Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдан қанаттанған ұстаз

Сырдан қанаттанған ұстаз

Қасиетті Сырдариядан талай түлектер қанат қағып, елі­міздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Бүгінгі кейіп­керіміз – өзінің сүйікті мамандығы арқылы ұлағатты ұстаз атанған қадірлі жан. Сапура Дауылбаева – аудандағы қара­шаңырақ – №35 орта мектебінде оқып, бүгінде Алматы қаласындағы Халықаралық Қазақстан-Түр­кия лицейінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келе жатқан ұлағат иесі. оқырман назарына шалғайда жүр­ген түлекпен болған сұхбатты ұсынамыз.
– Сапура Бүркітбекқызы, өзіңіз туып-өскен жеріңіздің ыстық сә­лемін қабыл алыңыз. Алтын ұя мектебіңіз өзінің 100 жылдығын атап өтуде. Қандай естеліктер ай­тасыз?
– «Әркімнің туған жері – мысыр ша­һары» демекші, қайда жүрсем де туып-өскен жеріме деген сағынышым басыл­ған емес. Аяулы әкешім – Бүркітбек 2013 жылы бақилық болды. Анам Күлпаштың өнегелі тәрбиесі, бауырларымның ыс­тық ықыласы, білім алған қасиетті қа­ра­шаңырақ, ұстаздарымның тәлім-тәр­биесі, бәрі-бәрі есімде. Алғаш мек­теп та­бал­дырығын аттаған кездегі ұс­таз­дарым­ның, жаңа өмірге бағыт-бағ­дар бер­ген барша мұғалімнің, бірге оқы­ған құрбы-құрдастарымның орны бір төбе. Қазіргі кезде ұлағатты ұстаз ата­нуымның өзі менің өмірімде ерекше орын алған, өзінің сабақ беру әдісімен сүйсіндірген Сұлупан апай­дың арқасы десем артық айтқандық болмас. Сұлупан апайдың химия сабағын сыныптағы барлық оқушы жақсы көрді. Сабаққа қызықпайтын оқушы бол­май­тын. Бар­лығымызға әртүрлі тап­сырма беріп, 45 минуттің қалай өтіп кеткенін де білмей қалатын едік. Қазір мен өзімнің сабақ беру әдіс-тәсілімді де сол кездегі апайымның берген сабақтары секілді өткізуге тырысамын. Қанша жыл өтсе де әдістің ескіргенін байқамаппын. Қайта балалардың қызығушылығы, ын­талары арта түсетініне көзім жетіп келеді. Ал мектебімнің 100 жылдығы туралы хабардармын. Оны әлеуметтік желіден көрдім. Енді оған атсалысуға арақашықтық кедергісін келтірмесі анық. Барынша қолдап, қол созуға дайынмын.
– Мектепті бітіргеннен кейін қандай мамандық иесі атандыңыз, қазіргі қызметіңіз туралы айтсаңыз?
– Мектепті бітірген жылы бірден оқу­ға түсе алмадым. Екі жылдай балабақ­шада еңбек еттім. Сол жылдары өзім­нің мұға­лім болуға қабілетімнің, ике­мімнің бар екендігіне көзім жет­кен­дей бол­ды. 1993-1997 жылдары Қор­қыт ата атындағы гуманитарлық универси­тетте тарих мамандығы бойын­ша оқып, қызыл диплом алдым. Сонан соң әсем қала Алматыдағы Қыздар педаго­ги­калық университетінде 22 жыл бойы сабақ бердім. 2014 жылы Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетін мәдениеттану мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар ма­гистрі академиялық дәрежесін алдым. Қазіргі уақытта Алматы қаласында ха­лықаралық Қазақстан-Түркия лице­йін­де директордың оқу ісі жөніндегі орын­басарымын.
– Ұзақ уақыт бойы жоғарғы оқу орнында қызмет етіпсіз, ал қазір сіз еңбек етіп жүрген лицейдің басқа мектептерден қандай айыр­машылығы бар?
– Меніңше, көп айырмашылығы жоқ. Білім беру саласы жаңартылған бағдарламаға көшкенін білесіздер. Жалпы лицей өзінің бала санымен ерекшеленеді. Оқушы саны мұнда аз. Үш тілде дәріс беріледі. Қосымша сағат саны қарастырылған. Оқушылардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалған. Оларда бос уақыт бола бермейді. Барлық уақыт білім алуға жұмсалады. Сондықтан болар біз­дің лицейде жоғарғы оқу орындарына түсу көрсеткіші жоғары болады.
– Сіздің ойыңызша ауыл мектебі мен қала мектебінің арасында ал­шақтық бар ма?
– Қала мектептерінде мүмкіндік мол. Жа­ңа технологияның барлығы ал­ды­мен қала­ға келеді. Бірақ қазір жергі­лік­ті жердегі білім саласы да мол қара­жат­тың арқасында барлық жағдай­ға қол жеткізген. Сапалы білім беру ұстаз­дарға байланысты. Олардың шығармашы­лық­пен айналысуы, ізденім­паздығы, бі­лік­ті­ліктерінің жоғарылығы мықты шә­кірт тәрбиелеуге жол ашады. Қарап отырсаңыз, қазіргі министр де, әкім де барлығы ауыл мектебінен білім алған. Оларға сабақ берген де ауыл мұғалімде­рі. Сондықтан айтарлықтай алшақтық жоқ дер едім. Барлығы ұстаздардың еткен еңбегіне байланысты.
– Өткен жылдың соңында «Мұ­ғалім мәртебесі туралы» заң қа­былданды. Аталған заң мұғалім­дер­дің барлық құқығын қорғай ала ма?
– Қандай қызмет болмасын барлығы да заңға байланысты. Құжатпен бекітіл­ген заңның үстемдігі болады. Ал мұға­лімдерді құрметтеу үшін арнайы заң керек деп ойламаймын. Парасатты, көре­гендігі бар ел қашанда ұстазын заңсыз-ақ ұлықтайды. Қай кезде де ұстаздың алдын шәкірті кесіп өтпеген. Қанша жыл өтсе де әріп танытып, білім берген ұстазын алақандарына салып, құрмет тұтады емес пе?! Ал қадірін кетіретін ұстаз болса, ол өзінің кемшілігі. Жалпы заңның қабылдауына қуанғанымыз рас. Артық жүктемелерден арылып, енді мұғалімдердің алдында бір ғана мақсат болады, ол – оқушыларға сапалы білім беру.
– Тәжірибелі ұстаз ретінде бі­лім саласында қандай өзгерістер бол­ғанын қалар едіңіз?
– Қазір білім саласында жаңартылған бағдарлама іске асты. Бұл бағдарлама оқушыны айтпағанда, мұғалімдердің өзі­не қиыншылық тудыруда. Оқулық пен бағдарлама бір-біріне сәйкес әрі түсінікті болуы керек. Оқушыға жүктеме өте көп. Сондықтан әлде де бағдарламаны жетілдіретін тұстары бар, бұл пікірімен ұстаздар қауымы да келіседі деген ойдамын. Ал әрбір мектепте психолог мамандарының болу қажеттігі қоғамдағы күнделікті өзгерістердің өзі дәлелдеп отыр.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз?
– Жұбайым Арман Талдықорғанның Сары­өзек ауылынан. Бейбарыс, Бега­йым, Бекарыс есімді үш баламыз бар. Кішкентайым бес жаста. Балаларды ата-аналық мейірімге бөлеп, елінің азаматы болып өсулеріне жағдай жасап келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ

28 қаңтар 2020 ж. 1 231 0