Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен өмірге қанат қақты

Үлкен өмірге қанат қақты

Аудандағы барлық мектепте жас түлектерге аттестат тапсыру салтанаты өтті. Балғын шақта мектеп табалдырығын аттап, 11 жыл бойына білім алған мектеп бітіруші түлектер қолдарына құжаттарын алып, үлкен өмірге қанат қақты. Қасиетті Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепте өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, жас түлектердің қуанышына ортақтастық.

Аттестат тапсыру салтанатына аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, қоғам қайраткері, Жаңақорған, Шиелі, Сыр­да­рия аудандары мен Қызылорда қаласы­­ның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ибрагим Әбибуллаев, Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайроллаұлы, Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы Әбдіғап­пар Әмір­­­ғалиев, аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева, аудандық ауыл ша­руа­­шы­лығы және жер қатынастары бөлімі­­нің басшысы Нұрбол Жұмабеков және ата-ана­лар қатысты.

Биыл орта мектепті 33 оқушы бітіріп отыр. Оларды салтанатты түрде сынып же­­тек­шілері Ғазиз Қырданов пен Қаракөз Әбдіразақова бастап ортаға шықты. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған жас түлектердің жетістіктері туралы мектеп ди­ректоры Сламбек Қаюпов ақпарат берді.

– Биыл республика бойынша 172 000 оқушы мектепті бітіруде. Олардың ішінде 6800 жас түлек «Алтын белгіге» ұсы­нылған. Міне, осылардың қатарын №44 ор­та мектептен 5 «Алтын белгі» иегері то­лықтырып отыр. Оған қоса 6 «Үздік аттес­тат» иегеріміз бар. Бұл – біздің мектеп ұжымы үшін зор жетістік, үлкен мақтаныш. Сондай-ақ мектеп бітіруші жас түлегіміз Мерей Жалғас ҰБТ-ның бірінші кезеңінде 133 балл алып, жақсы нәтиже көрсетті. Осындай көрсеткіштермен мектебіміз облыста алдыңғы қатарлардан көрінді. Мұн­да өзгенің уақытын аялап, өз уақытын ая­маған қоғалыкөлдік ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі бар. Сондықтан ұстаздарға шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді мектеп директоры.

Мұнан соң осы мектептің түлегі, қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев сөз сөй­леп, жас түлектерді арнайы құттықтады. Құрметті азамат қазіргі білім саласына жа­­салып жатқан жағдайды бұрынғымен са­лыс­тыруға келмейтінін, бүгінде мол мүм­кіндік қарастырылғанын атап өтті.

– Кезінде ауыл мектебінде қазіргідей мүмкіндіктер болмады. Бір партада үш оқу­шы отырып оқығанбыз. Білімге талпынып, осы мектеп қабырғасынан түлеп ұш­тық. Одан соң жоғары оқу орнында бі­лім меңгеріп, елге қызмет қылдық. Осы өңірдегі 4 ауданда басшылық қызметте болып, елге пайдамызды тигіздік. Сол білімнің арқасында 30-дан аса мемлекетте қызметтік сапарларда болдық. Сол себепті де қай заманда да білімді адамға сұраныс көп болады. Қасиетті Қоғалыкөл табанынан шыққан М.Лапиннің өзі 13 баласын Ресейде оқытқан. Мұның өзі түсіне білгенге үлгі болмақ. Сон­дықтан жастар білім алып, елдің дамуына үлес қосуы тиіс. Үлкен өмірге сәттілік тілеймін, – деген қоғам қайраткері 5 «Алтын белгі» иегері Мерей Жалғас, Қарақат Демжанова, Жібек Қазынабекқызы, Ақбота Тоқтарбаева және Нұрсипат Мақашқа 100 мың теңгеден қаржылай сыйлықты табыс етті. Айта кету керек, бұл үрдіске айнала бастағандай. Өйткені, өткен жылы да 1 «Алтын белгі» иегеріне И.Әбибуллаев 100 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындаған.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орын­басары Т.Нұртазаев жас түлектерге құт­­тықтауын жеткізді.

– Бүгінде ауданның білім саласы биік белестерді бағындырып, жыл сайын жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Өткен оқу жылында мектеп бітірген түлектер 100 па­йыз жоғары және арнаулы оқу орындарына түсті. Биылғы оқу жылын аудан бойынша 476 түлек бітірсе, оның 396-сы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш білдірді. 29 түлек мектепті «Алтын белгіге», 52 түлегіміз «Үздік аттестатқа» бітірді. Оның ішінде осы №44 орта мектебін аяқтағалы отырған 33 түлектің 5-і «Алтын белгі», 6-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал білім ошағында 9 сыныпты 46 оқушы бітіреді, оның 3-і «Үздік аттестат» иегері. Бұл – мектеп пен ауылдың абыройын асқақтататын зор жетістік. Түлектердің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай табанды қызмет ат­қарып, сапалы білім берген ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді. Сон­дықтан өнегесі мол ұстаздар қауымына ерекше алғысымды білдіремін, – деді Талғат Мейрамханұлы.

Сөз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Д.Ибадуллаева, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бө­лімінің басшысы Н.Жұмабеков, Қоғалы­көлдегі жастар шаруашылығының өкілі Ержан Мұхиятдинов мектеп бітірушілерге жы­лы лебіздерін жеткізіп, сыйлықтар табыс етті. Ата-аналар да білім нәрімен сусын­датқан ұстаздар қауымына алғыстарын біл­дірді.

Салтанатты түрде қолдарына аттес­тат алған жас түлектер мектеппен қимай қош­тасып, ұстаздарға арнаған әндерді шыр­қады. Осылайша, 11 жыл білім алған мек­тептен түлеп ұшып, үлкен өмірге жолдама алды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
24 маусым 2023 ж. 234 0