Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлік даму: мемлекеттік қолдаудың маңызы

Өңірлік даму: мемлекеттік қолдаудың маңызы

Соңғы жылдары ауқымды саяси реформалар қабыл­данып, кешенді жоспарлар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан Тәуелсіз Қазақстанда өңірлік сая­саттың орнықты әрі тұрақ­ты жүргізілуінің алатын орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнайтын жыл сайынғы дәстүрлі Жолдау­ларында өңірлерді дамыту жөнінде міндетті түрде айтып келеді. Президент өңірлердің өркендеуі ел дамуының негізі екеніне әркез кеңінен тоқталып, ел Үкіметі мен жергілікті ат­қарушы органдарға нақ­ты міндеттер жүктеуде.

Өңірлерді дамыту туралы айтпас бұрын, Президенттің бұл тұрғыдағы ұстанымына тоқ­талған жөн. Өйткені, өңірлердің дамуы мемлекеттік қолдау шараларымен тікелей байланысты. Осы ретте, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жол­дауға назар салайықшы. Жолдаудың «Жаңа экономикалық саясат» деп аталатын бірінші бағдарында Президент «...Біз экономи­ка­мызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткілік­сіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның бар­лығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар» деп атап өтті. Біз бұдан төмендегідей ой түйіп, тұжырым жасасақ болады. Яғни, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету экономиканы әртараптандыру және цифрландыруға баса мән бергеніміз жөн. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтырудың да алатын ор­ны ерекше. Мұны саясаттанушылар мен сарапшылар да қуаттап, қолдауда. Енді бұл мақсатты жұмыстың өңірде нақты жүзеге асуының мән-мазмұнын баяндасақ.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – өңір әкімдерінің басты міндеті. Президент бұл талапты ел тізгінін ұстаған күні-ақ ашып айтып, нықтап тапсырған болатын. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлік да­мыса, өңірлердің салық базасы артып, жұмыссыздық көрсеткіші азаяды. Ал, қай аймақта жұмыссыздық көрсеткіші азайса, сол өңірде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты болады. Міне, біз бір ғана кәсіпкерлік саласына көңіл бөлу арқылы бірнеше өзекті мә­селенің шешімін табамыз. Өңірлерді дамыту, әрине мұнымен шектеліп қалмауы керек. Өйткені, кәсіпкерліктің, оның ішінде шағын және орта бизнестің дамуы жылдар өткен сайын құбылып тұратыны на­рықтың заңдылығы. Сол себепті бизнесті цифрландыруға мән берген жөн. Ал, цифр­ландыру – барлық игіліктің ең тиімді әрі табысты жолы.

Президент өз Жолдауынан бөлек «Ұлт­тық жобалар» қабылданарда да өңірлердің цифрлық әлеуетін арттыруға ерекше ба­сымдық беруде. Өйткені, бұл – жаһандану заманның басты талабы. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайту, яғни қаладағы қолайлы жағдайды ауылда да қа­лыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта біздің елімізде ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтижелер бар. Соның бірі – «Жайлы мектеп» жобасы.

Мәселен, бір ғана Сыр өңірінде қолға алынған жұмыстарға назар аударайықшы. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы үш жылда 15 100 орынға ар­налған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады. 2023 жылы 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл 2025 жылы өңір­дегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесінің толығымен шешім табуына, балалардың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.

Өңірдегі өзекті мәселені шешудің ұлттық жо­бада көрініс табуы және оның қала орта­лығында ғана емес аудандар мен шалғай ауылдарда жүзеге асырылуы халықтың мемлекетке деген сенімін де нығайтады. Сондықтан қайбір ұлттық жобаның да өңірлердің өркендеуі үшін алатын орны ерекше. Тек министрліктер мен жергілікті әкімдіктер жобаларды жүзеге асырарда өңірлердің климаттық жағдайын, орналасуын, халықтың әл-ауқатын ескеруі қажет.

