Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәулен Әшімбаев: Дағдарыстан кейінгі даму бағытын айқындап берді

Мәулен Әшімбаев: Дағдарыстан кейінгі даму бағытын айқындап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдарын және оның негізгі басымдықтарын анықтап берді.

Жолдауда, ең алдымен, мемлекеттік басқару саласын реформалау мәселесі­не көңіл бөлінуі тегін емес. Себебі қолға алған жаңғыртуларды мемлекеттік аппараттағы өзгерістерсіз жүзеге асыру мүмкін емес екені белгілі. Бұл, әсіресе, пандемия кезеңінде анық бай­қалды. Мемлекеттік аппарат негізсіз мақ­сат­тарды көздемей, азаматтарды алаң­датқан нақты әрі өзекті мәселе­лер­ді шешуге жұмылу керек. Өз кезегін­де қазақстандықтар қабылданған шешім­дердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет. Қазіргі таңда қоғам түсінікті және тиімді мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды талап етуде. Сондық­тан ұтымды ұлттық жобалар форматына көшу дер кезінде қолға алынып отыр.

Президент Жолдауында жаңа жағдай­дағы экономикалық даму мәселесіне баса мән берілген. Бәсекелестіктің, шағын және орта бизнестің өркендеуі табиғи ресурс­тарға тәуелділікті төмендету арқылы экономиканы күшейту, азамат­тардың бастамаларын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау сияқты үш бірдей маңызды міндетті орындауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Парламент депутаттарының облыстарға сапары кезінде өзекті проблемаларды шешу жолдары пысықталып, аза­маттардың ұсыныстары тыңдалған бола­тын. Жолдаудағы өңірлерді дамы­туға арналған басымдықтарды іске асыру және оларды сапалы заңдармен қам­тамасыз ету біздің Палатамыздың жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі болып саналады. Себебі сенаторлар өңірлердің өкілі ретінде Заң шығару органында аймақтардың мүддесін қорғайды.

Құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформалар да одан әрі жалғасады. Президентіміздің жаңғыру бағдарында адам құқығы зор маңызға ие. Оны осы саладағы барлық олқылықтарды өзгер­туге және жоюға арналған тың бастамалардан анық байқаймыз.

Мемлекет басшысының әлеуметтік бағыт­тағы, оның ішінде білім беру және ден­саулық сақтау салаларын дамытуға ар­нал­ған баст­амаларын да заңнамалық тұр­ғы­дан қам­тамасыз ету керек. Өткен айларда бұл бағыттар бойынша жұмыс тәсілін қай­та жандандыру қажет екеніне кезекті рет көз жеткіздік. Бұл ретте кейбір мәселе­лерді білім мен медицинаның тиімді­лі­гін арттыратын ұтымды цифрлан­дыру және мемлекеттік қызмет түр­лерін алуды барынша жеңілдету арқылы шешуге болады. Сондай-ақ Жолдау­да соңғы кездері қоғамда қызу талқыла­нып жүрген экологиялық білім және жануарларды қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған.

Сонымен қатар Президентіміздің бір­қатар стратегиялық мәселелерді қоғам­ның талқылауына шығаруы өте маңыз­ды. Оның ішінде әкімдерді сайлау, петиция құру, жергілікті өзін-өзі бас­қаруды реформалау және шешім қабыл­дау үдерісіне азаматтардың көптеп қаты­суын қамтамасыз ету мәселелері бар. Мұ­ның бәрі «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымдамасының әрі қарай жүзеге асырыла беретінін білдіреді.

Осындай нақты бастамаларды еске­ріп, Президент Жолдауы жан-жақты пысық­талған, Қазақстанның дағдарыс­тан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген құжат деп айтуға толық негіз бар. Жолдауда экономиканы қалпына келтіруге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының барлық бастамасын іске асыру үшін тиісті заңдар қабылданады. Бұл жаңа сессияда депутаттар жұмысының негізгі басымдығы болып саналады.


 Egemen Qazaqstan


Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/author/1-egemen-qazaqstan
© egemen.kz

02 қыркүйек 2020 ж. 384 0