Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Композитор

Композитор

Арайлы Ақтөбе – талай жақсы мен жайсаңға қоныс болған сұлу қала. Бұл келбетіне көз тоятын шаһар әдемілігімен, тазалығымен ерекшеленеді. Осы ару қалада өнердің өрісін кеңейтіп жүрген жерлесіміз тұрады. Ширек ғасырдан бері Ақтөбе қаласында тұратын композитор Мұрат Бекмағамбетовпен музыка, өнер жайында сұхбаттасқан едік.
– Мұрат Сейтенұлы, өнердің төресі музыкамен қай уақыттан бастап шұғылдандыңыз?
– Әуен әлеміне әуестігім мектеп қабырғасынан басталды. Ауданның білім ордаларының қарашаңырағы Тереңөзек кентіндегі өткен жылы құрылғанына ғасыр болған №35 орта мектепте он жыл білім алдым. Өзіңізде білесіз, аудан орталығындағы барлық мерекелік мәдени шаралар біздің мектептің оқушыларынсыз өтпейтін еді ғой. Музыкаға бала күнімнен жақын болғандықтан баян, гитара тартуды өз бетімше меңгердім. Өнерлі бала – мерекенің сәні. Жоғары сыныпта жүргенімде аудандық мәдениет үйі жанындағы «Айгөлек», «Искорка», «Жайдарман» ән-би ансамбльдерінің белсенді мүшесі болдым. Сол өнер ұжымдарының сапында талай рет облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты атандым. Бұл жетістіктерім болашақ мамандығымды таңдауыма да тікелей әсер етті.
– Сіз кәсіби музыкантсыз ғой?
– Иә, мектеп бітірген бойда Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетіне құжат тапсырдым. Бағым жанып, сол жылы студент атандым. Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенімде Сыр өнерінің майталманы, композитор Мүлкаман Қалауов құрған атақты «Сыр сұлуы» ансамбілі құрамында өнер көрсеттім.
– Жоғарғы оқу орын бітіргеннен кейінгі еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз?
– Қолыма диплом алып, туған жерге келдім. Өзім он жыл оқыған №35 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Кәсіпқой музыканттарға сұраныс болған соң аудандық әуез мектебі басшылығының шақыруымен сол ұжымда еңбек еттім. Мұнда 10 жыл жұмыс жасадым. Еңбегім бағаланып, аудандық білім бөлімі 1989 жылы Шіркейлі ауылдық музыка мектебіне директор етіп бекітті. Одан Ақжармада әуез мектебіне басшылық жасадым.
– Ең алғаш әніңіз қашан жазылды?
– Алғашқы шығармам аудандық әуез мектебінде жүргенімде жазылды. Бұл өмірде анадан ардақты жан бар ма?! Мен де қиялымда қалықтаған алғашқы әнімді анама арнадым. Осы әнді ұжымдастарыммен бөліскенімде жылы қабылдады.
Бұдан ширек ғасыр бұрын Ақтөбеге қоныс аудардыңыз. Жаңа ортада шығармашылық қалай өрістеп жатыр?
– Жаңа ғасырдың тоғысында әндерімнің басын құрап, «Шарықта, шырқа Жас ұлан» атты әндер жинағын шығардым. Кітаптың аталуының да ерекшелігі бар. Қырық жылдан астам уақыт балаларға сырлы әлем музыкадан дәріс беріп келемін. Әндерімнің көпшілігі балаларға арналған. Жинағымда жүзге тарта ән бар.
– Алпыс жасқа толғанда авторлық кешіңізді өткізіпсіз. Құтты болсын! Мұны ұйымдастыруға кімдер ұйытқы болды?
– Ауылдан шалғайда жүргеннен кейін туған жерді аңсап ән шығарасың. Сөйтіп сағынышыңды басасың. Авторлық кешімді ауылда жасаймын ба деп жүргенмін. Жұмысбастылық, екі араның қашықтығы оған мүмкіндік бермеді. Ақтөбеде туған күнге ерекше мән береді. 2017 жылы 60 жасқа толдым. Одан сәл бұрын өзім еңбек ететін №57 орыс орта мектеп директорынан сол кездегі қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразғалиева мен туралы сұрапты. Басшым менің ән шығаратынымды, жинағымның бар екенін айтқан. «Іздегенге сұраған» дегендей, сондай себеппен авторлық кешім өтті. Л.Оразғалиева бұрын қалалық білім бөлімін басқарса, қазір облыстық білім басқармасының басшысы, өнерге деген құрметі ерекше. Осындай демеу бар жерде өнердің де өрісі кеңейеді. «Сыр елі – жыр елі» дегендей, төл өнермен туған жерден қанаттандық. Сол бір қастерлі дүниені арайлы Ақтөбе жерінде дамытып жатқан жағдайымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
22 қаңтар 2020 ж. 546 0