстанып, айтқысы келмей жүрсе, мен керісінше үнемі «ауылдың қарапайым қара баласымын» деп мақтанамын.
Мен туған жеріммен әркез мақтанамын. Мұндағы жылт еткен жаңалықтың бәрін көріп, біліп отырамын. Менің осындай мәртебеге жетуімде жерлестерімнің демеуі, қолдауы көп.
– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тәмсіл бар. Елге келіп қызмет ету ойда бар ма?
– Жоғары оқу орнын аяқтаған соң елге келіп, театрда жұмыс жасағым келген. Бірақ нарық заманында бір айлықпен күн көру мүмкін емес екен. Сондықтан осы Алматыда қалғанды құп көрдім. Бүгінде «Мафия мен тақия» сатира театрында қызмет етудемін.Сонымен бірге «Gakku Fm» радиосында таңғы бағдарламаны жүргіземін. Оған қоса мереке, думандарды басқаратын «асабалық» өнерім де бар.
– Әдетте кино актерларына қарағанда театр әртістерінің кәсібилігі жоғарылау болып келеді. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Мен үшін кино мен театр екі бөлек дүние. Жалпы біз театрға жұмысқа орналасу үшін «кәсіби актер» деген дипломымыз болуы шарт. Ал кинода кез келген адам рөлдерді сомдай береді. Оның актерлік шеберлігіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Осы жерден-ақ қай салада кәсіби мамандардың көп екенін байқауға болады. Театрда шынайы өмір сүресіз, кейіпкеріңіздің бар мінезін, бітім болмысын ашасыз. Кинода керісінше бәрі жаттанды мәтін, жаттанды сөздер, тағысын тағы... Өздеріңіз де киноны көріп жүргенде байқайтын боларсыздар.
– Өзіңіз әзіл-сықақ театрында өнер көрсетесіз. Сіздердің қойылымдарды бел­гілі бір сценаристер жазады ма, әлде өздеріңіз ойлап табасыздар ма?
– Оқу бітірген жылы топтағы бес жігіт «Мафия мен тақия» театрына қабылдандық. Біз қойылымдарды өзіміз дайындаймыз. Себебі бізді өзімізден артық ешкім жақсы білмейді. Қайсымызға қандай рөлдер сай келетінін білеміз. Сондықтан бізге сценаристер мәтін жазбайды.
– «Мафия мен тақия» көптен бері сахнадан оқшаланып қалды. Жас және жаңа мамандар келіп, қайта жаңғырған іспетті?!
– Бұған себеп болған көрерменнің сұра­нысы деп ойлаймын. Қазір халық ұзақ, көп дүниелерді көре бермейді. Шыдамсыздық, сабыр деген қасиеттер азайып барады. Вайнер­лердің наны жүріп, елдің назары соларға бұрылғанда, айтайын деген ойымызды кем дегенде 30-35 минуттық қойылымға салғанда көрермен жалығады. Оларға бір минуттық қысқа дүниелерді көрген ыңғайлы. Осы нәр­селер біздің көрерменді азайтты. Бірақ халық сағынып сатира театрының өнерін тамашалауға келгенге не жетсін?! Аллаға шүкір, жағдай біршама жақсарды. Жанатбек Байтеков секілді ел мойындаған өнер иесімен біргеміз, сол кісінің ізінен еріп келеміз. «Хабар» арнасынан берілген «Ду-думан» сатира театрларының бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алдық. Мұның театрдың, актерлардың еңбегінің нәтижесі.
– «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатамыз. Бойыңызда ашылмай жүрген талан­тыңыз бар ма?
– Менің әкем кез келген музыкалық аспапта ойнайтын. Мен де сол дүниеге қатты қызығамын. Қазір әкем сияқты барлық аспапты меңгергім келеді. Домбыра мен гитарада ойнаймын, бірақ бұл бізге аздық етеді.
– Әрбір әртістің армандайтын образы болатынын білесіз. Болашақта қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?
– Толық метражды тарихи киноларда алып батырлардың рөлін сомдау – арманым. Елі мен жерін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған батырлардың рөлінде болу – шын қуаныш. Бейбіт заманда соғыс болмасын, әрине. Бірақ табиғатым сол майдан даласын, Отан үшін от кешкен батырларды аңсайды.
– Болашақта Сізді қай салада көбірек көре аламыз?
– Бүгінде отандық фильмдерде эпизодтық рөлдерді ойнап жүрмін. Алдағы уақытта кино саласында бақ сынап көргім келеді. Бұйырса, үлкен экраннан көресіздер.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Майя ҚОЖАБАЙ
09 қараша 2019 ж. 622 0