Өңірлерді өркендетуді көздейтін тағы бір ұлттық жоба – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталады. Үкімет салалық минстр­ліктер және аймақтардағы атқарушы биліктерді жұмылдыра отырып, бұл маңызды жобада көрсетілген тапсырмаларды 2025 жылға дейін орындауға міндетті. Ерекше айтып өту керек, ұлттық жобаның әрбір тетігі – Президенттің тікелей бақылауында. Сондықтан өңір басшылары қажетті қаржыландыру көлемі жеті жарым триллион теңгені құрайтын жобадан өз үлестерін алып, өңірлердегі қарапайым халық­қа қажетті тұрғын үй, ауыз су мен жылу, көлік қаты­настары, оның ішінде сапалы жолмен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге айрықша ба­сымдық беруде. Осы орайда, жобаның Сыр өңі­рінде жүзеге асырылуын бағамдайтын бол­сақ, қолда бар мәліметтерден «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл қаржыландырудың барлық көз­дерінен 692,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пай­далануға беру жоспарланғанын аңғарамыз. Мау­сым айында облыс әкімінің төрағалығымен осы жобаны жүзеге асыруға арналған арнайы мәжіліс өткізілген болатын. Мәжілісте аймақ бас­шысы негізгі міндеттерді атап өтіп, қала және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аталған тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалса, яғни 692,3 мың шаршы метр тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға берілсе, өңірдегі баспанаға қажеттілік мәселесі де реттеледі деп сенеміз.

Ұлттық жобалардан бөлек мемлекеттік жә­­не нақты бір саланы дамытуды көздейтін са­ла­лық бағдарламалардың да орындалуы ай­мақтар үшін маңызды. Мәселен, биыл Қы­зыл­­орда облысы бойынша газдандыру дең­гейін 72 пайызға жеткізу жоспарлануда. Тиі­сінше, осы жылы 11 елді мекеннің газдандыру жобасы толық аяқталып, 40 мыңға жуық халық көгілдір отынның игілігін көреді. Ресми ақпа­раттарға сүйенсек, бұдан бөлек, өңірдегі жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 8 жоба қа­растырылып, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 10 әлеуметтік нысанның қазандықта­ры жөнделмекші. Нақтырақ айтқанда, биыл облыста 26 газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылады. Бұл қаржыға 2022 жылы басталған 6 жобаның жұмысы жалғасып, барлығы 20 жа­ңа жобаның құрылысы жүргізіледі. Оның ең маңыздысы – Қызылорда қаласынан құны 215 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 240 мегаватты жаңа жылу электр орталығы салынады. Қазіргі таңда жаңа нысан аумағында жерді тегістеу, инженерлік-геодезиялық жұмыстары аяқталып, нысан құрылысы басталған.

Сонымен қатар аймақты толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалалары орталықтандырылған таза ауыз суға толық қосылған. Ал, облыс аума­ғындағы 230 елді мекеннің 98,1 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Десе де қалған елді мекендерді таза ауыз сумен жабдықтау үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларымен 23 жоба қолға алынды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бас­талып, қарқынды түрде жүргізілуде. Міне, мем­лекеттік бағдарламалар арқылы да өңірді өркендетуді жетілдіру жұмыстары осылайша жүйелі ұйымдастырылуда.

Өңірлік даму туралы тағы бір маңызды мә­селе, ол – жергілікті атқарушы органдардың тұрғындар үшін ашықтығы мен қолжетімділігі. Барлық жұмыс ашық әрі жария түрде жүр­гізілсе, атқарылған жұмыстар мен алдағы жос­парлар жөнінде халыққа күнделікті ақпарат беріліп отырса, онда өңір дамуы ілгері басады. Өңірлік кешенді іс-шараларға жұртшылық өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етудің де маңыздылығы зор. Бұл билік пен халық арасын жақындастырып, халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады. Бұл қадамдағы нәтижеге атқарушы билік еркін форматтағы кездесулер өткізу, көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйым­дастыру арқылы қол жеткізсе болады. Өйт­кені, өңір дамуынан сол өңірдің тұрғындары тыс қалмауы керек. Бұл олардың патриоттық се­зімдерін оятып, бюджеттен тыс көздер ар­қылы өңірге инвестиция тартуға да басты негіз болуы мүмкін. Сондықтан өңірлік даму тұжы­рымдамаларын сол өңірдің белсенді халқының қатысуынсыз жоспарлау мүмкін емес. Бұл ретте өзге өңірлер үлгі аларлық тәжірибе Қызылорда облысында бар.

Дұрыс әрі ұтымды жүргізілген саяси шешім­дердің негізінде аймақта жанашыр кәсіпкер­лердің қолдауымен «Неке сара­йы», «Өнер ор­талығы», «Қан орталығы», «Аналар үйі» се­кілді қажетті үлкен нысандар салынуда. Сон­дықтан өңір­лік дамуды қалыптастыру үшін жер­гілікті ат­қарушы органның жүйелі жұмыс жүргізуі аса маңызды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
18 шілде 2023 ж. 202 0