Қазақстанның болашағын айқындайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы саяси реформалардың жаңа бағдарламасын, әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды, ішкі, сыртқы саясат, қауіпсіздік мәселелерін айқындап, 7 бағытты нақтылап берді.
Жетікөл ауылдық округінің тұрғындары да Президенттің Жолдауын тыңдап, онда айтылған әрбір бағыттың халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналғанын сезінді. Жолдауда Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге ел экономикасын серпінді дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеп, оң нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Ендігі кезекте жергілікті әкімдер Жолдауда айтылған барлық бағдар бойынша нақты іс-шаралар қабылдап, сапалы іске асыруға тиіс.
Ел Президенті Жолдаудың бірінші бағыты аясында жаңа экономикалық саясат, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландырудың тың тәсілдері қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Жолдауда «Жастарды жан-жақты қолдау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі» екендігін айтты.
Келер жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдауға жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие берудің тетігі іске қосылмақ. Бұл – ауыл жастары үшін кәсіппен айналысуға өте қолайлы мүмкіндік. Елдегі жұмыссыздықты жоюға, олардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына, өздерінің бизнестерін бастауға жасалған нақты қадам екені түсінікті.
Мемлекет басшысының ел алдына қойған жаңа мақсаттары замана көшінен тыс қалмай, әлемдік аренадағы айбынды дамуымызды әрі қарай жылдамдатуды көздейді. Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғаны айқын. Президент еліміздегі саяси жаңғыру үдерісі енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс екенін атап өтті.
Жолдауда Президент еліміздегі еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы екенін және ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Әсіресе, ауылдық жерде ең төменгі жалақы алатын азаматтарға қолдау әрі көмек болғаны сөзсіз.
Мемлекетіміздің болашағына қатысты ой-пікірін ортаға салған Президент барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізу керектігін атап көрсетті.
Жолдауда Мемлекет басшысы ұсынған биыл Президент сайлауын, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу негізгі саяси интитуттардың бәрін қайта жаңғыртуға, жаңаруға әкелетіні анық. Бұл – «Әділетті Қазақстанды» қалыптастырудың негізгі факторлары. «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін «Әділетті Қазақстанды» құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды» деді Қ.Тоқаев.
Сайып келгенде, осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуланың мазмұнын байыта түседі. Бұл бастамалар Қазақстанның болашағын айқындайды. Әділетті Қазақстанды құрудың жолы оңай емес. Дегенмен істің бастамасы ретіндегі жаңа реформалар елге қызмет ететін болады.
Өмірбек Тоқпамбетов,
Жетікөл ауылдық
округінің әкімі
Жетікөл ауылдық
округінің әкімі